Дін – тағдырға сену және қанағат ету
Мұсылмандық – Аллаһу та’аланың тағдырына сену, разы болу және қанағат ету болып табылады. Бірақ, тағдыр – кейбіреулердің ойлағанындай еңбек етпеу, талаптанбау деген сөз емес. Тағдыр дегеніміз, адамдардың не істейтінін Аллаһу та’аланың әуелден, әзелден білуі. Аллаһу та’ала еңбек етуді әмір еткен және еңбектенгендерді мақтаған. Ниса сүресінің 94-ші аяти кәримасында: «Жиһад ететіндер, жұмыс істеп, бір кәсіппен айналысатындар, отырып, ғибадат етіп, жиһад етпейтіндерден үстем» - делінген. Сүйікті пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Еңбек етіп, табыс тапқандарды Аллаһу та’ала жақсы көреді» - деген. Әһли сүннет ғұламаларының кітаптары мұқият оқылып, тарихқа көз жүгіртілетін болса, ислам дінінің еңбек ету, ілгерілеу, озат болу діні екендігі жақсы аңғарылады. Пайғамбарымыз: «Екі күні бірдей болған адам зиянға ұшырайды»-деп, күн сайын ілгерілеуді, дамуды әмір етуде. Сондай-ақ: «Істеріңді ертеңге қалдырмаңдар, әйтпесе құрисыңдар!»- деп ескерткен. Кейбір адамдардың, «ахирет ниғметтерін ойлау, жұмыс істеуге кедергі болады», дейтін сөздері надандық және ынсапсыздық. Өйткені: «Еңбек етіп, табыс тапқан адамның жүзі, ахиретте айдың он төртінші түніндегідей жарқыраған, нұрлы болады», «Ғалымдардың ұйқысы ғибадат», «Ақшаны халалдан табыңдар және жақсы жерлерге жұмсаңдар», «Дін бауырына қарызға ақша берген адамның күнәлары кешіріледі» және «Әрбір нәрсенің жеткізетін жолы болғаны сияқты, жәннатқа қауыштыратын жол да - ілім» хадис шәрифтері еңбек етіп, табыс табу керектігін және дүниеде табысын халалдан тауып, жақсы жерлерге жұмсағандардың ахиретте жүздері жарқын болатынын хабар беруде. Мұсылмандардың құрған Әмәуи, Аббаси, Ғазнауи, Андалусия және Османлы мәдениеттері де еңбекқорлықтың, жоғары өркениеттің нышаны. Ислам дұшпандары тарапынан мазақ ету ниетімен айтылатын «Адал болсаң аш қаласың »- сөзі, Құран кәрімнің және хадис шәрифтердің бұйрықтарын өзгерте ала ма? Ахиретке сену, қиындық тартуға емес, жанұяның және қоғамның тәртіпті, жүйелі, тыныш өмір сүруіне себепкер. Мұның айқын дәлелін тарих беттерінен көруге болады. Ислам діні қиындық тартуды емес, материалдық және рухани қиындықтарды кетіруді, қайғы-қасіреттерге себеп болмауды әмір етуде. Қорыта айтқанда, мұсылмандық – Аллаһу та’аланың тағдырына разы болу және табысына қанағат ету. Қанағат - бір шапанға разы болып, жалқауланып отыру деген сөз емес. Қанағат дегеніміз - тапқан табысына разы болып, өзгелердің табысына көз тікпеу деген сөз. Европаға мәдениетті ислам діні алып келді. Өйткені ислам – дін және дүние бақытына жеткiзетiн ортақ жолдарды көрсетуде. Бұған қауышу үшін еңбек етуді талап етуде. «Адамдардың ең жақсысы – адамдарға пайдалы болғаны», хадис шәрифі еңбек етудің маңыздылығын көрсетуде. Сүйікті пайғамбарымыздың әмір еткеніндей: «Сендердің ең жақсыларың, басқалардан күтпей, еңбек етіп, табыс тапқандарың.» |