19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Барлық жақсылықтың кілті, барлық дерттің дауасы

Барлық жақсылықтың кілті, барлық дерттің дауасы

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Иманнан кейін намаз тұрады. Аллаһу та'алаға ең сүйікті болған ғибадат – намаз. Намаз оқымайтын адам жүз мың рет қажылық жасаса да, жүз мың алтын таратса да, бұлардың бәрі бір уақыт намаздың сауабына жете алмайды.

Намаз – діннің негізі, тірегі. Дұрыс оқылған намаз – барлық жақсылықтың кілті, барлық дерттің дауасы. Намаз оқыған адам дінін қуаттандырады, ал оқымаған адам дінін құлатады.

Сүйікті пайғамбарымыз «Намаздың діндегі орны – бастың денедегі орны сияқты» деген. Басы жоқ бір адамды көрер болсақ, қорққаннан қашатын жер таппай қаламыз. Сондықтан науқастардың да отырып, жатып немесе ишарамен болса да, міндетті түрде намаз оқуы керек.

Бір намазда 12 парыз бар. Бір күнде бәрін қосқанда 60 парыз болады. Намаз оқымайтын мұсылман күніне 60 рет Аллаһу та'алаға қарсы шыққан болады. Мұндай адам қалай құтылмақ?

Жәбірейіл алейһиссалам екі рәкаттық бір намаз оқиды, бұл намаз төрт мың жылға созылады. Қолдарын жайып «Йа, Раббым, сенің пенделеріңнің арасында осындай намаз оқитын адам болады ма?» деп сұрайды. Сонда Аллаһу та'ала: «Ақыр заманда келетін Мұхаммед алейһиссаламның үмбетінен бір адамның, ол күнәхар болса да, оқитын екі рәкаттық намазы сенің осы оқыған намазыңнан да үстем болады. Өйткені олар менің әміріме мойынсұнып намаз оқиды» деп жауап береді.

Міне әмірге мойынсұну осыншалықты құнды. Әмірге мойынсұнып жасалған қызмет қабыл болады. Өз қалауымен дінімізге қызмет еткендердің соңы құлдырау болуы мүмкін.

 

Оқыған адамның ықыласы артады

Марқұм Хусейн Хилми бин Саид хазреттері «Әулиелердің өмір баянын оқыған адамның ықыласы артады» деген. Барлық істің негізі де – ықылас. Имам Ғазали хазреттері қайтыс боларда одан соңғы насихатын сұрайды. Сонда ол үш рет «Әл-Ихлас» дейді, яғни «Ықыласты болыңдар» деп жауаптайды.

Ықылас – жеке пайданың терісі. Осы себептен өз пайдасын ойлап қалған адамда ықылас болмайды. Ықыласы болмаған адамда да саламаттық болмайды. Ықылас – қолдағыны беру принципіне сүйенеді. Ал жеке пайданы ойлаудың негізі – алу. Алу мен беру бір бола алады ма?

Ықыласты мұсылманға «Намаз оқы!» деп айтудың қажеті жоқ. Себебі ол ең қиын жағдайларда да намазын оқиды. Бірақ бір адам ықылассыз болса, өз басын ойлап қалған адам болса, ол намазды, жалбарынуды ойламайды. Өйткені оның ниеті тек қана алу. Бірақ оның алғандарының бәрі ахиретте жылан мен шаянға айналып келеді.