БІРІНШІ ТОМ, 182-ШІ ХАТ
Себептерге жабысу керек. Ал бұл жағдай тәуекелге қайшы емес. Себептердің әсер етуін Аллаһу та’аладан екендігін білген, әсерін Аллаһу та’аладан күткен және әсері тәжірибемен анықталған пайдалы себептерді қолданған адам Аллаһу та’алаға тәуекел еткен, жалғыз Оған жүгінген болады. Әсері тимейтін, қияли себептерді қолдану тәуекел болмайды. Әсері көп байқалған пайдалы себептерді қолдану қажет. От күйдіреді. Бірақ, отқа күйдіру күшін берген – Аллаһу та'ала. Аш адам бір азық жейді. Бұл азыққа тойдыру күшін беретін – Ол. Қажет болған кезде осындай пайдалы себептерді қолданбағандықтан зиянға ұшыраған адам Аллаһқа қарсы шыққан болады. Себептер үшке бөлінеді: Қияли себептер. Нәтиже бермейтін ондай себептерді тәрк ету уәжіп. Тәжірибе етілген себептер. Өмірде сыналған пайдалы себептерді қолдану уәжіп. Күмәнды болған себептер. Ондайларды кейде қолдануға болады. Аллаһу та’ала әр істің алдында ақылдасуды, білгендерден сұрауды әмір еткен. Ақылдасу да себепке жабысу болып табылады. Ақылдасудан кейін тәуекел етуді әмір етті. (дінде тәуекел дегені - қазіргі дәуірде қате қолданып жатқан "риск" деген мағынаға мүлдем келмейді. Тәуекел - бір істің себеп және қажеттіліктерін орындаған соң нәтижені Жаратқаннан күту дегенді аңғартады.) Ахирет істерінде тәуекел еттім деп, бәрін Құдайға салып қоюға болмайды. Бұл істерде еңбектену әмір етілді. Ахирет мәселесінде Оның азабынан қорқу және мейірімінен үміткер болу керек. Аллаһу та’аланың жомарттығына, сый-сияпатына жүгіну және әмір етілген ғибадаттарды орындау керек. Ислам дініне мойынсұнуымыз, яғни әмір етілгендерді орындауымыз және тыйым салынғандардан сақтануымыз – міндетіміз. «Тәуекел» дегеніміз – осы және пендешілік те осындай болады. Діни және жаратылыстану білімдерін үйрену және өз болмысымыз болған ұлтымыз, дініміз, тіліміз және отанымызды қорғау үшін ең жаңа қаруларды жасауымыз, бұл үшін үкіметке жәрдем беруіміз де – ғибадат. Өзгелердің ойын оқу (не ойлағанын білу), ғайыптан хабар беру, дұғаларының қабыл болуы және таңғажайып құбылыстар, кереметтер көрсету кісінің Аллаһу та’аланың сүйіктісі екенін көрсетпейді. Бұндай ғажайып тірліктер кәпірлерде де кездеседі. Оларға «Истидраж» ретінде беріледі. Бұл құбылыстар риязат, қиыншылық шеккендерде пайда болуымен қатар, риязат шекпегендерге де берілуі мүмкін. Әулиенің де риязат тартуы, керемет көрсетуі шарт емес. Үлкен әулие Шахабуддин Сухрәуарди осы туралы «Ауариф» кітабында кеңінен жазған. Аз тамақтану, аз ұйықтау жақсы. Бірақ, ғибадат жасауға бөгет болатындай, ақылды, миды әлсірететіндей, қиялдарға себеп болатындай шамадан аз болмауы керек. Шілдеге отыру және өз нәпсімен күресудің сүннетке сай болғандары әрине мүбәрак болып саналады. Алайда бұлар кейбір монахтар жасап жүргендей зиянды болмау керек. Әулиелердің илһам және аяндарын қиял деп санамау керек. Бұлар – Аллаһу та’аланың жүрекке аян еткен нәрселері. Сауатсыз сектанттардың қиялдарына аян деуге болмайды. Бұларға сенуге де болмайды. Иә, аян етілген мәліметтерді түсінуде, уәхм (аңғару қуаты) мен қиялдың көмегі бар. Уәхм – Аллаһу та’ала мен құлдар арасындағы елу мың жылдық жолды бір сәтте өтеді. Қиял да – жүрекке келген халдерді және ғайыптағы істерге, рухтардан келген ілімдерге бейне беріп, бар нәрселерге ұқсату арқылы түсінуді жеңілдетеді. Кейбір дұғалар арқылы тайй-и мәкан жасалады [аз уақытта өте алыс жерлерге бару] дейді. Бұл сөзге таң қалмау керек. Аллаһу та’аланың бұдан да көп әсері бар. Дұға жасамай-ақ тайй-и мәкан нәсіп болуы мүмкін. Намазда пайда болатын халдер намаздан тыс уақыттағы халдерден абзал. Намаздың ләззатын сезінуге, зауықтанып оқуға тырысыңдар! Әсіресе парыз намаздардан ләззат алу тек жолдың соңына жеткендерге нәсіп болады. Намаз – өте маңызды ғибадат. Оны мүстаһаб болған уақыттарда және жамағатпен, шарттарына, әдептеріне, та’дили әрканына мән беріп, көңіл тыныштығымен, байсалдықпен оқыңдар! Хадис шәрифте: «Намазда құл мен Раббының арасындағы перделер көтеріледі» делінген. Алем-и мисалда (мысалдар әлемінде) бейнелердің көрінуі және олармен сұхбаттасу жақсы. Бұл көптеген мәлімет үйренудің сүйіншісі. Алайда, мақсат бұл болмаса да рухани байланысқа зиянды болмағандықтан пайдалы. Қыдыр (Хызыр) алейһиссаламның тірі болуы жайында ғалымдар әр түрлі пікірлер айтты. Кейбір әулиелердің сөйлескені білдірілген болса да, бұл хабарлар тірі екенін көрсетпейді. Рухы адам кейпіне еніп, іс атқаруы мүмкін. Яки, сол кезде тірі болып, қазір тірі емес деп те айта аламыз. Рухтар кейде «Алем-и мисал»-дағы кейіптерінде көрінеді. Әрбір болмыстың алем-и мисалда бір кейіпі бар. Тіпті, мағыналардың да кейіптері бар. Бұл кейіптердің көрінуі уәхм мен қиял емес. Алем-и мисал да, осы біз білетін «Алем-и шаһадат» сияқты, бір болмыс. [Өзі немесе әсері [жасаған істері] сезім мүшелерімізге әсер, ықпал еткен нәрселерге «Мәужуд», болмыс делінеді. Мәужуд екіге бөлінеді: Біріншісі, мәңгі, шексіз, үнемі бар болған «Халиқ», жаратушы болып, есімі «Аллаһ». Оның өзі [заты] де, сегіз сипаты да әрқашан бар. Екіншісі, «Махлұқ», «Хадис», «Әлем» және «Ма-сиуа» деп аталатын болмыстар, бұлар жоқ еді. Кейіннен жаратылды. Махлұқтар (жаратылыстар) үшке бөлінеді: «Алем-и әжсам» – сезуге болатын, қарапайым немесе күрделі денелер. Бұлар «Арш» әлемінің ішінде болады. Заттың бір кейіпке енген түріне «Дене» делінеді. Екіншісі, Арштың сыртында болған «Алем-и әруах», яғни рухтар әлемі. Рухтардың өздерін емес, әсерін сеземіз. Махлұқтардың үшіншісі, «Алем-и мисал».] Рухтар дене кейіпіне енбей, өздері рухымызға көріне алады. Осылай сөйлейді және естиді. Рухтар мен қабір өмірін түсіндіру өте қиын. Бұлар жайында елестету, жобалау арқылы сөйлемеу керек, «Насс»-тарда [Құран кәрім мен хадис шәрифтерде] білдірілгендерге қысқаша иман келтіру керек. Қабірде ниғметтер және азаптар бар екеніне иман етеміз. Бұлардың қалай болатындығын іздестірмейміз. Мәйіттердің бір-бірімен сөйлесетіндігі білдірілді. Қабірде азапталып жатқандардың айқай салып еңіреп жылағандары хабар берілді. «Бұларды адамдар мен жындардан басқа барлық жандылар естиді» делінген. Рухтың өзі айқайлайды. Немесе денесі арқылы айқай салып еңірейді. Худус, яғни жоқтан бар етілген болуы дағы адамнан дүниеде де, өлгеннен кейін де кетпейді. Адам Аллаһу та’алаға жақындаса да, кәміл дәрежелеріне көтерілсе де, рухы да, денесі де, дүниеде де, ахиретте де, мүмкин және хадис (кейіннен жаратылған) болудан құтыла алмайды. Аллаһу та’аладан басқа барлық болмыстың хадис екендігі «Ижма»-мен, яғни сөз бірлігімен айтылған. Бұған сенбеген адам кәпір болады. Ахиретте, тозақтағы мәңгі, шексіз азаптан құтылу үшін Әһли сүннет ғалымдарының білдіргендеріне иман келтіру [сену] қажет. Әулиелердің осы білдірілгендерге сәйкес келмейтін аяндарының маңызы жоқ. Тасаууфтың мақсаты – нәпістің жасырын айыптарын түсіну, Ислам дініне мойынсұнудың оңай болуы және ықыласқа қауышу. Яғни «Итминан-и нәфс» пайда болып, ширктің, күпірдің жасырын тараптарынан құтылу. Адами сипаттарының жасырылуына «Адам мақамы (дәрежесі)» делінеді. Толығымен жоқ болуына «Фена мақамы (дәрежесі)» делінеді. |