19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   


Салман Фариси

Салман Фариси хазреттері Асхаби кирамның ұлыларынан және әйгілілерінен. Әһли бәйттен саналған. Адамдарды Хаққа шақырған, дұрыс жолды көрсетіп, бақытқа қауыштырған және Силсилә-и алийа деп аталатын ұлы ғалым және әулиелердің екіншісі.

Хандек соғысынан бастап бүкіл соғыстарға қатысты. Бәдір және Ухуд соғысынан кейін Мәдинаға қарай үшінші рет шабуылдаған мүшриктерге қарсы қалай қорғану керектігі жайында ақылдасу шаралары жүргізіліп жатқан болатын. Бүкіл мүшриктер бірігіп шабуылдаған бұл соғыста Салман Фариси Расулуллаһқа арық қазу жолымен қорғаныс жасау әдісін айтқан еді. Оның осы ұсынысы қабылданып, арық қазылды. Осы себеппен бұл соғыс Хандек (арық) соғысы деп аталды. Салман Фариси хазреттері Амр бин Ауф, Хузәйфа бин Йәман, Нуман бин Мукаррин және ансарлардан алты кісіден құралған бір топпен бірге болған еді. Өзі өте күшті және қуатты адам еді. Арық қазу кезінде өте икемді, епті еді. Жалғыз өзі он адам қазатын жерді қазатын еді. Жәбир бин Абдуллаһ: «Салманның өзіне тапсырылған бес арштың ұзындығында, бес арштың тереңдігіндегі жерді уақытылы қазып бітіргенін көрдім» деді.

Хандек соғысындағы қайсарлығы мен қызметінің себебімен сүйікті пайғамбарымыз оған «Салман-ул Хайр», яғни «Қайырлы Салман» деген.

Асхаби кирам да оны қатты жақсы көріп, құрметтейтін еді. Салман Фариси хазреттері дүниелікке еш мән бермейтін еді. Өзіне келген барлық дүниелік мал-мүлікті Аллаһ разылығы үшін тарататын еді. Түрегеп тұра алмайтын жағдайға келгенге дейін намаз оқып, денесі шаршаған кезде отырып, тілімен зікір ететін еді. Тілі де шаршаған кезде Аллаһу та'ала жаратқан нәрселердің хикметтерін ойлайтын еді, бұл тәфәккуры пайғамбарымыздың «Бір сағат тәфәккур жасау мың жылдық ғибадаттан қайырлы» деп атаған тәфәккур еді. Біраз демалғаннан соң «Ей, нәпсім, сен жақсылап демалып алдың. Енді тұр, Аллаһу та'алаға ғибадат жаса», ал тіліне «Ей, тілім, сен де Аллаһу та'аланы зікір етуді баста» дейтін еді.

Салман Фариси хазреттері онсыз да Асхаби Суффа деп аталатын, пайғамбарымыз тікелей өзі ілім үйренуге міндеттеген, пайғамбарымыздан отанда және сапарда бір сәтке де ажырамаған адамдардан еді. Кейбір түндерде Расулуллаһтың алдында қалып, сағаттар бойы сұхбатында болатын еді.

Қолында мал-мүлік ұстамайтын еді. Кинда қауымынан бір ханымға үйленген еді. Үйленген әйелінің үйіне кірген кезде қабырғаларына әшекей бұйымдарының асылғанын көрді. Сәнді, әшекейлі жамылғылардың қасиетті Қағбаға жарасатынын айтып, үйге кірмей қойды. Есіктегі жамылғыдан басқа барлық жамылғылар алынып тасталды. Үйге кірген кезінде көп мал-мүлік көрді. «Бұлар кім үшін?» деп сұрады. Оған «Сенің және жұбайыңның мал-мүлкі» деп жауап қайтарды. Сонда ол: «Расулуллаһ маған мұндай кеңес бермеді. Маған бір жолаушының мүлкінен және қажеттіліктен артық ештеңеге иеленбеуіме кеңес берген» деді. Біраздан кейін бір қызметші көрді. «Бұл қызметші кімге?» деп сұрады. «Саған және жұбайыңа» деп жауап берді. Сонда: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) маған мұндайды кеңес бермеген, "Үйіңде некелескен әйеліңнен басқа ешкімді ұстама. Егер үйге кіргізер болсаң, олар өзара әйелдердің табиғатындағы қылықтарды (өтірік, өсек айту, сыйыспау) істейді" деген кеңесін берген» деп қызметші әйелді де босатты. Кейіннен әйелінің жанына келіп, одан «Сен менің бұйрықтарыма бағынасың ба?» деп сұрады.

Жұбайы «Сенің мәжілісіңе бағыну үшін отырдым», яғни «Саған бағыну үшін келдім, саған үйлендім» деді. Сонда «Пайғамбарымыз маған: "Сен жұбайыңмен Аллаһу та'аланың әмірлерін орындау үшін бірік" деп айтты» деді.

Бұдан кейін намазға тұрды және жұбайына да намаз оқуын бұйырды. Көп ғибадат жасап, көз жасын төкті және берекетті қылуына Аллаһу та'алаға дұға етті. Салман Фариси хазреттері жұбайымен бірге тақуалыққа сай өмір сүрді. Асхаби Суффа ішінде Расулуллаһтың алдында Ислам білімдерін үйренетін еді. Хазреті Салман (радиаллаһу анһ) жылдар бойы кедейлік пен құлдық ішінде көрген қиыншылықтарын уахи бұлағының мөлдір суынан қанып ішу арқылы басатын еді. Әһли Суффа арасынан Расулуллаһ алейһиссаламға ең жақын болған – Салман Фариси еді. Хазреті Айша анамыз былай деген: «Салман Фариси түндерде ұзақ уақыт бойы Расулуллаһпен бірге қалып, сұхбатына қатысатын еді. Қайда болса да, Расулуллаһтың жанында бізден көбірек болатын еді.» Сүйікті пайғамбарымыз «Аллаһу та'ала маған жақсы көретіндігін білдірген және менің де жақсы көру керектігімді әмір еткен төрт кісінің бірі – Салман» деген.

Хазреті Әбу Бәкір дәуірінде Мәдинадан және хазреті Әбу Бәкірдің сұхбатынан бір сәтке де ажырамаған хазреті Салман хазреті Омар заманында Иранның жаулап алынуына қатысқан еді, Ислам әскері үлкен жеңістерге жеткен осы жорықта өте маңызды қызметі тиген еді, Ирандықтар жайында көп мәлімет білетін еді. Өйткені өзі де Ирандық еді. Ирандықтарды өздерінің тілдерінде дінге шақырып, оларға Ислам діні жайында айтып беретін еді. Ирандықтар соғысқанда піл қолданатын еді. Мұсылмандар сол уақытқа дейін піл көрмегендіктен, қатты састы. Хазреті Салман пілдерге қарсы қалай соғысу керектігін және қалай өлтірілетінін Ислам әскеріне көрсетті. Иранның Мәдаин қаласы жаулап алынғанда хазреті Омар оны қаланың әкімі қылып тағайындады. Білімі, көрегендігі, міндетіндегі әділеті және биязылығы үшін Мәдаин халқы оны қатты жақсы көріп құрметтеді. Осылайша Ислам діні ол жерде өте жылдам тарады.

Салман Фариси хазреттері хазреті Омар заманында Мәдаин қаласының әкімі болған кезінде, отыз мың адамға хутба оқығанда үстінде екі бөліктен тұратын шапан бар еді. Шапанының бір бөлігін жерге төсеп, үстінде намаз оқитын, екінші бөлігін киетін еді. Одан басқа ешқандай киімі жоқ еді. Әкім болғаны үшін айлық берілді. Айлығын алған кезінде еш жаратпастан түгелдей кедейлерге тарататын еді. Өз еңбегімен күн көретін еді. Саздан ыдыс жасап, үш дирхамға сататын еді. Мұның бір дирхамына тағы табақтар жасауға қажет болатын заттар алатын, бір дирхамын садақаға беретін, қалған бір дирхамымен үйге қажет болған заттар алатын еді.

Мәдаинда әкім болғанында Шамнан бір адам келді. Бір қап інжірі бар еді. Салман Фариси хазреттерін тек бір шапанмен жүргенін көргенде оны жұмысшы деп санады. «Бері кел, мынаны тасы» деп шақырды. Ол қапты көтеріп, жүре бастады. Мұны көргендер әлгі адамға «Сен не істеп жатырсың, ол әкім ғой» деді. Сонда ол «Мені кешіріңізші, сізді танымай қалдым, қапты түсіріңіз» деді. Хазреті Салман «Жоқ, ниет етіп қойдым, баратын жеріңе дейін апарамын» деді де, адамның үйіне дейін апарды.

Өте қарапайым өмір сүрген Салман Фариси хазреттері хазреті Осман дәуірінде ауырып қалды. Осы кезде көңілін сұрап келген Сад бин Әби Уаққасқа «Бұл өмірден кетіп барамын, бүкіл мүлігім – бір табақ, бір леген, бір кілем және бір тоқыма» деп айтты. Көңілін сұрап келген сахабалар насихат сұрағанда оларға, ауырып жатса да, үздіксіз насихат айтып тұратын еді. Осы ауруының нәтижесінде Мәдаинда қайтыс болды.

Ілім үйретуді қатты жақсы көретін еді. Көп ғалым жетілдірді. Әбу Саид әл-Худри, ибн Аббас, Әус бин Малик – оның шәкірттері арасында еді. Табиинның ұлыларынан және сол замандағы Мәдинада Фукаха-и Сәб'а деп аталған жеті үлкен ғалымның бірі болған Қасым бин Мұхаммед те Салман Фарисидың шәкірті. Оның дәрістерінде және сұхбаттарында кәмілдікке жеткен.

Салман Фариси хазреттері Расулуллаһ мырзамыздың назарында және сұхбатында кәмілдікке жетті. Захир (сыртқы) және батин (ішкі) ілімдерінде өте үлкен дәрежелерге жетті. Асхаби кирамның бәрі де осындай болған еді. Бірақ Расулуллаһтан әркім өзінің қабілеті және мүмкіндігі шамасында фәйз алатын еді. Хазреті Әбу Бәкір қол жеткізген дәрежелерге ешбір сахаба қол жеткізе алмады. Салман Фариси хазреттері Расулуллаһтан кейін хазреті Әбу Бәкірдің сұхбатына қатысып, оған қызмет етіп, одан да фәйз алды.

 

Жұбайы айтып берген:

Қайтыс болуына жақын маған: «Үйде бірақ миск бар еді, соны суға сал да, бас жағыма сеп, адам және жын болмағандар (періштелер) жаныма келеді» деді. Айтқанындай істедім. Сыртқа шықтым. Бөлмеден «Әссәләму алейка, Ей, Аллаһтың уәлиі және Расулуллаһтың досы» деген бір дауыс естідім, ішке кіргенімде рухын тапсырып қойған екен. Төсегінде ұйықтап жатқандай жатыр еді.

 

Саид бин Мусәййәб Абдуллаһ бин Сәламнан жеткізіп айтып берген:

«Салман Фариси маған: "Ей, бауырым, екеумізден қайбіріміз бұрын қайтыс болсақ, қайтыс болған тірі болғанына өзін көрсетсін" деді. Мен "Бұл мүмкін бе?" деп сұрағанымда, "Иә, мүмкін, өйткені мүминнің рухы денеден айрылған кезде қалаған жеріне бара алады. Кәпірдің рухы Сижжинде қамалған" деп жауап берді. Салман қайтыс болды. Бір күні қайлулә жасағанымда (түсте ұйықтағанымда) Салманның келгенін көрдім. Сәлем берді. Сәлеміне жауап бердім. "Орныңды қалай таптың" деп сұрадым. "Жақсы. Тәуекел ет. Тәуекел – қандай жақсы нәрсе" деді және үш рет қайталады.»

Салман Фариси хазреттерінің білімі мен үстемдіктері көп еді. Әр ғылымда ғалым еді. Хазреті Әли «Салман Фариси бұрыңғылардың және кейінгілердің ілімін үйренген бітпес, таусылмас бір теңіз» деген. Расулаллаһқа деген шыншылдығы және сүйіспеншілігі себебімен Асхаби кирамның таңдалғандары арасына Расулуллаһ өзі қосқан еді. Мухажирлар мен Ансарлар арасында «Салман Фариси мухажир ма, әлде Ансар ма» деген мәселеде келіспеушілік шыққан кезде сүйікті пайғамбарымыз «Салман бізден, ол әһли бәйттен» деді.

Салман Фариси хазреттерінің құнды насихаттарынан кейбірлері:

«Мүмин, дәрігері жанында болған науқасқа ұқсайды. Дәрігері оған не жеуге болатынын, не жеуге болмайтынын біледі. Науқас өзіне зиянды болған бір нәрсені сұраса, дәрігер тосқауыл болып, жесең өлесің деп ескертеді. Мүминнің жағдайы осындай. Ол көптеген нәрселерді қалайды, бірақ Аллаһу та'ала тосқауыл болады, өлетін күніне дейін. Кейін жәннатқа кіреді.»

«Дүниеге ашкөзділікпен жабысқан, бірақ өлім оны іздеп жүрген адамға қалай таң қалмайсың? Ол ұмытты, бірақ ұмытылмады. Күледі, бірақ білмейді ғой, Раббы одан разы ма, әлде разы емес пе?»

«Үш нәрсе мені таң қалдырды. Ол үш нәрсе: Өлім оны қуып жатқан болса да, дүниеліктің соңынан жүгіріп жүрген адамдардың жағдайы. Өзі ғапілдікке түсіп, өзі ұмытқан болса да, ұмытылмаған болып, есепке тартылатын адамдар және Раббының өзінен разы ма, разы емес пе екенін білмесе де, аузын толтырып күлетін адамдардың жағдайы.»

«Ілім көп, бірақ өмір қысқа. Олай болса, алдымен дінде зәру қажет болған ілімдерді үйрен!»

«Жүрек пен дененің жағдайы соқыр мен аяқсыз мүгедектің жағдайына ұқсайды. Соқыр бір ағаштың түбіне барады, бірақ онда жемістің бар екенін көре алмайды. Аяқсыз мүгедек ағаштағы жемісті көреді, бірақ ала алмайды, Аллаһтан келген ниғметтерді жүрек деп білу керек, сену керек, дене де онымен амал етуі керек, осылайша ахиреттегі шексіз ниғметтерге қауышу нәсіп болсын.»

«Сендер мүмкін болғанша таңертең базарға алғашқы барған және кешке ең соңғы қайтқан болмаңдар. Өйткені бұл екі уақыт – шайтандардың соғыс ететін уақыты.»

«Бір адам Аллаһу та'алаға ашық күнә істесе, тәубесі ашық, жасырын күнә істесе, тәубесі жасырын болады. тәубе еткеннен кейін: "Йа, Раббым, осы тәубемен күнәларымды кешір" деп дұға етсін.»

«Бір баймен дос болған кезіңде оның алдында дәрежеңді түсіргің келмесе, одан ештеңе сұрама. Өйткені сұрау адам баласының бетіндегі қара дақ. Берілгенде кері қайтарған адам болса, берген адамның көзінде үлкен және оның алдында деңгейін қорғаған болады.»

«Парыздарын толық орындамаған болса да нәпілдер арқылы дәрежесін көтеруге тырысатын адамың жағдайы капиталы біткен (банкрот болған) болса да, табыстың артынан жүгіріп жүрген саудагердің жағдайына ұқсайды.»

«Мүминнің өлім сәтінде маңдайының терлеуі, көздері жасаурап, мұрын тесіктерінің ісінуі Аллаһу та'аланың мейіріміне қауышқанының белгісі.»

«Намаз – өлшеу құралы. Кімде-кім толығымен өлшеп, оны ақысын беріп оқыса, үлкен сауап пен қайтарымын алады. Кімде-кім кем өлшесе (әдебіне сай оқымаса) Аллаһу та'ала айтқан Уәйлді (тозақты) есіне түсірсін.»

 

Әбу Уәйл былай деген:

Бір досыммен Салманды зиярат етуге бардым. Бізге біраз арпа наны мен тұз алып келді. Досым «Мына тұздың жанында біраз жебіршөп болғанда ғой» деді. Осыған орай Салман су дүңгірін (фляжка) кепіл ретінде беріп әлгі шөпті алып келді. Тамақтанып болғаннан соң досым «Бізге берген ниғметке қанағат етіп, Аллаһу та'алаға шүкір етеміз» деді. Салман: «Егер қанағат етсең, дүңгір кепілдікке кетпес еді» деді.

Өте аз жейтін еді. Бір күні бір дастархан басында көбірек жеуін табандылықпен сұрағанда, сүйікті пайғамбарымыздың оған: «Адамдардың ахиретте қатты аштық сезетіндер – дүниеде тойғанға дейін жейтіндер» деп айтқанын хабар берді. Өте жомарт болған Салман хазреттері күндік табысының көбін тарататын еді және өз еңбегімен күн көретін еді. Кедейлерді әрдайым тойдыратын, тамақты олармен бірге жейтін еді. Өзі өте кәрі болса да, өз тірліктерін өзі істейтін еді. Бір затты тасығанда қолдары дірілдеді. Халық айналасына жиналып, «Заттарыңызды біз тасып берейік» дейді. Сонда оларға «Жоқ, орнына дейін өзім апарамын» деп жауап беретін еді. Алайда қол астында мыңдаған адам бар еді.

 

Былай айтатын еді:

«Дүниеде Аллаһ үшін қарапайым болыңдар. Дүниеде қарапайым болғандарды Аллаһу та'ала қиямет күні көтереді.»

«Алмаған болса да, ниғметтерге алғандай шүкір етіп разы болған адам сол ниғметті алған үкімінде.»

«Тозақтың ауыртпалығы мен азабы – дүниеде адамдардың өздеріне және басқаларға жасаған зұлымдықтары.»

«Аллаһу та'ала мүминнің ауруын оған кафарат қылады және күнәларының кешірілуіне себеп болады. Ал күнәхардың ауруы егесі байлап қойған түйенің жағдайы сияқты. Кейін жұлқынғанда не үшін байланғанын және неге жұлқынғанын білмейді.»

Расулуллаһ өзімізде болмаған нәрсені қонақ үшін алу арқылы әуреге түспеуімізді және барымен атқаруымызды бізге әмір етті.»

Салман Фариси хазреттері өлім аузында төсегінде жатқан кезде жылады. Себебін сұрағандарға «Дүниеден айрылғаным үшін жылап жатқан жоқпын. Тек Расулуллаһ мырзамыз "Дүниеден айрылған кездеріңде жиғандарың бір жолаушының жол азығынан артық болмасын" деп бұйырған еді, міне осы себептен жылап жатырмын» деді. Алайда қайтыс болған кезінде қалдырған мүлкінің құны он дирхам айналасында еді.

Бір күні жанындаға қонағымен бірге Мәдаиннан шығып, бір жерге бара жатқан еді. Жолда қарындары ашты, жейтін ештеңелері де жоқ еді. Ол жақта киіктер мен құстар бар еді. Салман Фариси хазреттері бір киік пен бір құсты қасына шақырып алды, екеуі де жанына келді. Оларға «Мына кісі – менің қонағым. Сендерді оған ас қылып бергім келеді» деді. Киік пен құс еш қарсылық білдірмейді. Оларды сойып жейді. Әлгі кісі бұл оқиғаға қатты таң қалды және «Ей, мырзам, киік пен құсты шақырып алдыңыз, олар қашпастан жаныңызға келді, мен бұған таң қалдым» деді. Хазреті Салман: «Мұнда таң қалатындай ештеңе жоқ. Бір адам Аллаһу та'алаға бағынып, Оған ешқандай күнә істемесе, бәрі оған бағынады» дейді.