19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Дұрыс иман келтіру

Дұрыс иман келтіру

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Бұл әлемде дұшпаны ең көп болған – Аллаһу та'ала. Риядун насихин кітабында жазылғанындай, Аллаһу та'ала жаратқан құлдарының арасында әр мың адамнан 999-ының Аллаһқа иманы дұрыс емес. Тек біреуі ғана Аллаһқа шынайы және дұрыс иман келтіреді. Басқаларының иманының дұрыс болмауының себебі - олар Аллаһу та'алаға Ол талап еткендей сенбейді. Олардың сендім дегендері Аллаһу та'ала емес. Аллаһу та'ала білдіргендей, яғни «Маған былай иман келтіріңдер» деп көрсеткені бойынша сенген кезде ғана ол иман болады. Әлемдегі әр түрлі ұлттардағы әр түрлі адамдар белгілі бір нәрселерге тәңір деп сенеді, кәпірлер де құдай дейді, бірақ олар өз ойларындағы, өз қиялдарындағы нәрсеге құдай деп жүр. Аллаһу та'аланы Аллаһ ретінде білмейді. Білудің нышаны – Оған ол білдіргендей иман келтіру. Бұдан кейін Оған бағыну. Оған ғибадат жасау.

Дұрыс иман мен ғибадат болмағанша адамның Аллаһты жақсы көремін деп айтуы өтірік болады. Кейбірлері иманы мен ғибадатын реттемей жатып дұғаларының қабыл болғанын да айтып жүреді. Бір ғалымнан шәкірттері: «Ұстаз. Халық арасында өздері дінсіз болса да, пұтқа табынушы болса да, мұсылмандыққа ешқандай қатысы болмаса да, "Мен дұға еттім, бүкіл дұғаларым қабыл болды" деп айтатындар бар. Шынымен олардың дұғалары қабыл болғаны ма?»- деп сұрайды. Ол ғалым былай жауап береді:

Дұғаларының қабыл болғаны рас. Негізінде дұғаның қабыл болуы үшін кісінің Әһли сүннет сенімінде болуы, харамдардан сақтануы, парыздарды орындауы және мойнында құл ақысының болмауы қажет. Тіпті көйлегінің бір жібі харамнан болса, сол көйлекпен оқылған намаз қабыл болмайды. Ал адамның сенімі қате, намазы жоқ, құлшылығы, діні жоқ болса, дұғасы қалай қабыл болмақ? Оларда бұл шарттардың ешбірі жоқ, бірақ дұғалары қабыл болды. Бұл қант диабетімен ауыратын адамның кәмпит жеуіне ұқсайды. Қант диабеті науқасы кәмпитті жейді, ол кәмпит ішінде уға айналады. Оның өліміне себеп болады. Олардың дұғаларының қабыл болуы олардың көбірек пәлекетке түсуіне, жаман болуына, Аллаһтан көбірек алыстауына себеп болады. Тілегінің қабыл болғанына сеніп, өз жағдайын, сенімін, жолын дұрыс деп санайды. Олар дұғаның қабыл болуына қажет болған шарттарды орындамаған және бұзық жолды ұстанған болса да, дұғалары қабыл болғандықтан, хақ жолға түсу ойларына да кірмейді. Олардың дұғаларының қабыл болуы истидраж, яғни ағзасында уға айналған кәмпит сияқты әсер береді. Бұл жақсылықтың емес, жамандықтың белгісі. Егер сенімі дұрыс болмаса да, харамдармен айналысқан болса да дұғалары қабыл болып жатса, бұл ол кісінің өзі үшін пәлекет. Дұғаларының қабыл болуы оның пәлекетін арттырады. Аллаһ сақтасын, иманы әлсіз болған адамдар да олардың дұғалары қабыл болғанын көріп, оларды хақ жолда жүр деп санауы мүмкін. Бұл өте қауіпті.