Ахиретте ұялып қалмау үшін
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: Дүниедегі шынайы мейрам – бір күнді күнәсіз және құл ақысына түспей өткізе алу. Ахиреттегі мейрам – қиямет күні ұят жағдайға түспеу, кейін жәннатқа қауыша алу. Расулуллаһ алейһиссалам: «Йа, Раббым, үмбетімнің күнәларын қиямет күнінде ешкімге көрсетпе! Тек мен ғана көрейін» деп жалбарынған. Аллаһу та'ала: «Саған деген махаббатымнан саған да көрсетпеймін, сенің көзіңнен де жасырамын» деген. Бұл сүйінші, бұл мейрам мұсылман болғандарға жеткілікті! Сүйікті пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Аллаһ үшін бір-бірін жақсы көрген мүминдер Махшар күні Арштың астына көлеңкеленеді» деген. Күн бір найза бойындай жақын болатын, ешқандай көлеңке болмайтын, елу мың ахирет жыл күтілетін Махшар жерінде сондай ұзақ, қорқынышты күнде, бәрі пәлекетте болғанда, бір топ адам Арштың астында көлеңкеде болып рахаттанады. Оларды көргендер «Бұлар пайғамбар ма екен?» деп сұрайды. Оларға «Жоқ» деп жауап беріледі. «Онда олар әулиелер ме?» дейді. Бұған да «Жоқ» деген жауап алады. «Сонда олар кімдер?» деп сұрайды. Сонда «Олар Мұхаммед алейһиссаламның үмбетінен болып, Аллаһ үшін бір-бірін жақсы көрген мүминдер» деген жауап алады. Аллаһ үшін жасалатын істе сүйіспеншілік болады. Дүниелік үшін жасалатын істе сүйіспеншілік болмайды. Негізі дүниенің жаратылысында сүйіспеншілік жоқ. Аллаһу та'ала дүниені жаратқанынан бері бір рет болса да оған мейірім назарымен қарамаған. Дүние нәпіс пен шайтанның құтыруына көмектесуде. Адамның дүниелігі артқан сайын нәпсі құтырады, мақтаншақтығы, тәкаппарлығы артады, жолдан және бақылаудан шығады. Ахиретті тастап, тек дүниелікті арттыру үшін күндіз-түні жұмыс істеп, қайғы-қасіретін, өшпенділікті арттыру – ақымақтықтың белгісі.
Бір-біріңді жақсы көріңдер! Әһли сүннет ғалымдары «Аллаһу та'алаға шүкір ету үшін бір-бірлеріңді жақсы көріңдер» деген. Егер бір-бірімізді жақсы көрсек, мұның үлкен пайдалары бар. Біріншісі, Аллаһу та'алаға шүкір еткен боламыз. Өйткені Аллаһу та'ала берген ниғметтерінің шүкірін талап етеді. Оның шүкірі – мүминдердің бір-бірін жақсы көруі. Екінші пайдасы, дүниеде кім кімді жақсы көрсе, ахиретте онымен бірге болады. Үшіншісі, бір-бірін Аллаһ үшін жақсы көргендер ахиретте бүкіл адамзат сүйсіне қарайтын үлкен ниғметтерге бөленеді, Аллаһтың разы болған, жақсы көрген жерінде, яғни жәннатта кездеседі. |