19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Ниғметтің қадірі айрылғанда білінеді

Ниғметтің қадірі айрылғанда білінеді

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Бір патша бір жолы теңіз саяхатына ең жақын құлын да алып, кемеге мінеді. Кемеге өмірінде бірінші рет мініп жатқан құлы «Мен теңізден қорқамын, мен кемеге мінбеймін, мені кері қайтарыңдар!» деп айқайлай бастайды. Кемедегілер «Қой, айқайлама, патшаның мазасын алма! Кемеге мінгеннен кім өліпті?!» деп қанша ескертсе де, құл тоқтамай айқайлай береді. Оның үнін өшіру еш мүмкін болмайды.

Кемедегі бір ақсақал патшаға хабар жіберіп, «Мен оның үнін қалай өшіруді білемін» дейді. Сөйтіп, ақсақал құлды қасына шақырып алып, «Кел, біраз әңгімелесейік» дейді. Құл болса: «Қайдағы әңгіме, мен өзі қорққаннан өлейіп деп жатырмын» деп жауап береді. Сонда ақсақал «Қорқпа, бір-бірімізге жақын жүрейік» дейді. Кеменің шетіне жақындаған кезде бірден құлды итеріп, теңізге құлатады. Суға түскен құлдың көздері шығып «Ойбай, өліп бара жатырмын! Батып барамын!» деп тоқтамай айқайлайды. «Ол неткеніңіз, өліп кетеді ғой!» деп шырылдаған адамдарға ақсақал: «Уайымдамаңдар, өлмейді. Біраз қиналсын» деп жауап береді. Біраз уақыттан соң құл шаршайды және айқайлауға шамасы қалмайды. Осы кезде ақсақал «Ал, енді шығарыңдар» дейді. Құлды кемеге көтеріп, киімдерін ауыстырады. Құл бір бұрышта үндемей отырады. Адамдар жанына барып: «Бағана қатты айқайлап жатқан едің ғой, қазір не болды саған?» деп сұрайды. Құл теңізді көрсетіп: «Айқайласам мені тағы ана жаққа лақтырады» деп жауап береді. Басында кемеде аманда болудың рахатын ұмытып айқайлап жатқан еді, енді сол ниғметтің қадірін түсінді. Сади Ширази хазреттері осы оқиғаны айтып бергеннен кейін: «Бетердің де бетері болады, қолдан кетпей тұрып қадірін білу керек» деген.

Сүйікті пайғамбарымыз да былай деген:

«Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсенің қадірін біліңдер:

1) Кәрілік келмей тұрып жастық шақтың,

2) Ауру келмей тұрып денсаулықтың,

3) Жұмысбастылық келмей тұрып бос уақыттың,

4) Кедейлік келмей тұрып байлықтың,

5) Өлім келмей тұрып өмірдің қадірін біліңдер!»

Сондықтан, одан да бетеріне душар болмай тұрып, осы жағдайымызға шүкір етейік. Ақылы болмаған, көзі көрмейтін, денесі сал болған немесе екі қолы сал болып, өз қажеттіліктерін өзі істей алмайтын адамдар бар. Олай болса, Аллаһу та'ала берген осыншама қуатпен Оған аздаған ғибадат, қызмет жасамау, жалбарынбау, оны құдай ретінде қабыл етпеу, ихсан еткен ниғметтеріне Оның ұлылығына лайықты түрде рахмет айтпау және дұға етпеу адамгершілікке жатады ма?