Шайтан және оның зияндары
Сұрақ: Шайтанның түрлері бар ма, қандай зияндары бар? Жауап: Аллаһу та’аладан ұзақтататын нәрселерге шайтан делінеді. Шайтанның үш түрі бар: Ібіліс, нәпіс және жаман дос. 1) Ібіліс және жәрдемшілері: Бұл шайтандар жын тайпасынан және Ібілістің ұрпағынан. Ібіліс үлкен ғалым еді. Адам алейһиссаламға қарай сәжде етуі әмір етілгенде тәкәппарланып сәжде етпеді. Одан бұрын періштелердің ұстазы болғанымен, кейіннен мәңгілікке лағнеттелді және шайтандардың басшысы болды. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Ашу шайтаннан. Шайтан оттан жаратылды. От сумен сөнеді. Ашуланған адам дәрет алсын.» (Нәсаи) «Ашуланған адам отырсын, отырғанда ашуланған адам жатсын.» (Әбушшәйһ) «Түшкіру Рахманнан, есінеу шайтаннан.» (Тирмизи) «Қатты түшкіру де шайтаннан.» (Ибн Сүнни) «Намазда есінеу шайтаннан.» (Бұхари) «Асығу шайтаннан, баяулық (мұқияттылық) Рахманнан.» (Тирмизи) «Мына бес нәрседен басқа кезде асығу шайтаннан болады. Қызын үйлендіру, қарызды қайтару, жаназа істерін тез жасау, қонақты тойдыру, күнәға дереу тәубе ету.» (И.Ахлақы) «Айқайламай жылаңдар, себебі көз бен көңілден келген нәрселер Аллаһтан, ал қол мен тілден келетін нәрселер шайтаннан болады.» (Бұхари) «Жылау мейірімнен келеді. Ал айқайлап жылау шайтаннан.» (Ибн Саид) «Түнде есек ақырса және ит үрсе шайтаннан Аллаһқа сыйыныңдар, өйткені жануарлар сендердің көре алмайтын нәрселеріңді көреді.» (И.Сүнни) «Уәсуәса шайтаннан. Нәжісті тазалаған кезде уәсуәсадан сақтаныңдар!» (Тирмизи) «Намазда хайздың келуі және қалғу шайтаннан.» (И.Мажа) «Намазда есінеу, құсу және мұрынның қанауы шайтаннан.» (Тирмизи) (Осы және осыған ұқсағандардың басқа түрлері де бар. Мысалы Рамазан айында есінеу шайтаннан емес, жүйкеден болып табылады. Құсу, мұрынның қанауы, қалғу сияқтылардың шайтаннан болмағандары да бар.) «Жұмада қалғу шайтаннан. Қалғыған кезде орындарыңды ауыстырыңдар.» (И.Әби Шәйба) «Жақсы түс Аллаһтан, жаман түс шайтаннан. Жаман түс көрген адам мұны ешкімге айтпасын, сол жағына түкірсін (тфу, тфу деп түкіргендей болсын) және шайтаннан Аллаһу та’алаға сыйынсын. Осылай істеген адамға ол түсі зиян бермейді. Жақсы түс көрген адам да мұны сүйікті адамдарына айтып берсін.» (Бұхари) Имам Ғазали хазреттері былай деген: Кедейліктен қорқу, ырымдарға сену де шайтаннан. Бір аяти кариманың мағынасы: «Шайтан кедейлікпен қорқытып, сендерге сараңдықты әмір етеді.» (Бақара 268) Шайтан әуре болып, алдап, күнәға тартқан кезде дереу Аллаһты зікір ету керек, яғни кәлимаи тәуһид айтып, әстағфируллаһ деп Аллаһу та’аланы еске алу керек. Бір аяти кариманың мағынасы: «Рахман болған Аллаһты зікір етуден мақрұм болған адамға қасынан еш айрылмайтын бір шайтанды қосып қоямыз.» (Зухруф 36) Бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай: «Шайтан зікір етілген кезде қашады, зікір етілмесе, уәсуәса беруін жалғастырады.» (Әбу Яла) Жәлаләддин Суюти хазреттері былай деген: Шайтанның уәсуәсасынан және қиыншылықтардан құтылу үшін күнде мына дұғаны оқу керек: «Йа Аллаһ-ур-Рақиб-ул-Хафиз-ур-Рахим. Йа Аллаһ-ул-Хайй-ул-Халим-ул-Азыйм-ур-Рауф-ул-Кәрим. Йа Аллаһ-ул-Хайй-ул-Қаййум-ул-Қаиму алә кулли нәфсин бимә кәсәбәт, һул бәйни уә бәйнә адууи!» (Китаб-ур-рахмә фит-тибби уәл-хикмә)
2) Адамның нәпсі: Ішімізде болады, тек жамандықты қалайтын бір қуат. Бұл нәпіс шайтанға қарағанда зияндырақ, өйткені іште орналасқан. Іштегі жара сияқты мұның емделуі өте қиын. Шайтан бір мәселеде бір рет уәсуәса беріп кетеді. Ал нәпіс өте қырсық, алдамағанша қоймайды. Имам Раббани хазреттері былай деген: Шайтаннан келетін ауруларды аздаған дәрімен кетіруге болады. Нәпсіміз – әрдайым жанымызда болған жанның қас дұшпаны. Сырттағы дұшпанымыз осы ішкі дұшпанның жәрдемімен бізге шабуылдайды. Оның жәрдемімен бізді жаралайды. Нәпістің барлық қалаулары – Аллаһу та’аланың тыйым салған нәрселері. Әр ісі егесі және бүкіл жақсылықтардың иесі болған Аллаһу та’алаға қарсы келуде. Әрдайым өзінің қас дұшпаны болған шайтанға бағынады.
3) Жаман дос: Үш дұшпанның ең қауіптісі осы. Дүниеде опасыз қылады, ахиретте де тозаққа түсіреді. Кітап, газет, журнал, радио, теледидар, ғаламтордағы сайттар да бір-бір дос болып табылады. Бұлар жаман болса, адамға пәлекет болады. Бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай: «Адамның діні досының діні сияқты болады. Кіммен достық құрғаныңа мұқият бол.» (Хаким) |