19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Аллаһу та’алаға шүкір ету

Аллаһу та’алаға шүкір ету

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Иман дегеніміз – нұр, мүминдерде бұл нұр жарқырайды. Біз бұл нұрды көрмесек те, періштелер көреді. Түнде аспанда жұлдыздар жеке-жеке немесе шоғырланып қалай жарқырайтын болса, міне осылай дүниеде де мүмин жалғыз болса өзі жарқыраған жұлдыз сияқты, басқа мұсылмандармен бірге жиналғанда да шоғырланып жарқыраған жұлдыздар секілді жарқ-жұрқ етіп жарқырайды. Иманы болғандарға сүйінші болсын. Сайид Абдулхаким Аруаси хазреттері: «Аллаһу та’ала бір құлына иман берген болса, не бермепті? Оған иман бермеген болса, басқа не беріпті?» деген. Яғни иманы болған адам барлық ниғметтерге қауышты деген сөз. Иманы жоқ болса, ниғмет деп санаған нәрселері қиял, бос нәрсе деген сөз. Оған бүкіл дүние берілсе, бұл нәрсе оны тозақтың ауыр азабынан құтқара ала ма?

Сүйікті пайғамбарымыз: «Сендерге жақсылық жасаған адамға рахмет айтпасаңдар, Аллаһу та’алаға шүкір еткен болмайсыңдар» деген. Демек, жақсылыққа рахмет айту керек. Кімнен жақсылық көрген болсақ та, алдымен әр жақсылықтың негізгі иесі болған Аллаһу та’алаға шүкіршілігімізді айтуымыз керек.

Жүз жыл бұрын ешбіріміз жоқ едік. Жүз жылдан кейін де жоқ боламыз. Бізді жоқтан бар қылған, өсірген, азықтандырған, бүкіл мүшелерімізді сау қылып берген, әр сәтте тірі қылатын, бізді және әлемді әр сәтте болмыста ұстап тұрған, ауаны, суды жаратқан – Аллаһу та’ала. Адам денесіндегі отыз триллионнан астам жасуша және осыншама жасушада құралған әр нәрсе аса реттелген күйде жұмыс істеуде. Бұларды жүзеге асыратын ұлы Аллаһу та’ала. Мұндай ұлы Аллаһқа шүкіршілік айтылмай ма?

Аллаһқа шүкіршілік айту тек «Шүкір еттім, Йа Раббым» деу арқылы болмайды. Оның талап еткеніндей шүкір ету керек. Біз өзімізше, өзіміз ұнатқан сөздермен шүкіршілік жасауға тырысатын болсақ, Аллаһ сақтасын, Оған тән болмаған қате сөздер айтамыз немесе жаман істер жасаймыз.

Хақ та’ала құлдарына Раббысын дұрыс тану және берген шексіз ниғметтеріне Оның талап еткеніндей шүкір айтуды үйрету үшін, әлемнің әр жеріне пайғамбарлар жіберген. Аллаһу та’ала үйретпегенде, пайғамбарлар да Оған қалай шүкір айту керектігін білмейтін еді. Осы себептен сүйікті пайғамбарымыз «Мені Раббым тәрбиеледі, барлық нәрсені Раббымнан үйрендім» деген. Ендеше пайғамбарымыз шүкір етуді қалай білдірген болса, солай шүкір етуіміз қажет. Исламның бес шартына мойынсұнған адам Раббымызға шүкір еткен болады.

Сүйікті пайғамбарымыз Аллаһу та’алаға шүкір (рахмет) айтудың Оған иман келтіру арқылы, яғни мұсылман болу арқылы жүзеге асатынын білдірген. Аллаһу та’ала Оған иман келтіріп, Исламның шарттарын орындаған адамдардан разы болады, олардың шүкіршіліктерін қабыл етеді. Исламның бес шартының бірі – намаз. Сондықтан намазын оқымайтын адам Аллаһу та’аланың ниғметтеріне шүкір етпеген болады. Оған шүкір етпейтін, намаздың маңызын білмейтін адамнан да намаз оқу ниғметі кетеді, ол адам намаз оқудан мақрұм қалады.

Намаздан мақрұм қалу дегеніміз не? Ойланып көрейік, намаздың ішінде «Әттахийату»-да бүкіл салих құлдарға сәлем береміз, дұға етеміз. «Салих құл» дегеніміз «Аллаһу та’аланы жақсы көретін құл» деген сөз. Асхаби кирамнан бастап, Әһли сүннет ғалымдары, әулиелер, бүкіл намаз оқитындар және періштелердің барлығы – салих құлдарға жатады. Себебі, олар Аллаһу та’алаға ғибадат етеді. Осы мүбәрәк болмыстардың барлығына сәлем береміз. Олардың да бұл сәлемге жауап беруі керек. Ендеше сәлем берілген кезде осы мүбәрәк салих құлдар да бізге сәлем беріп дұға етуде. Сәлем – дүние мен ахирет бақыты үшін ең жақсы дұға, саламатта болу деген сөз.

Намаз – сондай бір ғибадат, қай жерде болсақ та, әлемде қанша мұсылман намаз оқитын болса, намаз оқығанымыз үшін бізге дұға етеді. Біз бір сәлем береміз, орнына намаз оқитын мұсылмандардың бәрі бізге дұға етеді. Аллаһу та’ала бір адамды осындай бір ғибадаттан мақрұм қылса, бұдан асатын пәлекет болуы мүмкін бе?

Демек, намаз – мүминнің әрі дүниеде, әрі ахиретте рахатта болуын, құтылуын, көп сауап алуын, миллиондаған мұсылмандардың дұғасына қауышуын жүзеге асыратын бір жүйе және теңдесі жоқ бір ғибадат. Әлемнің қай жерінде болса да, қай нәсілден, қай ұлттан болса да, осыншама үлкен қауымның намаздан басқа тәсілдермен бірдей жүйенің ішінде болуы мүмкін емес. Ендеше намаз – бүкіл мұсылмандар арасындағы ортақ тіл, ортақ ғибадат, ортақ дұға, бірлік пен ынтымақтық. Міне үммет деген де осы. Яғни бір уақытта, бір пайғамбарға бірдей сену және оған мойынсұну деген сөз. Намаз – құтылу деген сөз. Күнде азан оқылып жатқанда және әр парыз намазда қамат айтылғанда «Қане, құтылуға келіңдер!» делінеді. Бұл мүбәрәк шақыруға бару керек.