19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Тамақтану кезінде

Тамақтану кезінде

Сұрақ: Ішіп-жегенде қандай жайттарға мән беру керек?

Жауап: Ислам ғалымдарының білдіруі бойынша:

1) Тамақтанудан бұрын қолдарды жуу сүннет. (Қолдарымыз микроб жиналатын мүше екендігі қазір баршаға мәлім.)

2) Әр түрлі емес, бір түрлі азық жеу керек. (Асқорыту жүйесінде азықтың әр түріне бөлек-бөлек қышқылдар бөлінеді. Ал бұл жағдай асқазанға ауыртпалық түсіреді.)

3) Қатты ыстық нәрселерді ішіп-жемеу керек. (Ыстықтай ішіп-жеу асқазан қатерлі ісігіне себеп болады.)

4) Тамақты тұзбен бастап, тұзбен бітіру сүннет. (Тұз тілге тигеннен кейін сілекей бездері бірден жұмыс істей бастайды. Секреция бөлінеді. Бұл секреция асқорыту үшін өте маңызды, асқорытуға көмектесіп, жеңілдетеді. Тамақтануды тұзбен бастағанда ми тарапынан жіберілген сигналдың арқасында асқазанда шырыш деп аталатын асқорытуды жеңілдетуші қабат түзіледі және асқазанның тамақты сіңіруіне дайындықсыз тап болуының алдын алады. Тамақтануды тұзбен аяқтағанда да тағы асқорытуға қажет болған секреция бөлінеді. Бұл маңызды секреция тек тұздың көмегімен ғана шығады.)

5) Қарын ашпай тұрып тамақтанбау керек, тамақтануды тоймай тұрып тоқтату қажет. (Тоқтықтың ұмытшақтыққа себеп екені, жүректі қатайтатындығы, алкогольді ішімдіктер сияқты қанды бұзатындығы, ал аштықтың, ораза ұстаудың ақылды тазалайтындығы, жүректі нұрландыратындығы қазіргі таңда анықталуда.)

6) Тамақтанған кезде жерде отырып, сол тіземен отырып, оң тізені көтеріп, қарынға тақап отыру керек. (Осылай отырғанда суға толтырылған шар күйінде болған асқазанның шығу бөлімін жауып, желінген азықтың толықтай қорытылмастан ішектерге өтіп кетуінің алдын алады және асқазан толғанда да тоқтық сезімін беріп, көп тамақ жемей тоқтауға себеп болады.)

7) Тамақ жегенде қуанышты сөйлесу керек, тамақтанғанда қорқынышты, жиіркенішті нәрселер айтпау керек. Өлім, ауру жайында айтпау қажет. (Мұңайтатын тақырыптар айтылғанда асқорыту жүйесін жұмыс істететін жүйкелердің тепе-теңдігі бұзылады және адреналин гормонының жоғарылауына себеп болады.)

8) Күнде ет жемеу керек, жүрекке ауыртпалық береді, ал етті тым аз жеу мінезді бұзады. (Қызыл етті көп жеу қалың ішек қатерлі ісігіне, омырау қатерлі ісігіне, асқорыту мүшесінің қатерлі ісігіне жол ашады. Бостондағы Тафтс университеті жасаған зерттеуде жиі-жиі қызыл ет жеген адамдардың асқорыту мүшесінің қатерлі ісігі қаупінің жоғары екенін көрсетті. Қалыпты түрде ет жеудің ми және жүйке жүйесінің ретті жұмыс істеуіне пайдасы бар.)

9) Көкөністер пайдалы. Жасыл шөп болмаған дастархан ақылсыз қартқа ұқсайды. (Қазіргі таңда көкөністің маңызды екенін бәрі жақсы түсінген.)

10) Ауыз толтырмай, кіші үзімдермен және жақсылап шайнап жеу керек. (Сілекей бездері көбірек жұмыс істейді. Бұл секреция асқазандағы секрециялармен бірігіп, асқорытуды жеңілдетеді. Семіртпейді. Керісінше жасалғанда секреция аз болады. Тамақ толығымен шайналмастан және жеткілікті мөлшерде сілекейсіз асқазанға өтеді. Осы сілекейдің аздығы ағзаның жегендерімізді қорытуына тосқауыл болады және семіртеді.)

11) Қарны ашып тұрса да ақырындап жеу керек. (Ақырындап жеу сілекей бездерінің жұмыс істеуіне, секреция бөлуіне және асқорытуды жеңілдетуіне себеп болады.)

12) Тамақтану арасында бір нәрсе үшін, тіпті намаз оқу үшін де, дастарханнан тұрмау керек. Намазды әуелі оқып алу керек. Егер дайын тамақтар суитын немесе бұзылатын болса, намаз уақыты да тамақтанғаннан кейін оқуға жеткілікті болса, намаздан бұрын жеуге болады. (Тамақтанудың арасын үзу психологиялық тұрғыдан кейбір адамдарға зиянды. Асқорыту жүйесінің секрециясының жұмыс істеу реті әлсірейді. Арасын үзгенде асқазанда қорыту басталады. Қайтадан тамақ жей бастағанда асқорыту жүйесінің тәртібі бұзылады.)

13) Су ішер кезде суға қарап ішу керек. Үш демде ішу қажет. Демді суға емес, стаканның сыртына шығару керек. Жазда салқын су ішу керек. Қатты суық сусындар ішпеу керек. Аш қарынға су ішпеген жөн. Суды ақырындап, сіміріп ішу керек. Ауызды толтырып ішпеген жақсы. Демалатын кезде стаканды ауыздан тарту керек. Ыстық нәрсені үрлеп ішпеу керек. Суытқаннан кейін ішу қажет. Суды толығымен бір демде ішпеу керек. (Суды бір демде ішкен жағдайда тамақ қорында жарық пайда болуына жол ашуы мүмкін. Тыныста ауыз және тістен шыққан кейбір зиянды микробтар болуы мүмкін. Суға үрлеген кезде сумен бірге қайтадан денеге кіреді. Бұл жайт ауруларға жол ашуы мүмкін. Қатты суық қылып жеу және ішу тамақ ауруларына, таңдай бездерінің қабынуына, бронхит ауруларына, буын ауруларына, бас ауруына жол ашады. Одан бөлек, отырып және ең аз дегенде үш жұтыммен ішілген су тіл және ауыз маңайында көбірек қалғандығынан, сілекей бездеріне қажетті болған судың сорылуын арттырып, антибактериялық және антиоксиданттық әсерге ие болған сілекейдің түзілуін арттырып, ауыз бен тіс саулығына пайдалы болады.)

14) Ішілетін сусындарды түрегеп тұрып ішпеу қажет. Терлеп тұрғанда да су ішуге болмайды. (Күн ыстықта немесе қатты терлеп тұрғанда түрегеп су ішкенде аяқтарда варикоздың шығуына жол ашылады. Суық суды түрегеп тұрып аш қарынға ішкен кезде арық, әлсіз адамдарда асқазанның птозына (төмен түсуіне) жол ашады.)

15) Стаканның сынған жерінен ішпеу керек. (Сынған жерлері толық тазалана алмайды, сондықтан микроб жиналады. Сондай-ақ, қолды, ерінді кесіп кетуі де мүмкін.)

16) Тамақтанғаннан кейін тістерді мисуакпен, тіс тазартқышпен немесе тіс щеткасымен тазалау қажет. (Ауыз бен тістердің тазалығы өте маңызды. Бәрінен бұрын тістер емделу керек. Себебі көптеген ауруға себеп болады. Тістің түбінде ісік пайда болғаннан кейін ишиас ауруларына және жүрекқап қабынуына жол ашады. Жүрек науқастарының көбінде тіс иектері ауруы бар. Вирустар ана жатырына жеткенде ерте босануға да себеп болуы мүмкін.)

17) Аузында, қолында еттің, тамақтың иісі бар кезде жатпау керек. Балалардың қолын да, аузын да жуу керек. (Бұл түрлі мазасыздықтарға себеп болады, әрі тіс иектері ауруларына жол ашады. Жұбайына қиындық келтіру тұрғысынан жанұялық өмірде де дұрыс емес.)

18) Қатты тойып тұрған кезде жатпау керек. (Бұл өте зиянды. Ұйқы күйінде жүрек пен өкпеден басқа ішкі органдардың жұмысы қатты баяулайды, демалады. Жүрек пен өкпенің жүгі де күндізге қарағанда азаяды. Тоқ күйде жатқанда жүрек те жұмыс істеуге мәжбүр болады. Қатты тойып жату жүрек пен басқа органдардың шаршауына, осылайша ерте қартаюға, бас ауруларына, семіруге, көз ауруларына жол ашады.)

19) Кешке жатарда сусындар мен тағамдарды ашық қалдырмау керек, үстін жауып қою қажет. (Азық-түліктер бұзылуы мүмкін, микроб жұғуы мүмкін.)

Осы негіздерді денсаулығымызға тиетін пайдалары үшін емес, дініміз білдіргені үшін, дінге мойынсұну ниетімен ұстану керек. Осылай қарайтын болсақ, әрі дүниеміз, әрі ахиретіміз үшін пайдасы тиеді. Тек денсаулық үшін жасалса, сауабына қауыша алмаймыз.

 

Жеміс-жидектерді жуу керек

Сұрақ: Қабығымен желінбейтін жеміс немесе көкөністерді, мысалы банан, қауын, қарбыз сияқтыларды жейтін кезде жуу қажет пе?

Жауап: Ашық сатылатын нәрселерге көз тиеді. Сондықтан әр жеміс-жидек пен көкөністі жуған жақсы болады. Сондай-ақ, самса сияқты ашық сатылатын және (қарны ашып тұрған) әркімнің көзі тиетін тағамдарды да, мәжбүр болмағанша, алмаған жақсы болады.