Күнә істеудің адамға тиетін зияны
Сұрақ: Күнә істеудің адамға тиетін зияны қандай? Жауап: Күнә істеген адам дүниеде және ахиретте үлкен қиыншылықтарға тап болады. Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Күнә істегенде жүректе бір қара дақ пайда болады. Егер тәубе етілсе, ол дақ өшеді. Күнә істеу жалғасатын болса, ол дақ үлкейіп, жүректі толығымен қаптайды.» (Нәсаи) (Жүрек қарайғанда ғибадат жасау қиын болып қалады, күнәларды істеу оңай болады.) «Күнә істеуді жалғастырған адамдардың уақыт өте жүректері мөрленеді. Ол адам сауап істей алмайтын болып қалады.» (Бәззар) «Дерттерің – күнәлар, дауасы – истиғфар.» (Дәйләми) (Адамдардың басына келетін барлық қиыншылықтар күнәлардың кесірінен келеді. Истфиғфар еткенде, яғни өкініп, тәубеге келгенде күнәлар өшіріледі.) «Өзін күнәлардан қорғамайтын адамды Аллаһу та'ала (дүние мен ахиретте) пәлекеттерден қорғамайды.» (Ибн Хузәйми) (Күнәдан сақтануға талпынатын болсақ, Аллаһу та'ала да бізге жәрдем береді. Күнәға мән бермейтін болсақ, пәлекеттерден құтыла алмаймыз.) «Адам істеген күнәларының кесірінен ризығынан мақрұм қалады.» (Хаким) (Күнә істейтін адамның табысында берекет болмайды. Өмірі қиындықтардың арасында өтеді.) Әр күнәні өте қауіпті деп көру керек! Мұсылманның белгілерінің бірі – күнәсін өте қауіпті деп санайды. Хадис шәрифте: «Мүмин күнәсін басының түбінде тұрған таудай көреді, бірден үстіне құлайтынынан қорқады. Ал мұнафық мұрнына қонған шыбындай көреді, лезде ұшып кетеді деп санайды» делінген. (Бұхари) Жасырын істелген бір күнәні әркімге айта беру де екінші бір күнә болады. Ондай күнәлардың кешірілуі қиын болады. Хадис шәрифте: «Әр мүмин кешіріледі, бірақ күнәсін басқаларға жария қылған адамдардан басқа» делінген. (Бұхари) Күнәні жасырын түрде де, ашық түрде де істеуге болмайды. Бір аяти кариманың мағынасы: «Ашық болса да, жасырын болса да, күнәлардан сақтаныңдар!» (Әнам 120) Бірақ жасырын жасалған бір күнәні жариялау бөлек күнә. Ибн Абидин хазреттері «Күнәсін жариялау бөлек бір күнә болады. Жасырын жасалған күнәні басқаларға айту да күнә» деген. Хадис шәрифте былай делінеді: «Бір күнә істеп қойған адам Аллаһтың жамылғысын соның үстіне жапсын!» (Мүслим) Өзін күнәдан тоқтата алмаған адам жаман үлгі болмау үшін күнәсін жасыру керек. Ораза ұстамаған адам Рамазанда күндіз тамағын жасырын жеуі керек. Ашықтан ашық жеуі бөлек күнә болады. Күнәлардың бәрі Аллаһу та'аланың бұйрығын орындамау болғандықтан, үлкен. Бір хадис шәрифте: «Аздаған бір күнәдан сақтану бүкіл жын мен адамдардың (нәпіл) ғибадаттарының жиынтығынан да жақсырақ» делінеді. Әр күнә Аллаһу та'алаға қарсы шығу болғандықтан, үлкен болып саналады. Алайда кейбірлері басқаларына қарағанда кішірек болып көрінеді. Бір кішкентай күнәні істемеу бүкіл әлемнің нәпіл ғибадаттарынан сауаптырақ, өйткені нәпіл ғибадат жасау парыз емес. Ал күнәлардан сақтану – парыз. (Рияд-ун-насихин) Демек, күнә істеу арқылы ғибадат жасауға болмайды. Олай болса, бір парызды орындағанда харам істеу мәжбүрлігі туындаса, харам істемеу үшін парыз кейінге қалдырылады. Бір сүннетті орындағанда да мәкрух істеу қажет болса, мәкрухтан сақтану үшін сүннет тәрк етіледі. Аллаһу та'аланың тыйым салғандарынан сақтанбау күнә болғанындай, бұйрықтарына мән бермеу де күнә. Харам істемеу парызды орындаудан бұрын тұрса да, парыздарды орындамаудың күнәсі харам істеу күнәсынан да көп. Мысалы намаз оқымау ішкілік ішуден де үлкен күнә. Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Күнәні жек көретін және ғибадаттан ләззат алатын адам – шынайы мұсылман.» (Табарани) «Күнәлардан қатты қорқатын адам Аллаһқа ең көп ғибадат еткендерден болады.» (Ибн Мажа) Күнә істеуді жалғастырған адам ұмытшақ болады, ақымақ болады, ақылы азаяды. Хадис шәрифте: «Күнә істеген адамның бір ақылы кетеді, кері қайтпайды» делінген. (И.Ғазали) Олай болса, күнә істеуден қатты сақтану керек.
Сұрақ: Күнә істеудің дүниелік істерге де зияны тиеді ме? Жауап: Иә, күнәлардың дүниелік істерге де зияны тиеді. Бірақ іс нәтижесімен өлшенеді. Хадис шәрифте: «Дүние – ахиреттің егістігі» делінді. Дүниеде егін екпесек, ахиретте қандай өнім аламыз? Күнә істеген адамның ақылы азаяды, есте сақтау қабілеті бұзылады. Ондай адам дүние істерін де атқара алмайды. Ахиретіне де зияны көп болады. Хадис шәрифте «Күнә істеген адамның кері қайтпайтындай ақылы азаяды» делінді. Ибн Мәсуд хазреттері: «Күнә істеген адам білетіндерінің кейбірін ұмытып кетеді» деді. Хадис шәрифте де былай делінеді: «Күнә істеген адам ризықтан мақрұм қалады.» (Ибн Мажа) Фудайл бин Ияд хазреттері «Достарыңның саған берген қиыншылықтары – күнәларыңның нәтижесі» деген. Хадис шәрифте де былай делінеді: «Сендер шағымданған нәрселер – амалдарыңның бұзылғандығынан.» (Бәйһақи) Бір кісі де «Тышқандардың үйімді қаптап кетуін күнәмнің жазасы деп білемін» деді. Бір хадис шәрифте: «Жақсы амалдарды нәпсінің қалауларына айырбастаған адам ғибадаттың ләззатын сезе алмайды» делінген. Әулиелерден бір кісі балшық және тайғанақ жолда кетіп бара жатқанында лайға түсіп кетпеу үшін абайлап жүреді. Бұған қарамастан аяғы тайып, балшыққа құлайды да, үсті-басы лай болады. Одан кейін еш мән берместен, қалыпты түрде жүре бастайды. Кейін жылап: «Міне, күнәға түсуден бұрын күнәдан сақтанып жүрген адамның жағдайы осы. Бір-екі рет күнәға түскеннен кейін сол күнәларды істеуден тартынбайтын болып қалады. Мұның көрсетіп тұрғаны, бір күнә басқа бір күнәні тартады» дейді. Күнәға тосқауыл қойылмаса, бәрі зиянын көруі мүмкін. Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Фухуш (күнә, ұятсыздық) жайылғанда зізала және фитна көбейеді.» (Дәйләми) «Аллаһқа қарсы шығу көбейгенде жақсы-жаман бәрі жалпылама азапқа душар болады. Кейін жақсылар Аллаһу та'аланың разылығына қауышады.» (Табарани) Қаншалықты күпірден басқа үлкен күнә істейтіндерге кәпір демеу керек болса да, күнәларды жалғастырған адамның уақыт өте жүрегі қараяды, харамдарды істегенде қынжылмайтын болады, иманы да әлсіреп, бір күні толығымен сөнуі мүмкін. Күнәлардың кішісінен де, үлкенінен де қатты сақтану керек. Аллаһу та'аланың ақысы араласқан күнәларға тәубе ету керек, өкініп, қайғыру керек. Күнәні тоқтатып, өтемі ретінде көп сауап істеу керек. Хадис шәрифте былай делінеді: «Күнә істеген кезіңде өтемі ретінде күнәні жоятын сауап істе!» (И.Ғазали) Құл ақысының кафараты (өтемі) үшін ақы иесі қайтыс болса, ол кісіні мейіріммен еске алу керек, бала-шағасына және мирасқорларына сый-сияпат көрсету керек. Күнәларына үздіксіз истиғфар етіп тұру керек. Хадис шәрифте былай делінеді: «Аллаһу та'ала тұрақты түрде истиғфар ететін адамды барлық қиындықтардан құтқарады, қиыншылықтарының шешімін береді және күтпеген жерден ризықтандырады.» (Нәсаи) «Аллаһу та'ала былай деді: "Ей, құлдарым, қорғағандарымнан басқа, бәрің күнәхарсыңдар. Күнәларыңа истиғфар етсеңдер, сендерді кешіремін. Кім өзін кешіре алатынымды білсе, соның күнәларын кешіремін."» (Тирмизи) «Бір адам "Раббым, сені нұқсан сипаттардан пәк қыламын. Нәпсіме зұлымдық жасадым. Жаман амалдар істедім. Сенен басқа күнәмді кешіретін ешкім жоқ. Сен мені кешір!" десе, құмырсқалардың санындай күнәсі болса да, Аллаһу та'ала кешіреді.» (Бәйһақи)
Аллаһты кешіруші деп білу Сұрақ: Аллаһу та'аланың «Құлыма мені қандай деп ойласа, сондай мәміле жасаймын» сөзіне сенемін және Оның ең кешірімді екенін білемін. «Қанша күнә істесем де, мені кешіреді» деймін. Тікелей жәннатқа кіретініме сенгенім үшін күнә істеуден тартынбаймын. Мұның зияны бар ма? Жауап: Үлкен зияны бар. Дінімізде Аллаһтың мейірімінен үмітін үзіп, «Мен толығымен тозақтықпын» деп айту күпір болғанындай, өзін толықтай жәннаттық деп санау да күпір болып табылады. Екеуінің ортасы болуы тиіс. Яғни әрі Аллаһтың азабынан және ашуынан қорқу, әрі Оның мейіріміне үміттену керек. Әрине Аллаһу та'аланың мейірімі, кешірімі мол. Ол біз ойлағанымыздан да көбірек мейірім иесі. Бірақ осыған жүгініп, күнә істеу үлкен қателік. Өйткені күнә істеушілер, яғни ашық түрде Аллаһқа қарсы шығушылар әрине жазаланады. Бір аяти кариманың мағынасы мынадай: «Ей, адамдар, Раббыларыңнан және сондай бір күннен қорқыңдар, ол күні әкенің баласына, баланың да әкесіне пайдасы болмайды. Әлбетте, Аллаһтың (есепке тарту) сөзі – хақ. Олай болса, дүние өмірі сендерді алдатпасын, шайтан (Аллаһ мейірімді, рақымдылығы мол, бәрін кешіреді деп, ғибадаттардан айырып, күнә істету арқылы) сендерді алдатпасын!» (Лоқман 33) Барлық күнәлардан сақтану керек, ешбір күнәні кіші көрмеу керек, өйткені Аллаһу та'ала күнәхарлардың, залымдардың жазаларын беруден мүлдем тартынбайды. Ол ашуын күнәлар арасында жасырған. Кіші саналатын бір күнә да ашуына себеп болуы мүмкін. Жылдар бойы ғибадат жасаған бір құлын бір күнә үшін мәңгіге жазалауы мүмкін. Мұны Құран кәрім білдірді. Екі жүз мың жыл бағынған шайтанның тәкәппарланып, сәжде етпегені үшін мәңгіге малғұн болғаны хабар беріледі. Хазреті Адамның баласы біреуді өлтіргені үшін мәңгі тозақтық болды. Олай болса, үлкен-кіші барлық күнәлардан сақтануымыз керек. (К.Саадат) |