19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сүннет - Бидғат / Кәпірлерге ұқсау

Кәпірлерге ұқсау

Сұрақ: Кәпірлерге ұқсағандардың кәпір болатындығы хадиспен бекітілген екен. Енді сақалсыз және сәлдесіз жүрсек кәпірге ұқсап қалған болмаймыз ба?

Жауап: "Ғибадаттарда кәпірлерге ұқсауға тыйым салынған. Мубах болған әдеттерде ұқсау күнә емес." (Хадиқа)

Бір хадис шәрифте «Үйлену сүннет, сүннетіме мойынсұнбаған адам менен емес» делінген. Алайда көптеген ғалымдар мен әулиелер үйленбеді. Бұл хадис шәриф «Үйленбеген адам (үйленуге қатысты) сүннетіме мойынсұнбаған болады» деген сөз. Үйленбеген адам күнә істеген болмайды. (Ихия)

Кәпір киімін кию жаиз. Расулуллаһ гректердің шапанын және поптардың аяқ киімін киген еді. (Мәуаһиб)

Хадис шәрифтерде былай делінген:

1) «Сәждеде көздерді жұму яһуди әдеті.» (Дәйләми)

2) «Шаштарыңды қынамен бояп, екіге бөліңдер және осылайша яһудилерден өзгешеленіңдер!» (Ибн Адий)

3) «Ашура күні ораза ұстаңдар! Яһудилерге ұқсамау үшін бір күн бұрын немесе бір күн кейін қосып та ұстаңдар!» (И.Ахмед)

4) «Мұрттарыңды қысқартып, сақалдарыңды өсіріңдер де, мүшриктерге ұқсамаңдар!» (Нәсаи)

5) «Шаштарыңды сары түске бояңдар да, әһли кітаптан өзгеше болыңдар.» (И.Ахмед)

6) «Айналаны тазалап жүріңдер, яһудилерге ұқсамаңдар!» (Мүслим)

7) «Намазды налынмен (аяқ киім түрі) оқыңдар, яһудилерге ұқсамаңдар!» (Хаким)

8) «Намазды изар және ридамен оқыңдар, яһудилерге ұқсамаңдар!» (Ибн Адий)

(Изар – белден төмен жақты жабатын, ал рида – белден жоғары жақты жабатын киім түрі. Ихрамның да төменгі бөлігіне изар, үстіңгі бөлігіне рида делінеді. Изар – етектің бір түрі, ал рида – көйлектің бір түрі.)

9) «Сәлде – мұсылмандар мен кәпірлерді ажырататын белгі.» (Табарани)

10) «Мәжусилерге (отқа табынушыларға) ұқсамау үшін ыдыстарды толтырыңдар!» (Бәйһақи)

 

Бұл хадис шәрифтердің түсініктемесін ретімен көріп шығайық:

1) Сәждеде көздерді жұму тәнзиһән мәкрух болып табылады. Яһуди әдеті екен деп харам болып саналмайды.

2) Шашты қынамен бояп, екіге бөлу – әдеттегі сүннет. Бұлай істемеген адам күнә істеген болмайды.

3) Ашура күнә ораза ұстаған яһудилер «Бүгін Аллаһ Исраил ұлдарын дұшпанынан құтқарған және Мұса бүгін ораза ұстаған» дегендерінде, сүйікті пайғамбарымыз «Мен хазреті Мұсаға сендерден де лайықтымын» деп, Ашура күні ораза ұстауды әмір етті. (Бұхари)

Яһудилерге ұқсамау үшін, тек Ашура күні ғана ораза ұстау мәкрух болады. Бір күн алдыңғы немесе бір күн кейінгі күнмен қосып ораза ұсталатын болса, ашура күні ораза ұстау мәкрух болмайды.

4) Сақал және мұрт – әдеттегі сүннет. Сақал өсірген адам попқа немесе Ленинге ұқсаған болмайды. Сақалсыз адам да Сталинге ұқсаған болып саналмайды. Яғни ұқсаса да харам болмайды.Өйткені шаш-сақал ғибадатқа жатпайды, әдетке қарай өзгеріп тұрады.

5) Шаш өсіру, қырқу және бояу – әдеттегі сүннет болғандықтан, шашын боямаған адам кітапты кәпірлерге ұқсап қалған болып саналмайды. Яғни ұқсаса да харам істеген болмайды.

6) Айналаны тазалау да әдеттегі сүннет. Айналасын тазаламаған адам харам істеген болмайды.

7) Жалаң аяқпен намаз оқу мәкрух болады. Шұлық киіп оқумен бұл сүннет орындалған болады.

8) Изар және рида – әдеттегі сүннет. Шалбармен, грек шапанымен намаз оқу мәкрух болмайды.

9) Сәлде – әдеттегі сүннет. Намазда қалпақ және осыған ұқсаған бас киім киілсе, сүннет орындалған болады.

10) Су, шай, сусындар стаканға, ыдысқа толтырып құю әдет, жарты қылып құю күнә болмайды.

 

Сұрақ: Пайғамбарымыздың алейһиссалам шашы, сақалы және мұрты қандай еді? Американдық стильде шаш қырқу, әйелге ұқсау үшін шаш өсіру, буддистке ұқсау үшін шашты толығымен қыру, Марксқа ұқсау үшін сақал өсіру харам ба?

Жауап: Сүйікті пайғамбарымыздың мүбәрәк шаштары ұзын еді. Кекіл қалдыратын еді, кейіннен екіге бөлетін болды. Мүбәрәк шаштарын кейде өсіретін, кейде қырқып, қысқа қылатын еді. Мүбәрәк мұртын қырқатын еді. Мұрттарының ұзындығы мен түрі мүбәрәк қастарындай еді.

Шашты ұзын қылып өсірудің немесе қырқудың ешқандай зияны жоқ. Себебі сүннетке қайшы емес. Бірақ әйелге ұқсау ниетімен шаш өсіру, буддистке ұқсау үшін шашты қырып тастау, Марксқа, Ленинге ұқсау мақсатымен сақал өсіру тахримән мәкрух болып табылады. Өйткені шашты өсіру немесе қысқарту сүннетке қайшы болмағандықтан, харам емес, мәкрух болады. Мұсылман болмағандарға ұқсау ниетімен, олар секілді шашты өзгеше қылып қыру да мәкрух болады. Егер ұқсау ниеті болмаса мәкрух болмайды.

Сақал қыру – отқа табынатындардың және Үнді яһудилерінің әдеті. Кәпірлерге ұқсау харам болып табылады. Хадис шәрифте «Мүшриктерге ұқсамауға тырысыңдар! Сақалдарыңды өсіріңдер, мұрттарыңды қысқартыңдар» делінген. Кәпірлерге немесе әйелдерге ұқсау үшін сақалды бір ұстамнан қысқа қылу немесе толығымен қырып тастау харам болып табылады. Ұқсау ниеті болмай, елдің әдетіне сай болу үшін болса, мәкрух болады.

Мұртты қыру – бидғат. Мұртты қастардың ұзындығындай етіп қысқарту – сүннет. Иманның шығуына себеп болған нәрселердің бірі де – мұртты сүннет мөлшерінен ұзын қылып өсіру. Соғыс кезінде мұртты ұзарту – мүстаһаб.

 

Жағасыз көйлек

Сұрақ: Жағасыз көйлек киген біреуден мұның себебін сұрадым. Еуропалық кәпірлерден келгендіктен жағалы көйлек кимейтіндігін, өйткені пайғамбарымыздың бір қауымға ұқсаған адамның солардан болатынын айтқаны бар деп жауап берді. Яғни кәпір болмау үшін жағалы көйлек кимейді екен. Сонда кәпірлерден келген бір нәрсені қолдану күпір болады ма?

Жауап: Жоқ. Дінімізде тек кәпірлердің ғибадат ретінде қолданатын крест тағу, зүннар - белге жіп байлау сияқты нәрселеріне ғана тыйым салынған. Мубах болған әдеттерге рұқсат берілген. Пайғамбарымыз “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” поптың аяқ киімін және христиандардың үст киімдерін киген еді. (Рәддул мухтар)

Көйлек кию – ғибадат емес, әдет. Бұл әдет христиандардан келген болса да, ғибадат болмағандықтан, мұны киюдің зияны жоқ. Күнә болмаған мұндай әдеттерге еліктеу жаиз болады.

Пайғамбарымыз алейһиссалам ұзын антари киген, шалбар кимеген. Шалбар кию – әдеттегі бидғат. Әдеттегі бидғат болған нәрсені істеу күнә емес. Ұшаққа міну де әдеттегі бидғат, күнә емес. Сондықтан әдет болған жерлерде кәпірлерден келген болса да, әйелдердің бастан-аяқ тұтас болған киім киюі және еркектердің шалбар киюлері күнә болмайды. «Әйелдердің қара түсті киім киюлері керек» деп айту да мүлдем дұрыс емес, қате. Назарды тартпайтын кезкелген түстегі киімді кию жаиз болып табылады.

Пайғамбарымыз кейде грек, кейде араб киімін киетін еді. Жеңдері тар болған грек шапаны кигендігі Тирмизидегі хадис шәриф арқылы білдірілген. «Мәуаһиби ләдунийа»-дағы «Бір қауымға ұқсаған адам солардан болады» хадис шәрифіндегі ұқсау – ғибадаттардағы ұқсау. Жүріс-тұрысқа, киінуге қатысты нәрселер әдет болады. Жаман болмаған әдеттерде кәпірлерге ұқсау күнә болмайды. Ғибадатта кәпірлерге ұқсау кей жерлерде мәкрух, кей жерлерде харам, кей жерлерде күпір болады. Мысалы, зүннар атты белбеу тағу, шоқыну, шляпа-кепка секілді яһуди және христиандардың ғибадатқа арналған киімдерін кию, Рождествоны тойлау күпір болады. Бірақ кәпір көйлегін кию, шаш өсіру, ұшаққа міну, үстел үстінде тамақ жеу, қасық, шаңышқы қолдану, тігін машинасы, компьютер, киім сияқты нәрселер болса әдет болады, күнә болмайды. Себебі, бұл жерде әдеттегі сүннеттерге мойынсұнылмаған болады. Имам Раббани хазреттері былай деген:

Пайғамбарымыздың әдет ретінде жасаған нәрселерін жасамау бидғат емес. Бұларды жасау немесе жасамау өлкелердің және адамдардың әдеттеріне байланысты болып, бұлар діни үкімдер емес. Әр мемлекеттің әдеті әртүрлі. Тіпті бір мемлекеттің әдеті уақыт өте өзгереді. Сонымен қатар, әдетке байланысты нәрселерде де Расулуллаһқа “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” мойынсұну дүние мен ахиретте адамды көп нәрсеге қауыштырады және түрлі бақыттарға жол ашады. (1/231)

Сондықтан, тақ санға мән беру, оңнан бастау секілді күнделікті істерде Расулуллаһқа бағынуға тырысу керек. Бірақ әдетте болған барлық нәрсеге бағынамын деп, шаңышқы, қасық қолданбау және басқа да мубах әдеттерді жасамау қажет емес.