Ақыл мен көңіл бір емес
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: Ешкім бұл дүниенің емтиханынан өз күшімен құтыла алмайды. Өйткені дүние шырмауық сияқты адамның айналасын қаптап алған. Бұдан құтылу үшін Имам Раббани хазреттері сияқты бір Аллаһ адамын тану және салих достармен бірге болу шарт. Ақыл мен жүрек (көңіл) – екеуі екі бөлек дүние. Бір кітаптан адам ақыл және жүрек жолымен пайдаланады. Ақылды, зерделік сақтаушы құрылғыға (флешкаға) мәлімет жүктегендей, қалағанымызша мағлұматтармен толтыра аламыз. Бірақ жүректің пайдалануы үшін шарттар бар. Оқыған кітабымыздың авторы жүрегі Аллаһқа деген махаббатқа толы, жетік ғалым болса, өзіміздің хабарымыз болмай бізде дүниелікке деген суықтық басталады және дін бауырымызға деген сүйіспеншілігіміз артады. Бұл құбылыстар жүрегіміздің тазаланғанының белгісі. Сол әулиенің жүрегіндегі фәйз біздің жүрегімізге ағып келеді. Адам тамақ жемесе, белгілі уақыт өткеннен кейін өлетініндей, жүрек те өз азығы болған ілімді алмаса, бір күні өледі. Бірақ жүректің азығын беремін деп орнына у берілсе, яғни мазһабсыз, сенімі қате адамдардың кітаптары оқылса, сол жаман жазушылардың жүрегіндегі қараңғылық және ластық біздің жүрегімізге ағып келеді. Жүрегіміз уланады, тіпті өледі, біздің хабарымыз да болмайды. Осы себептен, кітаптың авторы кітаптағы мәліметтен де маңыздырақ. Бізді құтқаратын миымыздағы білім емес. Ол білімнің бәрін қашанда ұмытамыз. Тек әулиелер тазалаған, нұр мен сүйіспеншілікке толы жүректер ғана құтылады. Әулиелер «Адамдар құрып кетті, ғалымдардан басқа. Ғалымдар да құрыды, ілімімен амал еткендерден басқа. Ілімімен амал еткендер де алданды, ықыласпен амал еткендерден басқа» дейді. Демек, ілім, амал және ықыластың үшеуі де шарт. Мухлис – жүрегі тазаланған ықыласты адам деген сөз. Имам Раббани хазреттерінің Мәктубат кітабының және әулиелердің сұхбаттарының бәрі адамның жүрегі үшін арналған азықтар. Өйткені жүрек құтылмағанша адам құтыла алмайды. Шынында, адам өлген кезде мидың жұмысы тоқтайды. Рух ең соңында жүректен шығады. Жүректің біліммен, ғылыммен байланысы жоқ, тек махаббатпен байланысы бар. Өлетін кезде сүйіктісін, яғни Расулуллаһ алейһиссаламды және оның мирасқорлары болған әулиелерді есіне алған кезде, олардың рухтары сол жерге жиналғандықтан, адам дүниеден ахиретке иманмен кетеді. |