Біз қонақпыз...
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: Бұл дүние – емтихан орны. Бұл өмір өткінші, егіннің ұрығын егу жері. Егіннің өнімін жинау ахиретте. Осы себептен «Дүние – ахиреттің егістігі» делінді. Бұл дүниеде үнемі рахаттық, шаттық іздейтін адам – ақымақ. Бұл дүниеде Аллаһу та'аланың ахиретте беретінін уәде еткен нәрселерін іздейтіндер, Хақ та'аланың жәннатта беретіндерін талап ететіндер қателеседі, өйткені сүйікті пайғамбарымыз «Дүние – мүминнің зынданы, кәпірдің жәннаты» деген. Мүминнің зынданы дегені – мүминдер дүниеде қиыншылық шегеді деген сөз, себебі абақтыдағы адам қиындық көреді. Бұған сабыр етуіміз, шүкір етуіміз керек. Раббымыздың бізді кешіретіндігін, мейірімімен, қамқорлылығымен бізге жәннатты нәсіп ететіндігіне үміт етеміз, мұны қалаймыз. Беретіндігіне де сенеміз, титімдей күмәніміз де жоқ. Өйткені Аллаһу та'ала «Құлым мені қандай деп ойласа, оны солай қарсы аламын» дейді. Жәннатты қаламайтындар, мазақ қылатындар да кездеседі. Демек, олардың қалауы сондай. Аллаһу та'ала қаламайтын адамға жәннатты береді ме? Әр ісіміз, әрбір әрекетіміз – емтихан. Емтихандағы қобалжу өмір сүріп жүргенде сезілмесе, әмірлер мен тыйымдарға мән берілмесе, дінге бағынуда немқұрайлылық танытылса, арғы өмірде қиын болады. Емтиханға, есепке тартылатынымызды ұмытпау керек, ояу болу керек, ғапілдіктен құтылу керек. Мысалы халалдан ақша табу, халал азық жеу, дінімізге сай үйлену, бір істі бастағанда және аяқтағанда «Раббым бұдан разы ма, әлде разы емес пе?» деп ойлану, ояу көкіректі болу керек. Адам біреудің үйінде болса, әрдайым үй егесімен бірге болады. Мысалы Имам Раббани хазреттерінің үйінде болсақ, сол сәтте ол мүбәрәк кісіні қалай ұмыта аламыз? Бұл мүмкін емес. Барлық жақта ол мүбәрәк кісі бар, өйткені оның үйі. Сол үйде тұрады, сол үйде сөйлейді. Яғни оның үйінде, оның жанында басқа нәрсе ойға келмейді ғой. Қалайша адам сол мүбәрәк кісінің үйінде болып, өзін шарапханада, көшеде жүргенін ойлай алады? Бұл мүмкін емес. Міне, дәл осы сияқты, бүкіл әлем де Раббымыздың иелігі. Әр сәтте Оның ниғметтерін пайдаланудамыз. Әр сәтте Оның ұстап тұруымен өмірдеміз. Әр сәтте бізді сөйлететін, естіретін, жүргізетін, азықтандыратын тек Ол ғана. Әр сәтте бізді көріп тұр, әр сәтте бізді естіп тұр. Біз онымен біргеміз. Ал енді адам Раббымыздың бізге берген мекенінде өмір сүріп, қалайша ниғмет иесінен хабарсыз болады? Қалайша Оны ұмыта алады? Аллаһу та'аланы ұмытпау, Оны әр сәтте ойлау – мұсылмандық. Жартылай мұсылмандық деген нәрсе жоқ. Мешітте мұсылмандық, көшеде хайуандық болмайды. Бүкіл әлем Оның иелігі. Біз қонақпыз. Аллаһу та'аланы ұмытпасақ, нені еске алсақ, сол күйде өлеміз. Сүйікті пайғамбарымыз: «Қалай өмір сүрсеңдер, солай өлесіңдер, қалай өлсеңдер, солай тірілесіңдер» деп айтқан. |