19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Ғайбат – оба секілді

Ғайбат – оба секілді

Белгілі бір мұсылманның немесе мұсылман емес адамның айыбын оны жамандау үшін сыртынан сөз айту, өсектеу ғайбаттау болады. Ғайбат – харам. Мәселен денесінде, мінезінде, ісінде, сөзінде, дінінде, дүниесінде, тіпті киімінде, үйінде, мал-мүлкінде болған кемшілік оның сыртынан айтылса және оны естіген жағдайда ренжитін нәрсе болса бұл ғайбат болады. Астарлап айту, ишарамен, әрекетпен білдіру, жазумен білдіру де сөзбен айту сияқты ғайбатқа жатады. Біреу туралы ғайбат айтылып жатқанда «әлхамдулиллаһ, Аллаһ бізді олай арсыз етпеді» деген сияқты сөздермен оны жамандау, өте жиіркенішті ғайбатқа жатады.

Ғайбат – оба секілді жұқпалы, өрескел, жаман індет. Тиген жерін астан кестен етеді. Кішкентай, титімдей ғана болуы мүмкін бірақ алып денені түгелдей құрдымға жібереді. Адамдарды, жанұяларды, елдерді ұрыстырып қоюға жеткілікті. Мәселен Әмір Темір мен Баязид ханның соғысуы ғайбаттың, яғни сөз тасудың, араға от салудың салдарынан болғандығы айтылады. Заманымызда адамдардың көпшілігі осы індеттің тұтқынына айналған.

Хужурат сүресінің он екінші аятында «Бір-бірлеріңді ғайбат етпеңдер!» деп бұйырылды. Біреуді ғайбат ету өлген адамның етін жеумен бірдей екендігі білдірілген. Хадис шәрифте былай делінеді: «Қиямет күні бір адамның сауап дәптері ашылады. “Йа Раббым! Дүниеде мына ғибадаттарды жасаған едім. Парақта бұлар жазылмапты”, дейді. “Олар дәптеріңнен өшіріліді, ғайбат еткен адамдарыңның дәптерлеріне жазылды”, делінеді» және «Қиямет күні бір адамның жақсылық дәптері ашылады. Жасамаған ғибадаттарын сол жерде көреді. “Бұлар сені ғайбат еткендердің сауаптары”, делінеді».

Адамды ғайбат етуге итермелейтін себептер көп. Бұл жерде он бірі айтылады: Оған қарсы дұшпандық, кек сақтау, қасындағылардың пікірлеріне қосылу, жақсы көрмейтін бір адамды жамандау, өзінің ол күнәні істемегенін білдіру, өзінің одан жоғары, үстем екенін білдіру, хасед ету (көре алмаушылық ету), қасындағыларды күлдіру, қалжыңдау, оны мазақ ету, ойламаған адамның харам істеуіне таң қалғанын білдіру, оған ренжігенін, оған жаны ашығанын білдіру, харам істегені үшін жақсы көрмегенін білдіру.

Ғайбат адамның сауаптарының азаюына, ғайбаттаған адамының күнәларының өзіне берілуіне себеп болады. Бұларды әрдайым ойда ұстау адамның ғайбаттауына кедергі болады.  

Ғайбаттаудың үш түрі бар. Біріншісінде «Мен ғайбаттаған жоқпын, ондағы нәрсені айттым» дейді. Бұлай айту күпірлік болады. Өйткені, харамды адал деп санау болады. Екіншісі ғайбатталған адамға айту. Үлкен харам болады. Тәубемен кешірілмейді. Одан кешірім сұрау да керек. Үшіншісінде ғайбатталған адам мұны білмейді. Тәубе етумен және оған қайырлы дұғалар оқумен кешіріледі.  

Қасында біреудің ғайбатталғанын естіген адам бұған дереу кедергі болуы керек. Хадис шәрифте: «Діндес бауырына білдірмей көмектескен адамға Аллаһу та’ала дүниеде және ақыретте көмек береді» делінген.Ғайбаттаудың өтеуі өкіну, тәубе ету және одан кешірім сұрау. Өкінбестен кешірім сұрау басқа күнә болады.

Бидғаттарды, мазһабсыздықты (адасушылықты), күнә істеуді үгіттейтіндердің,  зұлымдық ететіндердің, сауда-саттықта айла, қулық жасайтындардың бұл жамандықтарын мұсылмандарға естіртіп, бұлардың зиянынан сақтануына себеп болу және мұсылмандықты қате жеткізетіндердің осы жалаларын айту керек, бұл ғайбат болмайды.