Дінімізде ниеттің маңызы
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: Аллаһ разылығы үшін істелінген амалдар ғибадат болады. Ғұламалар: «Аллаһ бәс, бақи һәуәс» деген. Яғни Аллаһ үшін жасалған амалдар қабыл болады, Аллаһ үшін болмағандар – һәуәс, яғни жаман қалаулар дегені. Жаман қалаулар жануарларда да болады, адамгершілікке тән емес. Ниет – бәрінен де маңызды. Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Барлық істің нәтижесі маңызды» және «Бүкіл амалдар ниетке байланысты болады» деген. Егер бір адамның ниеті, мақсаты Аллаһу та'аланың разылығына қол жеткізу және Оның құлдарына жақсылық жасау болса, істеген күнә болмаған амалдарының бәрі, мубах болса да, ғибадатқа айналады. Егер Аллаһу та'аланың разылығын алу ойында да болмаса, сексен жыл бойы қажылыққа барса да, жиһад етсе де еш пайдасы болмайды. Олай болса, ғибадат жасағанда да, дінімізге қызмет еткенде де ниетімізді түзетуіміз керек. Мақсатымыз тек Аллаһу та'аланың разылығына қол жеткізу болу керек. Абырой мен атақ-даңқ үшін жасалғандардың бәрі бос тірлік. Бір соғыс кезінде сахабалар қаһармандық танытып жүрген және алдынан шыққандардың бәрін палуанша құлатып жатқан біреуді көрсетіп: «Йа Расулаллаһ, қараңыз-шы мына адам қалай жиһад етіп жатыр, қандай қаһармандық көрсетіп жатыр. Қандай мүбәрәк адам!» дейді. Сонда сүйікті пайғамбарымыз: «Ол мұсылман емес, жиһад етіп жатқан да жоқ, оның мақсаты Аллаһу та'аланың разылығы емес» дейді. «Қалайша, Йа Расулаллаһ? Ол бізбен бірге мүшриктерге қарсы соғысып жатыр ғой» дегенде, «Барып, өздерің көріңдер!» деп жауап береді. Әлгі адам қылыштан соққы алып жерге құлайды. Қасына бір адам көмектесуге келіп «Қандай мүбәрәк адамсың, Аллаһ және Оның Расулы үшін қандай жиһад жасадың, қаншама мүшриктерді өлтірдің» дейді. Сонда ол: «Мен жиһад деген нәрсені білмеймін, мен Аллаһқа да, пайғамбарға да сенбеймін» деп жауап қайтарады. «Бірақ сен бізбен бірге мұнда дұшпандарымызға қарсы соғысып жатырсың ғой» деген сұраққа: «Мына меккеліктер Мәдинаны басып алса, менің құрма бақшаларымды тартып алады. Мен бұл соғысқа өзімнің құрма бақшаларымды қорғауға бола келдім» дейді. Расулуллаһ алейһиссаламды және сахабаларды көрген, олармен бірге соғысқан болса да, иман келтірмеген және ниеті тек бау-бақшасын қорғау ғана. Осы тұрғыдан әулие-ғұламалар әрдайым «Йа Раббым, ниетімізді дұрыста, амалдарымызды салих қыл!» деп дұға ететін еді. |