19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Қиындықта сабыр ету

Қиындықта сабыр ету

Cұрақ: Адамға неліктен қиыншылық келеді?

Жауап: Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Кімде мына үш нәрсе бар болса, дүние мен ахиреттің қайырына қауышты деген сөз: Тағдырға разылық, бәлеге сабыр, рахаттықта дұға.» (Дәйләми)

«Аллаһу та'ала сабыр еткен адамды жақсы көреді.» (Табарани)

Аллаһу та'аланың жіберген тағдырына, Аллаһу та’аладан келген барлық нәрсеге разы болу керек. Кез келген қиыншылықта, дерттерде сабыр ету керек. Сабыр ету - басқа түскен қиыншылықтарды, дерттерді әркімге айтып шағымданбау, жыланбау деген сөз. Бәле келгенде айқай-шу көтеру, (не жаздым деу), әркімге қиыншылығын айтып жылану арқылы Раббысынан шағымданған адам - ниғметтен махрұм қалады, азапқа лайық болады. Тартқан қиыншылықтарына сауап берілмейді. Бұл дерттердің Аллаһу та’алдан екендігін біліп, сабыр етіп Аллаһу та’алаға жалбарынғандарға сауап беріледі. Бәлеге сабыр - пайғамбарлардың қасиеті. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Аллаһтың жақсы көргендері бәлеге душар болады. Сабыр еткендері марапатқа, шағымданып, жыланғандар жазаға қауышады.» (И. Ахмед)

«Адамдарға дертін айтқан - сабыр еткен болмайды.» (И. Мауәрди)

«Басына келген бәлені жасырған адамның күнәсі кешіріледі.» (Табарани)

Шағымданбау ниетімен айту жаиз болса да жақсы емес. Қиыншылықты кетіре алатын адамға айту жаиз. Мысалы дәрігерге ауруын айту жаиз. Бірақ әркімге ауруын айтып жылана беру дұрыс емес.

Иман ниғметімен мәртебеленгендер дүниеде бірнеше күн дерт, бәле тартпағанда жаннат ләззаттарының қадірін түсіне алмас еді және мәңгілік ниғметтердің қадірін білмес еді. Аштық шекпеген адам тамақтың ләззатын түсіне алмайды. Қиналмаған адам да рахаттықтың қадірін біле алмайды.

Қиыншылық болмаса адамдар азғыра бастайды, құтыра бастайды. Қиыншылық келсе ең болмағанда «Йа Аллаһ құтқара гөр» деп дұға етіп, жалбарына бастайды. Хазреті Сәйфәддини Фаруқи: «Егер Аллаһу та’ала құлдарына ешқандай дерт, қиыншылық бермегенде немесе өте аз бергенде адамдар оған ғибадат етуден және Оны зікір етуден ғапыл болар еді... Жақсылап ойланылатын болса, дерт пен қиыншылықтар негізінде ниғмет екендігі, Аллаһу та’алаға жақындататын себеп екендіктері аңғарылады» деген.

Аллаһу та’ала мейірім еткен құлдарына дерт, қиыншылық жіберу арқылы ғафлеттен ояндырады. Өйткені адамның денсаулығы үнемі жақсы болуы Аллаһу та’аланы ұмытуға, Оған қарсы шығуға, харам істеуге себеп болуда. Сондықтан хадис шәрифте: «Мұсылмандарда мына үш нәрсенің бірі болады: Қиллет яғни кедейшілік, иллет яғни ауру, зиллет яғни абыройсыздық» деп білдірген.

Мұса алейһиссаламның заманында өмір сүрген Перғауын адамдардың өзіне табынуын қалауына 400 жыл өмір сүруі және осы мерзім ішінде бірде-бір рет басының ауырмауы, ыстығының (температурасы) көтерілмеуі себепші болған. Бір рет басы ауырғанда мұндай әдепсіздік ойына да келмес еді. Сондықтан дін ұлылары: «Мұсылманға қырық күн ішінде міндетті түрде бір реніш, ауру, қорқыныш немесе мал-мүлкіне зиян келеді.» деген.

Дерт, бәле, қиыншылықтар - күнәларға кәффарат болып табылады. Яғни күнәлардың кешіріміне себепші болады. Құран кәрімде былай делінген: «Сендерге келген әр бақытсыздық, өз қолдарыңмен істеп, тапқан күнәларыңның кесірінен. Солай бола тұра Аллаһ көпшілігін кешіреді, бақытсыздыққа ұшыратпайды.» (Шұра 30)

Демек, жасаған күнәларымыздың бір бөлігіне жаза ретінде келеңсіздік, бақытсыздық келеді. Осылайша, ақыретке қалдырмай, күнәміздің жазасын осы дүниеде тартамыз, ал бұл дүниедегі жаза ақыреттегіден жеңіл. Мұса алейһиссалам Тури Сина тауына бара жатқанында жолда алдынан үмметінен бір адам шығады. Үсті басы жара, өзі сырқатты халде еді. Әлгі адам Мұса алейһиссаламға: «Аллаһу та’алаға айтшы, маған мейірімімен мәміле етсін, халімді көріп тұрсың ғой» деп өтінеді. Оның аянышты жағдайынан қатты әсерленген Мұса алейһиссалам Тури Сина тауына келгенде «Йа Раббым, пәлен құлың, сенен мейіріміңді тілеуде» дейді. Аллаһу та’ала: «Ей Мұса, мен оған онсыз да мейірім етудемін, менің мейірімім оны осы халге келтірді» дейді. Мұны Ислам ғалымдары былай түсіндіреді: Аллаһу та’ала әзелде барлық амалдарыңның қайтарымын беремін деген. Ал бұл адамның күнәлары көп еді, дүниеде қиындық бермесе мұның қайтарымы ахиретке қалады. Ал ахиреттің азабы өте ауыр болады. Ол жақта өтеуі өте қиын болады. Алайда мейірім етілгендіктен күнәларының жазасы дүниеде осы ауруларымен жойылады. Сондай-ақ науқастанғандықтан ол құлы да тұрақты түрде «Аллаһ, Аллаһ» деп дұғасын тоқтатпайды. Осылайша мейірімге қауышты.