2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   


Перзентті сүю

Сұрақ: Ата-ананың жасы үлкен болса да баласын, қызын және немересін сүюі жаиз ба?

Жауап: Үлкен-кіші бала-шағаларымызға сүйіспеншілік пен мейірім таныту, жақсы көріп сүю сүннет болып табылады. Сүйікті пайғамбарымыз үйіне келген кішкентай балаларға сүйсініп, бастарын сипайтын, үйдің ішінде ойнауына да рұқсат беретін еді. Әнас бин Малик хазреттері былай айтып берген:

Расулаллаһ балалардың алдында адамдардың ең мейірімдісі еді. Баласы Ибрахимның сүт анасы Мәдинаның шет жағында тұратын еді. Бұл әйелдің күйеуі темірші еді. Расулаллаһ екеуіміз бұл үйге жиі-жиі барып тұратын едік. Барған кезде теміршінің түтінге толған үйіне кіріп, баланы құшақтап, сүйіп, біраздан соң қайтатын еді. Бір немересі және өз ұлы Ибрахим қайтыс болғанда жылаған еді, «Жаным ашығандықтан жылап жатырмын, Аллаһу та’ала тек мейірімді болғандарға ғана рахмет етеді» деген еді.

Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Перзенттеріңді көп сүйіңдер, әр сүйгенде жәннаттағы дәрежелерің көтеріледі.» (Бұхари)

«Сәбидің иісі – жәннат иісі.» (Табарани)

«Нәресте – дүниеде нұр, ахиретте бақыт.» (Шира)

«Балаларды жақсы көріп, бастарын сипаңдар, олар көңілдің жемісі, көздің нұры.» (Әбу Яла)

«Перзенттеріміз – сүйіктілеріміз.» (Б.Арифин)

«Перзентті жақсы көру – тозақ отына қарсы перде болады. Балаларға жақсылық жасау – сырат көпірін өтуге себеп. Олармен бірге ішіп-жеу – тозақтан құтылу деген сөз.» (Шира)

«Жәннаттағы "Қуаныш сарайына" тек балаларды қуантқандар ғана кіреді.» (И.Адий)

«Перзенттеріңе сый-сияпат көрсетіңдер, ата-ананың сендерде ақылары бар болғанындай, перзенттеріңнің де сендерде ақылары бар.» (Табарани)

«Перзентіне жақсылық жасау үшін перзентіне жәрдемші болған әкеге Аллаһ рахмет етсін!» (И.Хиббан)

«Лә илаһә иллаллаһ деп айтқанға дейін баланы тәрбиелеген адам есепке тартылмайды.» (Табарани)

«Баласы жоқ үйдің берекесі болмайды.» (Әбушшәйһ)

Бір бәдәуи «Йа Расулаллаһ, сіз балаларды жақсы көріп, сүйіп жатырсыз. Біз мүлдем сүймейміз» деген кезде, оған «Рақымшылдық пен мейірім сезімі болмаған адамға не айтайын?» деп жауап берді. (Бұхари)

Ахнәф бин Қайс хазреттерінің бір әкеге айтқан насихаты мынадай:

«Балалар – көңіліміздің жемісі, сүйенер тірегіміз. Біз олардың аяқ астына жұмсақ жер, бастарының үстіне көлеңке болып, олар үшін бүкіл қиыншылықтарға төземіз. Не сұраса да беріп, ашуланса, ашуын басуға тырысамыз. Саған деген махабаттары сені қуантсын. Оларды қинама, сенен ұзақтамасын немесе сенен ығыр болып өліміңді қаламасын!»

Бір қызметке міндеттелген бір кісі хазреті Омардың баласын сүйіп жатқанын көрген кезде «Менің бірнеше балам бар, бірақ ешбірін сүймеймін» дейді. Бұған хазреті Омар: «Сенің кішкентайларға деген сүйіспеншілігің жоқ екен, үлкендерге қалай мейірімділік жасайсың? Саған берген міндетті кері алдым» дейді.

Әбу Сәләмәнің айтып бергені:

Бала кезімде дастархандағы тамақты бәрінен бұрын жеп қоюға тырысатын едім. Дәл осы нәрсені қайтадан істеп жатқанымда Расулуллаһ алейһиссалам сыпайы түрде Бисмиллаһ айтылу керектігін, оң қолмен және өз алдынан жеу керектігін айтқан еді.

 

Немерені жақсы көру

Немерені жақсы көру өз баласын жақсы көруден де алда тұрады. Сүйікті пайғамбарымыз намаз оқытып жатқан кезде немересі хазреті Хасан мүбәрәк иығына шығып отырды. Расулуллаһ осы себептен сәждені ұзатқан кезде, сахабалардан "Аллаһтың әмірі орындалып, қайтыс болды ма екен" деп ойлағандар да болды. Намаздан кейін сәждені неліктен ұзатқанын сұраған адамдарға:

«Сәждеде болғанымызда немерем иығыма шығып алды. Көңілі толғанға дейін отырсын деп түсірмегендіктен сәжде біраз ұзады.» (Нәсаи)

Сүйікті пайғамбарымыздың хазреті Хасанды сүйгенін көрген бір кісі: «Менің он ұлым бар, ешбірін сүймегенбін» деді. Расулуллаһ «Мейірім етпеген адам мейірімге қауыша алмайды» деп жауап берді. (Бұхари)

Сүйікті пайғамбарымыз хазреті Хасанды бір тізесіне, ал хазреті Хусейнді екінші тізесіне отырғызып бауырына басатын, содан кейін «Йа Раббым, бұларға рахметіңді (мейіріміңді) ихсан ет, мен бұларды жақсы көремін, бұларға өте мейірімдімін» дейтін еді. (Бұхари)

Сүйікті пайғамбарымыз хазреті Хасанды сүйгеннен кейін Асхаби кирамға былай деді:

«Бала ұялшақ болып келеді, жағдайы білінбейді, ренжулі болуы мүмкін.» (Б.Арифин)

Құран кәрімде мал-мүліктің, бала-шағаның фитна, яғни емтихан екені білдірілген. (Тәғабун 15) «Йа Раббым, дұшпандарыма көп мал-мүлік, көп бала-шаға бер» хадис шәрифі мал-мүлік пен бала-шағаның қайырлы болмаған жағдайда пәлекет болатындығы білдіруде. (Бәриқа)

Мал-мүлік, бала-шаға және әйел жиһад, намаз сияқты ғибадаттарға кедергі болуы мүмкін. Абай болу керек. Сүйікті пайғамбарымыз «Ақыр заманда сендердің ең жақсыларың – бала-шағасы болмағандар болады» деген. Ең жақсылардан болғандарға сүйіншілер болсын! Осы себептен бір Ислам ғалымы «Бұл дәуірде баласы болмаған адам шүкір сәждесін жасау керек» деген.