19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Күнәларды жасыру керек

Күнәларды жасыру керек

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Бұрыңғы үмбеттерде күнә істейтіндер аз еді, өйткені күнә істегендер құрып кететін еді. Пайғамбарымыздың (алейһиссалам) құрметіне бұл үмбет құрып кетпейді. Күнә істеген болса да, құрып кетпегенін байқаған мұсылмандар көбірек күнә істеуге тырысып жүр. Күнәлардан құтылу үшін бізге екі ниғмет берілді: біріншісі, калима-и тәуһид, екіншісі, сүйікті пайғамбарымыздың шапағаты.

Күнәні ашық түрде де, жасырын да істеу жаиз (рұқсат) емес. Бірақ нәпісіне, шайтанға еріп, күнә істеген адам «Бір күнәға түскен адам күнәсін жасырсын! Аллаһу та'аланың жамылғысын соның үстіне жапсын!» деген хадис шәрифке мойынсұнып, күнәларын жасыруы керек. Мұсылмандардың кемшіліктерін жасыру, жасырын күнәларын жарияламау және айыптарын кешіру үлкен сауап. Сүйікті пайғамбарымыз «Кімде-кім бір мұсылманның айыптарын жауып жасырса, Хақ та'ала да дүние мен ахиретте оның айыптары мен кемшіліктерін жасырады» деген.

Хазреті Омар заманында бір қыздың зина жасағаны жайында сыбыс шығады. Хазреті Омар қыздың күнәсі нақты мәлім болса, жазалануын қалайды. Қыздың әкесі, ағасы және көкесі қатты уайымдайды. Қызды алып, басқа жерге көшіп кетеді. Қыз ол жерде шынайы тәубеге келіп, өкініп, өзін толығымен ғибадатқа арнайды. Ол діндар болуымен Аллаһу та'ала оған асқан сұлулық береді. Осы себептен, құда түсіп келгендер де өте көп болады, бірақ әкесі жағдайды білгендіктен, ешкімге келісімін бермейді. «Қызымның күнәсін айтсам, құда түсіп келгендер онсыз да бас тартады, ал айтпасам күнә істеген боламын» деп ойлайды. Бір жолы «Бұлай жалғаса алмайды, Әмир-әл мумининге айтамын, бір шарасын табар» деп ойлайды. Сөйтіп хазреті Омарға келіп, «Йа Әмир-әл муминин, басыма түскен жағдайды білесің, бірақ одан кейін қызым тәубеге келіп өкінді, өзі дінге берілді, дінге берілуімен Аллаһу та'ала оған асқан сұлулық берді, сол себептен адамдар жан-жақтан құда түсіп келе бастады. Мен жағдайды айта алмаймын. Не істейін?» деп сұрайды. Хазреті Омар: «Расулуллаһ үлкен күнәларды әрдайым жасыратын еді, сен де ешкімге күнәсін айтпа!» деді.

Күнәларды жариялауға тыйым салынған болса да, кейбір адамдар дін бауырының үлкен күнәларын жасыру былай тұрсын, кіші күнәларын да әркімге айтып жүреді. Аллаһтан қорқу керек. Жасырын істеген күнәсін біреуге айту әрі ғайбат, әрі сөз тасу болады. Мұсылман мұсылманның артынан дұға етеді, ал күнәларын жасырады...