Сөз тыңдаған ұтады
Хазреті Азиз Махмуд Худайидің ұстазы хазреті Уфтада бір күні медреседе уағыз айтып отырып: «Жаңа піскен жүзім болса, соны жесек... Кім барып баудан жүзім жинап әкеледі?» дейді. Қыс мезгілі еді, сыртта қар тізеге дейін. Шәкірттері: «Мынадай қыстың ызғарында жүзім болмайды ғой... Ұстазымызға бір нәрсе болды-ау, Истиғрақ халі көрінген болса керек, не болса да біраздан кейін өтер.» деп ойлайды. (Истиғрақ – Аллаһ махаббатымен дүниені ұмытып өзінен кету деген сөз.) Осы кезде шәкірттерінің бірі Қазы Махмуд, «Мұның бір хикметі бар, біз үшін ұстазымыздың сөзі маңызды» деп ойлайды. Рұқсат сұрап, бауға кетеді. Бұтақтарының бірін сілкиді, қар төгілгеннен кейін бұтақтан шоқ шоқ жүзім көреді. «Бұл ұстазымның кереметі» деп, бір себет жүзім жинап медресеге қайтып бара жатқанында шұңқырға құлап түседі. Шұңқырда тамағына дейін суға батады. Айналада ешкім жоқ. Себет суланбасын деп жоғарыда ұстап, Аллаһу та'алаға жалбарынып жатқан кезде, шұңқырдың бас жағынан дауыс естіледі: «Ей Махмуд! Қолыңды әкел жоғары тартайын!» дейді. Басын көтергенінде бір адамның оған күлімдегенін көреді. Қолын созады. Жоғары шыққан сәтінде ол адамды көре алмай қалады. Қайтадан себетін иығына асынып, асыға медресеге келеді. Достары қызыға жүзімге қарап жатқан кезде, хазреті Уфтада: «Балаларым, білемін, бұл мезгілде жүзім болмайды. Мақсатым жүзім емес, менің сөзіме ме, әлде жүзімге ме мән беретіндіктеріңді түсіну еді. Жүзімді көздегендер жоғалтады, еш жерден жүзім таба алмайды. Сөзімізді «жарайды» деп құптағандар, тапса да ұтады, таппаса да ұтады. Осыны ұмытпаңдар, дінге қызмет етуде, ұстазына қызмет етуде көптеген қиындықтар болады. Достарыңның шұңқырға түсіп, оны Хызырдың (Қыдыр ата) құтқаруы сияқты... Қиыншылығы көп, бірақ сауабы да көп» деді. Осылайша Қазы Махмуд ұстазының сөзіне мән беріп Қазы Махмуд болып жүріп хазреті Азиз Махмуд Худайи болды. |