Өзін қасиетті санаған адам – Аллаһқа дұшпан
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: Адамның өз-өзін жетілген деп санауы шын мәнінде жетілмегендігін көрсетеді. Өзін көшедегі иттен үстем санаудың өзі пәлекет. Өзін кәпірден үстем білу де пәлекет. Бірақ бұлай ойлау, осылай сезіну өте қиын, бұл әулиелерге тән қасиет. Бір күні Аллаһу та'ала Мұса алейһиссаламға: «Қауымыңның арасынан салих мұсылмандарды ажырат» деп бұйырды. «Йа, Раббым, мен сенің сүйікті салих құлдарыңды қалай білемін?» деп сұрағанда Аллаһу та'ала: «Хабарландыру бер, салих құлдар мына тарапқа өтсін деп айт, олар өздері ажырап шықсын» деп бұйырды. Мұса алейһиссалам қауымына барып: «Ей, қауымым, Аллаһу та'аланың әмірі, араларыңнан салих болған құлдар мына тарапқа өтсін» деп жариялады. Үш-бес адам сол жерде қалды, бәрі бір тарапқа өтті. Аллаһу та'ала тағы білдірді: «Олардың арасынан тағы салих болғандары мына тарапқа өтсін» деп бұйырды. Бұл жолы жартысы арғы жаққа өтті, жартысы қалды. «Олардың арасынан да тағы салих болғандары мына тарапқа ажырап шықсын» деген бұйрық келді. Ол топтан жеті кісі ажырап шықты. «Жоқ, тағы салих болғандары ажырап шықсын» деген әмір келді. Үш кісі тағы шықты. Бәрі «Не болады екен?» деп сасып тұрды. Аллаһу та'ала Мұса алейһиссаламға: «Ей, Мұса, бұлар менің негізгі дұшпандарым, олар да маған дұшпан. Оларды мүлдем жақсы көрмеймін» деді. Мұса алейһиссалам хикметін сұраған кезде: «Мен салихпын, көп ғибадат жасаймын деушілердің бәрі маған дұшпан. Өйткені олар нәпістерін сілтеп жатыр. Аллаһ үшін қарапайым болғанда еді, Аллаһ үшін салих, тақуа пенде болғанда еді, ортаға шықпас еді» деді. Зияәддин Нахшәби хазреттері «Мен салихпын, мен қасиетті адаммын, мен көп ғибадат жасаймын деген адам ғибадат етпейтіндерден де жаман» деген. Адам «Мен» деді ме, артынша не келсе де, бәрі қоқысқа тасталады. «Менде титімдей тәкәппарлық жоқ, мен өзімді ешкімнен үстем санамаймын» десе де жаман. Ол жасап жүрген ғибадатын нәпсі жасап жүр, өзі емес. Олар Аллаһу та'аланың дұшпаны. Олар ғибадаттарының қабыл болған-болмағанын да білмейді. Тек менмендік көзқарасымен сөйлейді. Ғұламалардың бірі уағыз жасаумен міндеттелген шәкірттеріне «Сұхбаттарыңда тәңірлік және пайғамбарлық көзқараста болмаңдар!» дейді. Шәкірттері сасып қалады, сол кезде айқындап: «Менің әр айтқаным орындалсын десеңдер, тәңірлік көзқараста болдыңдар деген сөз. Маған мойынсұнбаған, сұхбатымызға келмеген адам тозаққа түседі десеңдер, пайғамбарлық көзқарасты ұстанған боласыңдар» дейді. Сондықтан нәпсімізді, яғни өзімізді жақсы тануымыз керек. «Өзін танымаған адам Раббысын тани алмайды» делінген. |