Яһуди дінінің негіздері
Иман: Бір ғана Аллаһ бар. Ол өздігінен бар. Туылмаған, тумайды. Барлық нәрсені көреді және біледі. Кешіру немесе жазалау тек соның құдіретінде. Ахлақ: Негізі он қасиетті бұйрықтан (ауамири-и ашара) тұрады. Адам осы он бұйрыққа бағынуы керек. Адамның рухы мен тәні бөлек-бөлек, рух қияметке дейін өлмейді. Ақырет өміріне сенуге тиіс. Дін негіздері: Яһуди емес ұлттар пұтқа табынушылар деп саналады. Олардан мүмкіндігінше аулақ болу керек. Олармен байланысты үзу керек. Қанды немесе қансыз құрбан шалынуға тиіс. (Яһудилер барлық жануарды, тіпті көгершінді, көбінесе қой, ешкі, сиырды құрбандыққа шалатын. Кейіннен тұзсыз наннан жасалатын “қамырсыз” атты пиццалар құрбан орнына қолданылды. Оларды тарату қансыз құрбандық деп аталды). “Қанға - қан, жанға – жан” қағидасы қолданылады. Еркек балалар хахам (раввин) тарапынан сүннеттеледі, еті желінетін малдардың сойылуы тиіс. Басқаша өлтірілген мал еті желінбейді. (Қазіргі кезде Еуропа мен Америкада Яһуди қасапшыларының дүкендерінде “кашер” деп аталатын белгі қойылады. Оның мағынасы ол дүкенде сатылатын еттің хахамдардың көрсеткен әдісімен сойылған ет екендігін көрсетеді. Яһудилер тек осылай сойылған етті ғана жейді. Мұсылмандар да тек Аллаһу та’аланың есімімен сойылған малдың етін жейді. Доңыз етін мүлдем жемейді.) Яһуди әйелдері некесі қиылғаннан кейін басын жауып жүруге мәжбүр. Қазір яһуди әйелдері бұл істі Еуропада бастарына парик кию арқылы жүзеге асыруда. Доңыз етін жеу де яһудилер үшін харам нәрсе. Яһудилердің ғибадат әдістері бірнеше топқа бөлінеді. Сенбі - қасиетті күн, бұл күні олар жұмыс істемейді, от жақпайды. Яһудилер бұл күнді мереке етіп өткізеді. Оны “шабат” деп атайды. Яһудилердің тағы бірнеше мерекесі бар. Пасх - яһудилердің Мысыр құлдығынан құтылу мерекесі. Шаввот - гүл мерекесі, ол Тәурат пен он бұйрықтың берілу мерекесі. Кипур – ұлы ораза күні, яһудилердің тәубе етіп, кешірілуі мейрамы. Сухкот - қамыс мерекесі, ол шөлдегі өмірді еске түсіреді. Хахамдардың христиан пірәдарлары (поптары) сияқты күнә кешіру құқығы жоқ. Олар тек ғибадаттарды басқарады. Аллаһу та’аланың алдында барлық яһудилер тең, араларында ешқандай айырмашылық жоқ. Діни салтанаттар және хахамдардың ғибадаттарды басқару тәсілі Мұса алейһиссаламнан кейін келген пайғамбарлар тарапынан көбейтілген, яғни жаңа негіздер қосылған. Дәуіт алейһиссаламнан кейін оған жіберілген Зәбүрдің діни рәсімдерде оқылуы немесе аспапта ойналуы ғибадатқа енгізілген. Дәуіт пайғамбар шамамен б.д.д 1000 ж дүниеге келген (Еуропалық тарихшылар Дәуіт алейһиссаламның билік кезеңін б.д.д. 1015-975 жыл деп көрсетеді, бірақ бұл нақты емес). Бұрын шопан болған Дәуіттің дауысы әсем болғандықтан оны мемлекет басшысы Талут шақырып алып, оны музыкалық аспапта (рубаб) орындаушы етіп қояды. Бұрын араларында достық қатынас болғанмен Талут оны өзіне жолдас етіп алғаннан кейін Дәуіттің атағы күн сайын арта түсіп, отыз жасында бір соғыста алып Жалутты таспен ұрып өлтіруі, халықтың оған таң қалуы Талутты сескендіріп, Дәуітті өзінен алыстатады. Бірақ, Талут қайтыс болғаннан кейін Дәуіт алейһиссалам халықтың тілегімен оның орнын басып, алғаш рет Құдысты исраилдықтардың орталығы етеді. Дәуіт алейһиссалам 40 жыл билеушілік қызмет атқарады. Оған “Зәбүр” деген кітаптың берілгендігі туралы Құран Кәрімнің “Ниса” сүресінің 163-ятында және “Исра” сүресінің 55-аятында жазылған. Онда Дәуіттің Аллаһу та’алаға жалбарынуы, Одан кешірім сұрауы бар екендігінде күмән жоқ. Алайда қазіргі Қасиетті кітаптағы Зәбүрде бұлармен қоса басқа адамдар тарапынан қосылған бөлімдер де кездесетіндіктен, Аллаһу та’ала жіберген қалпынан толығымен өзгерген. Аллаһу та’ала Дәуіт алейһиссаламға көптеген жақсылықтар сыйлаған. Құран Кәрімде “Сәба” сүресінің 10-аятында: «Біз Дәуітке ізгілік (пайғамбарлық, кітап, сұлтандық, әсем дауыс, темірді қолымен қалаған күйге салу ұсталығы сияқты) артықшылықтар бердік. “Ей, таулар мен құстар, сендер де онымен бірге тәсбих етіңдер” дедік. Ол үшін темірді жұмсақ еттік» деп бұйырылған. “Сад” сүресінің 17-19- аяттарында: «Ей Мұхаммед! Кәпірлердің айтқан сөзіне сабыр ет. Құлымыз, күш иесі Дәуітті есіңе түсір! Ол әрдайым Аллаһқа тәубе ететін. Біз азаннан кешке дейін онымен бірге тәсбих ететін таулар мен құстарды оның билігіне берген едік» және “Сад” сүресінің 25-аятында: «Біздің қасымызда Оның жоғары орны және жарқын болашағы бар» деп бұйырылған. Қазіргі кездегі қолымыздағы Тәурат пен Інжілде Дәуіт алейһиссаламның қарамағындағы Урия деген әскердің Батшаба атты әйелмен болған оқиғасы ретінде “Екінші Самуилдің” 11-бабында жазылған ұятсыз хикая шындыққа жанаспайды. Бұл ұлы пайғамбарға жабылған жала болып табылады. Құран Кәрімде бұл туралы анық мәлімет кездеспейді. Керісінше, Дәуіт алейһиссаламның әрдайым Аллаһу та’аладан қатты қорқатындығы, оған білім және хақты бұрыстан айыратын күш берілгендігі туралы жазылған. “Сад” сүресінде (24-аят) бір қой мәселесінде әділетсіздік жасап қоюдан қорқып, сәжде еткені, Аллаһтан ғафу тілеп, көп дұға еткені жазылған. Бұл Урия аңызының Тәурат пен Інжілге кейіннен қосылғандығын Ислам ғалымдары бірауыздан қолдайды. “Исраилийат” деп аталатын мұндай ойдан шығарылған хикаяларды яһудилер сауаты жоқ мұсылмандар арасына да таратуды қалағанымен Ислам ғалымдары олардың жалған екендігін көрсеткен. Дәуіт алейһиссаламның баласы - Сүлеймен пайғамбар. Ол әкесінің орнына Исраил ұлдарына пайғамбар, әрі билеуші болды. Жын, жыртқыш аң және құстармен сөйлесетін. Сүлеймен алейһиссаламның дәуірі - исраилдықтардың ең жарқын кезеңі болды. Сүлеймен пайғамбар кезеңіне дейінгі Исраил билеушілері сарайдың не екенін білмейтін, жоғарыда аты аталған Талуттың үйі ең жаман шаруаның үйімен бірдей болатын. Сүлеймен алейһиссалам ең алдымен Құдыс қаласын және бір сарай салдырды. Бірнеше ғимарат, сарайлар, бау-бақша, құрбан шалатын орындар, ғибадат орындарын салдырды. Құдыста салдырған ең ірі ғибадатхана Масжиди Ақса – Бәйти Муқаддас (қасиетті үй) деп аталады. Финикиялық ұсталарға салдырған бұл ғимараттың құрылысында жындар да қызмет атқарады. Бұл мешіттің құрылысында өте бағалы заттар қолданылды. Оған ұзақтан қараған кезде алтындай жарқырап тұратын. Оның құрылысы жеті жылға созылды. Бұл мешіт ассирия билеушісі екінші Бухтуннасар (Навухадоносор) Құдысты басып алған кезде өртелді. Тәурат нұсқаларының барлығы жанып кетеді. Мешіт Ақсаны Кейхусрау жөндетеді, бірақ кейіннен оны римдіктер өртейді. Кейіннен Константинополь грек-византия императорлары мешіт Ақсаны жөндеп, Құдысты “Илия” деп атады. Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам Масжиди Ақсада намаз оқыған. Құдыс хижраның 16-жылы Омар “радиаллаһу анһ” дәуірінде мұсылмандар қолына өтті. Абдулмәлік (рахимаһуллаһ) дәуірінде қазіргі мешіт салынды. Жаңа құрылысқа енбей, сыртта қалып қойған бұрынғы қабырғаларды қазіргі кезде яһудилер “жылау қабырғасы” деп атап, осы жерде дұға оқиды. Сүлеймен алейһиссалам кезеңінде Құдыс әлемнің ең бай, ең әсем қаласы болған. Сүлеймен пайғамбар салдырған керемет сарайлар, ондағы құнды заттар туралы көптеген хикаялар бар. Әлемде ешқандай патша Сүлеймен алейһиссалам сияқты тамаша өмір сүрмеген деуге болады Сүлеймен пайғамбардың бірнеше әйелі мен күңдері болды. Сүлеймен алейһиссалам саудаға көп көңіл бөлгендіктен, байлығы күн сайын арта түсті. Ол сарайын жаңа, бағалы заттармен безендірді. Бірнеше қымбат бағалы жылқы, құстар және басқа да жануарлар асырады. Сарайда күніне 30 сиыр, 100 қой және киіктер сойылатын. Сүлеймен алейһиссалам әрдайым бейбітшілікті қалап, көршілерімен достық байланыс орнатты. Көршісі Мысыр перғауынының қызына үйленген. Сондай-ақ Саба ханшайымы Билқисті де хақ дінге шақырып, онымен достық қатынаста болған. Ислам тарихшыларының айтуынша оған да үйленген. Билқистің Сүлеймен алейһиссаламнан шақырту алғандығы Құран Кәрімнің “Нәмл” сүресінің 29-32- аяттарында айтылады. Сүлеймен алейһиссалам да барлық пайғамбарлар (алейһимуссалауату уәттәслимат) сияқты өте әділ билеуші болады. “Сүлейменнің әділдігі” Омардың (радиаллаһу анһ) әділдігі сияқты бүкіл әлемде әділеттіліктің үлгісі деп қабылданған. Ол әкесі Дәуіт пайғамбардың дінін жалғастырған. Сүлеймен пайғамбардың жағдайы туралы Құран Кәрімде “Сәба” сүресінің 12-аятында: «Сүлейменге күндіз ескенде бір айлық жолды алатын, кешке қайта ескенде бір айлық жол алатын желдерді бағындырдық. Ол үшін еріген мыстан бұлақ ағыздық. Раббының бұйрығымен оған жұмыс істейтін жындарды да бағындырдық. Олардан кім әмірімізден тайса, оған жалындаған азаптан таттырдық» делінген. Құран Кәрімнің “Сад” сүресі, 30-39- аяттарында: «Дәуітке Сүлейменді бердік. Ол не деген жақсы құл еді. Өйткені ол (зікір және тәубемен) Аллаһу та’алаға бағынатын, көп тәсбих айтатын. Оған бір кеште өте бағалы сәйгүлік жүйріктер келтірілді. Сүлеймен: “Мен бұл жақсы аттармен айналысып, Раббымның зікірінен мақрұм қалдым, кеш болды” деп қатты қайғырды. “Оны маған кері беріңдер!” деп аяқтарын, мойындарын кесті (етін кедейлерге таратты). Кейін бұрынғы халіне қайтты. “Раббым! Мені жарылқа! Маған менен кейін ешкімге нәсіп болмайтын патшалық бер. Әрине Сен өте жомартсың!” деді. Сол тілегі бойынша, Біз қалаған жерге жетуге оның бұйрығымен оңай жүретін желді, әр түрлі құрылыс жасайтын және теңізге сүңгігіш шайтандармен шынжырларға байланған басқаларды оған бағындырдық. “Біздің ихсанымыз (сыйлық) міне осы. Қаласаң оларды басқаларға да бер немесе бермей ұстап тұр, ерік өзіңде. Біздің сыйлықтарымыз шексіз, есепсіз” дедік. Шынында, дүниеде берген осы нығметтер сияқты ахыретте де биік мәртебелері мен көркем келешегі бар» делінген. Яһуди және христиан басылымдары қазір қолдарында бар қасиетті кітаптың, яғни “Тәурат” және “Інжіл” деп атаған кітаптарының үш бөлімінің Сүлеймен пайғамбардың кітабынан алынғанын айтады. Бұл бөлімдер “Ахди атик”тің құрамындағы “Сүлейменнің мәтелдері”, “Уағызшы” және “Өлеңдер өлеңі” атты кітаптары болып табылады. Тәуратта Сүлеймен алейһиссаламның желге, құстарға және басқа да аңдарға бұйрық беретіндігі, олардың тілін түсінетіндігі, құстармен аңдардың оның әмірлерін лезде орындайтыны, қол астындағы жындары арқылы салдырған барлық ғимараттарының тез салынып біткендігі туралы айтылады. Сүлеймен алейһиссалам қайтыс болғаннан кейін Исраил ұлдары он екі қауымға бөлінген. Бұл бөліну ісі Сүлеймен пайғамбар тірі кезде басталған, бірақ ол Аллаһу та’аланың көмегімен, жақсылығымен оларды біріктіріп ұстап тұрған еді. Сүлеймен пайғамбардың орнына ұлы Рехобоам отырды. Оған он екі қауымның екеуі ғана бағынды. Исраил мемлекеті екіге бөлінді. Бұл мемлекеттің бірі - “Исраил”, оған он қауым кірді. Қалған екі қауым “Яһуда” мемлекеті деп аталды. Олар Құдыста тұрды, азғындап Аллаһу та’аланың азабына ұшырады, біраз уақыт Ассирия мемлекетіне тәуелді болды. Ассирия билеушісі Бухтуннасар (Навухадоносор) б.д.д. 587- жылы Құдысты қиратты. Исраил ұлдарын Құдыстан күштеп шығарып, Вавилонға сүргінге айдады. Алайда, Иран патшасы Кейхусрау (Кир) ассириялықтарды жеңгеннен кейін яһудилердің қайтадан Құдысқа қайтуына рұқсат берді. Яһудилер Құдысқа оралып, өртенген қаланы біршама жөндеуден өткізді. Алғашқыда ирандықтардың, кейіннен македониялықтардың билігі астында өмір сүрді. Б.д.д. 64 жылы римдіктер Құдысқа кіреді. Қаланы қайтадан қиратады. Римдіктер екінші рет 70- жылы Құдысты талқандайды. Рим императоры Титус Құдысты толығымен жойды. Яһудилер римдіктердің қол астында болған кезде Иса алейһиссалам дүниеге келді. Әлгі апаттар, соғыстар кезеңінде ақиқат Тәурат нұсқалары жоқ етіледі. Кейін “Тәурат” деген атпен түрлі кітаптар жазылды. Оларға бөтен нәрселер араласқан, бұрыс сенімдер қосылған еді. Сондықтан Аллаһу та’ала яһудилер мен басқа да қауымдарға тура жолды көрсету үшін Исаны пайғамбар етіп жібереді. Яһудилер Исаны пайғамбар деп танығылары келмеді. Алайда, олар Тәуратта жазылғанындай бір пайғамбар келетінін білетін және оны күтетін. Бірақ, күткен пайғамбарларын күшті, батыр, ұстағанын қирататын алып тұлғалы, оларды римдіктердің билігінен құтқаратын адам болу керек деп ойлайтын. Мінезі өте жұмсақ болған Иса алейһиссаламды олар сондықтан ұнатпады. Оны “жалған пайғамбар” деп, анасы хазіреті Мәриямға жала жабады. Қазір әлемде 15 миллион шамасында яһуди бар. Олардың ешқайсысы ақиқат Тәуратқа бағынбайды. Онсыз да Тәураттың оригиналы жоқ. Халықаралық статистика болған “Britanica of the year” альманахында айтылуынша, “олардың ұстанған діндерінің ортақ бір дін екендігі де күмәнді” деп көрсетіледі. Өйткені, яһудилердің ішінде әр түрлі топтары (секталары) бар. АҚШ-тың Калифорния университетінің профессоры Еллиот Фредман авторлығында 1987 жылы жарияланған «Тәуратты кім жазды?» деген кітап яһуди және христиан әлемін дүр сілкіндірді. Ол Тәуратты құрайтын бес кітаптың басқа басқа бес дінтанушы тарапынан жазылғанын, Мұса алейһиссаламға түсірілген Тәурат кітабының түпнұсқасымен еш салыстыруға келмейтінін айтты. Христиандар сенетін “Китаби муқаддастың” (қасиетті кітаптың) “Жаңа өсиет” және “Ескі өсиет” бөлімдерінің бір-біріне қайшы екендігін көрсеткен профессор Фредман кітабында осыған қатысты мысалдар берген. Сондай-ақ Тәураттың ішіндегі кітаптардың да бір-бірімен, тіпті өз баптарымен қарама-қайшылықтарға толып жатқанына назар аударған профессор Фредман мұндай шығармаға “Аллаһтың кітабы” деген сипат беруге болмайтындығын айтқан. Тәуратты құрайтын бес кітаптағы түсіндіру стилі де бір-біріне ұқсамайды. Профессор Еллиот Фредманның пікірінше, қазіргі Тәурат Мұса алейһиссаламнан бірнеше ғасырдан кейін өмір сүрген бес хахам (раввин) тарапынан жазылған, кейіннен оларды Азра деген хахам біртіндеп жинап, “Ескі өсиеттің” түпнұсқасы деп көбейттірген. Профессор Фредман өзінің еңбегінде былай дейді: «Қазіргі кезде Тәураттың үш нұсқасы бар. 1. Яһудилер мен протестанттар қабылдайтын ибрани тіліндегі нұсқа. 2. Католиктер мен православтар қабылдаған грек тіліндегі нұсқа. 3. Самирилер тарапынан қабылданған самири тіліндегі нұсқа. Бұлар Тәураттың ең көне және сенімді нұсқалары деп қабылданғанымен бір нұсқаның ішінде және нұсқалардың арасында бірқатар қайшылықтар бар. Ешбір илаһи (Аллаһтан келген) дінде болмаған, адамдарға зұлымдық жасауды үгіттейтін мәтіндер, пайғамбарлардың кейбіреулеріне қарсы өте төмен және аттарына жараспайтын сипаттамалар бар. Ал хақ болған түпнұсқа Тәуратта қарама-қайшылықтардың, төмен сипаттамалардың болуы мүмкін емес. Ақиқат Тәуратта қайшылықтар болмайды.» Француз пірәдарларының (поп) бірі Ричард Симон “Historia Critique du Vieux Testament” кітабында Тәураттың Мұса алейһиссаламға уаһи етілген Тәурат емес екендігін, кейіннен әртүрлі кезеңдерде жазылып бір кітап ретінде жиналғанын айтады. Аталмыш поптың бұл кітабы жинап алынып, өзі ширкеуден қуылған. Ғылым докторы Джеан Аструк “Conjectures il parait que Mouse s’est Servi pour composer le livre dela Genese” атты еңбегінде Тәураттың бес бөлімінің әртүрлі жерлерден жиналған кітаптар екенін жазады. Джеан бір бөліміндегі есімдердің екі-үш жерде өзгертіліп, қайталанатындығына да назар аударған. “Тәкуиннің” бірінші бабының 11-аятында және жалғасында өсімдіктердің адамнан бұрын жаратылғандығы жазылған. Екінші бабының 5,6,7,8 және 9- аяттарында адамның жаратылғандығы және ол кезде жер бетінде ешқандай өсімдіктің болмағандығы жазылған. Осындай көптеген қайшылықтарға, үлкен қателіктерге назар аударған Джеан Аструк шіркеу тарапынан дінсіз деп жарияланған. Готфред Ейчхорн “Тәкуиннен” басқа кейіннен келген бес кітаптың да тарихы мен тілі тұрғысынан бір-бірінен ерекшелетіндігін 1775 жылы жарияланған кітабында жазған. Бірақ, оның өзі де, кітаптары да “дінсіздік” деп қараланған. Неміс ақыны және философы Херден (1744-1803) “Von Geiste den hebraischen Poesie” атты еңбегінде “Ескі Өсиеттің” “Мазмурлар” кітабы ішіндегі өлеңдердің бірқатары ибрани ақындарына тән екендігін, әртүрлі кезеңдерде жазылғанын және кейіннен бір кітапқа жинақталғанын жазады. Сондай-ақ, “Өлеңдер өлеңі” кітабының да дүниелік және әдептілікке қайшы бір махабатты жырлаған өлең екенін, бұл өлеңдерді Сүлеймен алейһиссалам сияқты бір пайғамбарды мадақтау үшін оқудың дұрыс еместігін айтады. Бұған бұл кітапты оқыған кез-келген адам көз жеткізе алады. ХІХ - ғасырда ибрани тіліне жасалған зерттеулер саны артқаннан кейін Тәураттағы бес кітаптың Мұса алейһиссаламға тән емес екендігі және “Ескі өсиеттегі” кітаптардың әртүрлі уақытта топтастырылғандығы дәлелденді. Осы тақырыпта еуропалық көптеген тарихшылар, пірәдарлар мен эпископтар шығармалар жариялаған. Муд Інжіл Институтынан доктор Грахам Скродж “Інжіл Құдайдың сөзі ме?” атты кітапта “Ескі өсиет” пен “Жаңа Өсиеттің” Құдайдың сөзі еместігін мойындайды. Ол «Тәкуин кітабы шежіреге толы. Кім кімнен туды? Қалай туылды? Осылар туралы сөз болады. Бұлардың маған не керегі бар. Бұлардың ғибадат және Аллаһу та’аланы сүюмен қандай қатысы бар? Қалай жақсы адам болуға болады? Қиямет күні деген не? Кімге қалай есеп береміз? Бұл мәселелер туралы өте аз жазылған. Көбінесе әртүрлі аңыздар берілген» дейді. Мұндай кітап қалайша Аллаһтың сөзі болады? Қазіргі кезде яһудилердің “Тора”, христиандардың “Ескі өсиет” деп атаған кітаптарын оқыған адам Аллаһу та’ала тарапынан түсірілген кітапты емес, адамгершілікке жат, ұятсыз нәрселерді үйрететін бір эротик кітап оқып жатқандай болады. Бұл кітаптардың Аллаһтың сөзі емес екенін түсінген бірқатар батыстық пірәдарлар мен ғалымдар көптеген кітаптар жазып, ақиқатты халыққа жеткізуге тырысуда. Яһудилердің Тәураттан кейінгі қасиетті кітаптары - “Ауызша бұйрықтар” деген кітап. Талмуд екі бөлімнен тұрады. Олар - Мишна және Гамара. Яһудилердің қолында ақиқат Тәурат жоқ, Тәурат нұсқалары толығымен өзгертілген. Құран Кәрім барлық кітаптардың үкімдерін жойды. Қазір бүкіл адамзат баласы мойынсұнатын кітап – еш өзгертілмеген Құран Кәрім. |