Сіз қайдан келдіңіз?
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: Хусейн бин Саид хазреттері жиі-жиі айтатын еді: 1) Өмір – қиял. 2) Дүние – өткінші. 3) Адам дегеніміз – әлсіз деген сөз. Мұсылмандарға қызмет ететіндерге есеп те жоқ, азап та жоқ. Убайдуллаһ Ахрар хазреттері былай деген: «Аллаһтың сүйіспеншілігіне, Аллаһу та'аланың разылығына қалай қауышуға болады? – деген сұрақтың жауабын 700 ғалым 700 түрлі айтқан. Ал мен былай жауап бердім және бұл жауап 700 ғалымның жауаптарының бәрін қамтыған жауап болды: Аллаһтың сүйіспеншілігіне, Аллаһу та'аланың разылығына қауышудың ең қысқа жолы – Оның құлдарына жақсылық жасау.» Рахман сүресінің 60-шы аятында «Жақсылықтың қайтарымы – тек қана жақсылық» делінген. Кімде-кім біреуге түйірдей жақсылық жасаса, қайтарымын міндетті түрде көреді. Кімде-кім біреуге жақсылық жасаса, Хақ та'ала жасалған жақсылық үшін қабірде бір періште жаратады, ол кісі қайтыс болғанға дейін қабірінде оған истиғфар етеді, қабірге келген кезде оны қарсы алып, «Сен мұсылман пендені қуантқаныңдай, мен де сені қуантамын» дейді. Дүниедегі өкіну – ниғмет, алайда өлгеннен кейінгі өкіну – пәлекет. Құран кәрімде білдірілгені бойынша, Аллаһқа иман келтірмегендер, пайғамбарымыздың айтқандарына сенбегендер, ұнатпағандар, Ислам дінін қабылдамағандар тозақта айқай салып жүреді. «Йа, Раббым, бізді қайтадан дүниеге жібер, мүлдем күнә істемей жүреміз, тек қана ғибадат жасаймыз» дейді. Оларға «Сендер онсыз да сол жақтан келмедіңдер ме?» деп жауап беріледі. Сүйікті пайғамбарымыз «Егер менен кейін пайғамбар келетін болғанда, Омар пайғамбар болар еді» деген. Хазреті Омар қолтаңба орнына жүзігін қолданатын еді, үстіне «Кәфа бил мәути уәизан йа Омар» деп жазған еді. «Ей, Омар, өлім ең жақсы уағыздаушы ретінде, насихат беруші ретінде саған жетпейді ме?» деген мағынаны береді. Ол үлкен дәрежесіне қарамастан, ақыға біреуді жалдады. «Мені қайда көрсең, келіп "Ей, Омар, бір күні өлесің!" деп айтып кет» деп міндеттеді. Міндетін ұзақ уақыт бойы атқарған осы қызметшіге бір күні «Бұдан былай міндетің бітті» деп айтты. Сонда қызметші үреймен «Мырзам, қателік істеп қойдым ба?» деп сұрады. Сонда хазреті Омар «Жоқ, міндетіңді өте тамаша атқардың. Бірақ саған қажеттілігім қалмады. Өйткені сақалым ағарды. Ағарған сақалымды көрген сайын өлім есіме түсетін болды» деп жауап берді. |