Тағы бір жыл желдей есіп өтті...Бүгін григоряндық күнтізбе бойынша 2024 жылдың соңғы күндеріндеміз. Өмірімізден тағы бір жыл өтіп кетті. Қабір өміріне тағы біраз жақындадық. Сүріп жатқан және сүретін үш түрлі өміріміз бар: дүние өмірі, қабір өмірі және ахирет өмірі. Осы үш өмірдің ең қысқасы қазір сүріп жатқан, тағы қанша сүретініміз белгісіз болған дүние өмірі. Ең құнды болғаны да осы өмір. Өйткені үш өмірімізді осы жерде жақсартуға мәжбүрміз. Сондықтан өткізген бір жылымыздың емес, әр сағатымыздың қадірін біліп, ең жақсы түрде өткізуіміз қажет. Бұл жаңа жылдың айырмашылығы тек қабырғада асулы күнтізбенің бетін ауыстыру ғана болмау керек. Өтіп кеткен және қайта келмейтін алтын құнындағы бір жылымыздың есебін жасауымыз керек. Өткізген жылымызда жақсы және пайдалы амал жасаған болсақ, осы жаңа жылда оларды арттыруымыз қажет. «Қалай жаңа жетістіктерге жете аламын, қалай көбірек жақсы амал жасай аламын?» деген ойымыз басым болу керек. Қателіктерімізді де анықтап, оларды мүлде істемеуге немесе азырақ істеуге шешім қабылдағанымыз жөн. Жаңа жылды осылай атап өту қажет. Болмаса ішкілік ішу, үйге шырша әкеліп оны безендіру ессіздіктен басқа ештеңе емес. Христиандардың бұл ұстанымына әлбетте қарсылық білдірмейміз. Әр қоғам өз діні мен әдет-ғұрпы бойынша өмір сүреді, сүргісі келеді. Сондықтан олардың өз күнтізбелері бойынша өздерінің киелі санаған күндерін өздері білгендей тойлауы қалыпты жағдай. Біздің қарсылық білдіретін мәселеміз басқа. Біз бір жақтан өзінің мұсылман екенін айтып, басқа жақтан христиандар секілді жаңа жылда рождествоны тойлайтын адамның бар екеніне таңқаламыз! Әр жылы желтоқсан айының соңғы аптасында есімдері біздікімен бірдей көптеген адамның бала-шағасын ертіп базарда шырша іздеп жүргенін, түрлі сыйлықтар алып, аяз атаның суреті бар пакетке салып жатқанын қынжыла көріп жүрміз. Әсіресе арақ-шараптың ішілуі... Өз сенімі, діні талап ететін міндеттерді тастап, өз әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін елемейтін қоғам өз-өзіне деген сенімін жоғалтады. Еліктеуге тырысқан адамдарын қадірлі деп қабылдайды. Бір кісі баласына: «Балам! Мына бала қалай киінсе, сен де дәл солай киін, қалай тамақтанса сен де дәл солай тамақтан, ол не істесе сен де дәл солай істеуге тырыс!» десе, мұны естіген бала: «Оларға ұқсамайтын болсақ, еш қадіріміз болмай қалады!» деп ойлайды. Ал енді шынын айтыңыз! Бұл балада өзіне деген сенімділік қала ма? Ол әрдайым өзін ешкім емес деп санайды, еліктегендерін үстем және қадірлі деп қабылдайды. Бұл ұлттың әдет-ғұрпы және салт-дәстүрімен бірге жойылуы деген сөз. Ұлтқа бұдан асатын зиян, бұдан үрейлі қауіп-қатер болуы мүмкін бе? Мақаламызды хадис шәрифпен аяқтағымыз келді: «Бір қауымға ұқсағысы келген адам солардан болады!». |