Намаздың уәжіптері, сүннеттері және мүстаһабтары
НАМАЗДЫҢ УӘЖІПТЕРІ: Ханафи мазһабында намаздың уәжіптері: Имамның артында «Субханака»-дан басқа ештеңе оқымау. Имамның және жалғыз оқыған адамның парыздардың екі рәкатында, ал басқа намаздардың барлық рәкаттарында бір реттен Фатиха сүресін оқуы. Төрт және үш рәкаттық парыздардың алғашқы екі рәкаттарында және басқа намаздардың барлық рәкаттарында зәм сүре оқу. Үш және төрт рәкаттық парыздарда Фатиханы алғашқы екі рәкатта оқу. Бір парыздан кідірмей екінші парызға өту. Фатиханы зәм сүреден бұрын оқу. Қадаи улада (алғашқы отырыста) отыру. Сәжделерді бірінен соң бірін жасау. Қадаи ахирада (соңғы отырыста) дұға (аттахийат) оқу. Сәлем беру сөзімен намаздан шығу. Уітір намазында Құныт дұғасын оқу. Айт намаздарын оқыған кезде намазға қосылған тәкбірлерді алу. Ихфамен (дауыс шығармай) оқылатын жерлерді ихфамен оқу. Жәһрмен (дауыс шығарып) оқылатын кезде жәһрмен оқу. Та’дил әрканмен оқу. Намазда оқыса немесе имамнан естісе, тиләует сәждесін жасау. Сәһу сәждесін жасау. Төрт рәкаттық парыздарда қадаи улада «әттахийат» оқығаннан кейін отырып қалмай, дереу тұру. Барлық жағдайда имамға бағыну. Үзір жоқ болса, бір қаулы бойынша парыздарды жамағатпен оқу. Құрбан айттың арапасының таң намазынан бастап төртінші күннің екінді намазына дейін, жиырма үш намаздың парызын бітіре салумен «Тәшриқ тәкбірлерін» айту. НАМАЗДЫҢ СҮННЕТТЕРІ: Ханафи мазһабында намаздың сүннеттері: Ифтитах тәкбірінде және уітірдің Құныт тәкбірінде еркектердің қолдарын құлақ жұмсағына дейін, ал әйелдердің иықтарына дейін көтеруі. Ифтитах және Құныт тәкбірлерінде алақанды құбылаға қарату. Қиямда оң қолдың бас бармағы мен шынашағын сол қолдың білегіне байлау. Әйелдердің оң қолын сол қолының үстіне қоюы. Еркектердің қолдарын кіндіктен төмен, ал әйелдердің көкірекке байлауы. Әр намаздың алғашқы рәкатында имам болса да, жамағат болса да, жалғыз оқыса да «Субханака» дұғасын оқу. Имамның және жалғыз оқыған адамның алғашқы рәкаттарында Субханакадан кейін Әузу мен Бисмиллаһ айтуы. Дәл осылай имамның және жалғыз оқитын адамның барлық рәкаттарда Фатихадан бұрын Бисмиллаһ айтуы. Имам «Уәләд-даллин» деген кезде имамның және жамағаттың, әрі жалғыз оқыған адамның Фатиханы бітіргеннен кейін ақырындап «әмин» деуі. Қиямнан рукуға барарда тәкбір алу. Рукуда қолдарды тізелердің үстіне қойып, саусақтардың арасын ашу. Рукуда үш рет «Субхана раббиәл азыйм» деу. Рукуда бел мен бастың бір деңгейде болуы. Имамның немесе жалғыз оқыған адамның рукудан көтерілгенде «Сами’аллаһу лимән хамидаһ» деуі. Жамағатпен және жалғыз оқыған адамның рукудан көтерілгеннен кейін «Раббана ләкәл хамд» деп айтуы. Қиямнан сәждеге барарда «Аллаһу әкбар» деу. Сәждеде үш рет «Субхана раббиәл ә’ла» деп айту. Бірінші сәждеден көтерілгенде «Аллаһу әкбар» деу. Иілерде де «Аллаһу әкбар» деу. Сәждеде қолдың саусақтарын біріктіру. Еркектердің сәждеде тізелерін жерге қойып, сандарын қарнынан ұзақ ұстауы және әйелдердің сандарын қарнына жабыстыруы. Екінші сәждеден тұрарда «Аллаһу әкбар» деу. Еркектердің оң аяғын тік ұстап, сол аяғының үстіне отыруы. Қадаи ахирда салауат дұғасын оқу. Оңға және солға сәлем бергенде басты бұру. Әттахийатта қолдарды тізелердің үстіне тізе ұшымен теңестіре қойып, саусақтарды өз еркіне жіберу (бос ұстау). Сәждеде қолдарды және аяқ саусақтарын құбылаға қарату. Сәждеге барғанда қолдарды құлақтың тұсында ұстау. Жеті мүшемен сәжде ету. Төрт рәкаттық парыздардың соңғы рәкаттарында тек Фатиханы ғана оқу. Сүннетке сай азан оқу. Жамағатпен оқылса да, жалғыз оқылса да, еркектердің парыздарда қамат айтуы. НАМАЗДЫҢ МҮСТАҺАБТАРЫ: Ханафи мазһабында намаздың мүстаһабтары: Муәззин қаматта «Хайя аләссалаһ» деген кезде, жамағаттың дереу тұруы. Ифтитах және уітірдің құныт тәкбірлерінде еркектердің бас бармағын құлақтың жұмсағына тигізуі. Қиямда қолдарды байлағанда білекті берік ұстау. Қиямда сәжде жасайтын жерге қарау. Руку мен сәждеде бес немесе жеті рет тәсбих айту. Рукуда аяқтардың үстіне қарап тұру. Рукуда аяқтардың тобықтарын бір-біріне тигізіп ұстау. Қиямға тұрарда сол аяқтың тобығын оң аяқтан тобығынан қайтадан ажырату. Маңдайдан бұрын мұрынды жерге қою. Сәждеде мұрынның екі жағына қарау. Сәлем бергенде иыққа назар аудару. Имамның сол жағында отырған адамның сәлем бергенде имамға, қорғаушы періштелеріне және жамағатқа сәлем беруге ниет етуі. Имамның оң жағында отырған адамның қорғаушы періштелеріне және жамағатқа сәлем беруге ниет етуі. Оң және сол жақта ешкім жоқ болса, тек қорғаушы періштелеріне ғана сәлем беруге ниет ету. Намаздың ішінде терді сүртпеу. Жөтелді тәрк ету. Есінеуді тәрк ету. Әттахийатта отырған кезде сандардың үстіне қарау. Имамның намаздан кейін жамағатқа бұрылуы. НАМАЗДЫҢ ӘДЕБІ: 1) Жалғыз оқыған немесе имаммен оқыған адамның сәлемнен кейін «Аллаһумма әнтәссәламу уә минкассәламу тәбәракта йа зәл жәлали уәл икрам» деп айтуы. Бұдан кейін үш рет «Астағфируллаһәл азыйм әлләзи лә илаһә иллә һу әлхаййәл қаййума уә әтубу иләйһ» деу. Бұған «Истиғфар дұғасы» делінеді. Дәретсіз оқу да жаиз болып табылады. 2) Бұдан кейін «Аятул курси» оқу. 3) Отыз үш рет «Субханаллаһ» деу. 4) Отыз үш рет «Әлхамдулиллаһ» деу. 5) Отыз үш рет «Аллаһу әкбар» деу. 6) Бір рет «Лә илаһә иллаллаһу уахдәһу лә шәрикә ләһ. Ләһул мүлку уә ләһул хамду уа һуә алә кулли шәй-ин қадир» депайту. 7) Қолдарды алға созып, алақандарды дұғаның құбыласы болған Аршқа қарай ашып, ықыласпен дұға ету. 8) Намаз жамағатпен оқылған болса, дұға ету үшін жамағатты күту. 9) Дұғаның соңында «Әмин» деу. 10) Дұғадан кейін алақандармен бетті сипау. 11) Содан соң, әрқайсысына Бисмиллаһ айтып он бір рет «Ихлас» сүресін оқуды әмір еткен хадис шәриф «Бәриқа» кітабының бірінші том, соңғы бетінде жазылған. Одан кейін бір реттен «Қул әузу» сүрелерін оқу және алпыс жеті рет «Әстағфируллаһ» деп айту арқылы жетпіс қылып толықтыру. Он рет «Субханаллаһи уә бихамдиһи субханаллаһил азыйм» деу. Кейін «Субхана раббика...» аятын оқу. Бұлар «Мәрақил-фәлах» кітабында жазылған. Хадис шәрифте: «Парыз болған бес уақыт намаздан кейін жасалған дұға қабыл болады» делінген. Алайда, дұға ояу жүрекпен және дауыссыз жасалу қажет. Дұғаны тек намаздардан кейін ғана немесе белгілі уақыттарда ғана жасау және белгілі дұғаларды жаттап алып, өлең айтқандай етіп дұға ету мәкрух болады. Дұға біткеннен кейін алақанмен бетті сипау сүннет болып табылады. Расулуллаһ “саллалаһу алейһи уәсәлләм” тауафта, тамақтанғаннан кейін және жатарда да дұға ететін еді. Бұл дұғаларында қолдарын жаймайтын және бет сипамайтын еді. Дұғаның және барлық зікірлердің дыбыссыз оқылғаны абзалырақ. Дұғалар мен истиғфарды дәретті болып оқу мүстаһаб болады. Тариқатшылардың жасап жүргеніндей билеу, айналу, қол шапалақтау, түрлі сазды аспаптар шалу сөз бірлігімен харам болып табылады. Көрініп тұрғанындай, жамағаттың имаммен бірге дауыссыз дұға етуі абзалырақ. Әркімнің бөлек-бөлек дұға жасауы немесе дұға етпей тұрып кетуі де жаиз. «Хиндийа» пәтуасында былай делінген: «Соңында сүннеті бар болған намаздарда сәлем бергеннен кейін имамның орнында отыра беруі мәкрух болады. Оңға, солға немесе сәл артқа шегініп дереу соңғы сүннетті оқуы керек. Немесе дереу кетіп үйінде оқиды. Жамағат және жалғыз оқыған адам отырған жерінде қалып, дұғаларын оқуына болады. Немесе отырған жерінде, оң жақта, сол жақта немесе кері шегініп, соңғы сүннетті оқуы да жаиз. Соңында сүннеті болмаған намаздарда, имамның отырған жерінде құбылаға қарап қалуы мәкрух болады, бидғат болады. Тұрып кетуі, жамағатқа қарап отыруы, оңға немесе солға бұрылып отыруы қажет.» |