Фикх-ул-Әкбардан үзінді
Хазреті Имам Ағзамның Фикх-ул-әкбар кітабынан үзінді: Иман – Аллаһқа, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға, өлгеннен соң қайта тірілуге, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Аллаһтан келетіндігіне, есеп, мизан, жаннат пен жаһаннамға сену және барлығын хақ (дұрыс) деп білу деген сөз.
Аллаһ бір, тумаған, туылмаған. Оған еш нәрсе тең емес. Ол махлұқтарының ешбіріне ұқсамайды, есімдерімен, заттық және фиили сипаттарымен әрдайым бар болған және бар болады. Оның есімдері мен сипаттары кейіннен пайда болмаған, барлығы да әзәли (бастауы жоқ, шексіз бұрыннан бар). Ол ілімімен әрдайым біледі, құдіретімен әрдайым құдіретті (барлық нәрсеге күші жетеді). Кәламымен (сөзімен) сөйлейді, жаратуымен әрқашан жаратушы, фиилімен (әрекетімен) жүзеге асырушы. Махлұқ – кейіннен жаратылған, жасалған деген сөз. Ал Аллаһтың фиилі (әрекеті) махлұқ емес.
Тәуһидтің негізі “Амәнтуге” сену болып табылады. Құранда өткен Аллаһтың қолы, жүзі және нәпсі секілді сөздер кейіпсіз (пішінсіз) сипаттары болып табылады. Оның қолы, құдіреті немесе ниғметі деп айтуға болмайды. Өйткені бұл жағдайда сипаты жоққа шығарылған болады. (Бұзық сектадағылар тікелей мағынада Аллаһтың қолы, жүзі деп адамға ұқсатқандығы үшін, бұл сипаттарды дәл солай қабылдап, тәуил етудің (шариғатқа сай мағынасын берудің) жаиз екендігін хазреті Имам Ғазали білдірген.)
Аллаһу та’ала ақыретте жаннатта көрінеді.
Аллаһу та’аланың есімі және сипаттарының барлығы да ұлылығы және қадірлігі жағынан бірдей, араларында айырмашылық жоқ.
Оның сипаттарының барлығы махлұқтарының сипаттарынан өзгеше. Ол естиді, бірақ біздің еститініміз секілді емес. Ол құдіретті (күшті), бірақ біздің күшіміздің жетуі секілді емес. Біз дене мүшелеріміз, әріптер арқылы сөйлесеміз, алайда Аллаһу та’ала мүшесіз, әріпсіз сөйлейді. Әріптер махлұқ, бірақ Аллаһтың сөзі махлұқ емес.
Құран кәрім махлұқ (жаратылыс) емес, ондағы пайғамбарлар, кәпірлер туралы, мәселен Перғаун және Ібіліс туралы берілген хабарлардың барлығы Аллаһтың сөзі. Аллаһтың сөзі махлұқ емес.
Аллаһу та’ала Адам алейһиссаламның ұрпағын, белінен адам кейпінде шығарып, оларға ақыл берген, иман келтірулерін әмір етіп, күпірге тыйым салған. Олар да Оның илаһ екендігін қабыл еткен. Бұл олардың иманы. Адамдар осы иманға бейімделіп туылады. Кейіннен күпіршілікке булыққандар бұл бейімділікті өзгертіп бұзған болады. Иман етіп қабыл еткендер болса бұл бейімділігіне берік болып оны жалғастырған болады.
Пайғамбарлардың барлығы да үлкен-кіші күнә істемейді және жаман әдеттерден пәк болады. Бірақ олардың жаңылысқан кездері болған. (Бұған зәлле деп айтылады. Зәлле – дұрыстардың ішіндегі ең дұрысын таба алмау деген сөз.)
Пайғамбарлардың мұғжизалары және әулиелердің кереметі хақ.
Пайғамбарлардың шапағаты хақ. Пайғамбарымыздың шапағаты үлкен күнә жасағандарға болады.
Қиямет күні амалдардың мизан таразында тартылатыны және пайғамбарымыздың кәусар көлі хақ. Қияметте дұшпандар арасында есеп айырысу болатыны хақ. Жәннат пен тозақ қазірден бар, мәңгі бар болады, жоқ болмайды.
Сахабалардың барлығын тек жақсылықтарымен еске аламыз. Пайғамбарлардан кейін адамдардың ішіндегі ең үстемі – Хазреті Әбу Бәкір, одан кейін қалған үш халифа. (үстемдік дәрежелері халифалық реті бойынша)
Иман – иман келтіруі керек болған нәрселер тұрғысынан көбеймейді және азаймайды. Бірақ яқин (күмәннан ұзақ болу, дұрыстық) және оны қабылдау жөнінен көбейіп азаяды.
Мүміндер иман және тәуһид тұрғысынан бір-бірлерімен тең. Бірақ амал тұрғысынан бір-бірлерінен өзгеше болады.
(Иман – тілмен айту, жүрекпен қабыл ету деген сөз. Иман көбейіп азаймайды. Тек қуатында және нұрында көбею болады. Амал – иманның бір бөлшегі емес. Күнә жасаған адамға кәпір деп айтуға болмайды. Иман барлық адамға керек, бірақ барлық амал барша адамдарға керек емес. Мысалы: Мал-мүлкінің мөлшері “нисап мөлшері” деп аталатын мөлшерге жетпеген кедей зекет бермейді. Хайз және нифас халінде намаз оқуға болмайды. Бірақ кедейге және мұндай әйелге иман қажет емес деп айта алмайсың.)
Аллаһу та’ала қалаған құлына мейірім етіп тура жолға түсіреді. Қалаған құлын да әділдігіне жараса адастырады.
Миғраж хабары хақ. Дәжжал, Йажуж және Мәжуждың шығуы, күннің батыстан шығуы, Хазреті Исаның көктен түсуі және басқа да қияметтің белгілерінің барлығы да хақ.
Қабір сұрағы, қабірде рухтың өлі денеге кері қайтарылуы және кәпірлер мен күнәһар мүміндер үшін қабір азабы болатыны хақ.
Мәсі үстіне мәсіһ тартуды білдіретін хадис бойынша: мәсіге мәсіһ тарту мерзімі, муқим (жергілікті) үшін бір күн және бір түн, жолаушы үшін үш күн және үш түн болып табылады. Бұл хадис шәриф мутауатир хадиске жақын болғандығы үшін оны мойындамаған адамның күпірге түсуінен қорқылады.
Адамның қалай ғибадат ету керектігін үйренуі көптеген ілімнен де абзал болып табылады.
Әһли қыбла (намаз оқитын мұсылманға) кәпір демеу, ешкімді иманнан алыстатпау, жақсылықты әмір етіп, жамандықтан қорғау, тағдырыңда бар нәрсенің міндетті түрде басыңа келетінін білу, сахабалардың еш қайсысын келемеждемеу, барлығын да жақсы көру керек.
Күнәһар мұсылманға кәпір деуге болмайды. Бұл, күнәлар мұсылманға зиян бермейді деген сөз емес. Күпірден басқа, үлкен-кіші күнә жасап, тәубе етпестен иманмен өлген адамның жағдайы Аллаһтың қалауына байланысты. Қаласа оны тозақта азаптайды, қаласа кешіріп, мүлдем азапқа салмайды.
Имам Ағзам хазреті ғалымдармен отырғанда бір адам келіп: “Бір мұсылман әкесін өлтірсе, кейін шарап ішіп мас болса және зина жасаса иманы кетеді ме?” деп сұрайды. Мұны естіген ғалымдар бұл сұрақты қойған адамға ашуланып “Оны сұраудың қажеті қанша? Әрине иманы кетеді, кәпір болады” дейді. Ал хазреті Имам Ағзам болса: “Ол адам өте үлкен күнә жасаса да мұсылман болады, күнә жасаумен иманы кетпейді” деп бұйырады.
Сену керек болған нәрселерден мазһабымызда болғандардың бірнешеуі мыналар:
Аллаһ – құлдарының күші жетпейтін нәрселерін әмір етпейді.
Шайтан мұсылманның иманын күштеп ала алмайды. Бірақ құл иманын тәрк етсе (тастаса), шайтан оның иманын алады.
Кәпір болып өлген адам ешқашан кешірілмейді, мәңгі жаһаннамда қалады.
Пайғамбарлардың алғашқысы Адам алейһиссалам, соңғысы Мұхаммед алейһиссалам.
Құл өзіне әмір мен тыйымдардың үкімдері жүрмейтіндей жағдайға жете алмайды. Әркім күші жеткенінше ғибадат етуге міндетті.
Өлтірілген адам да, өз-өзіне қол жұмсаған адам да ажалымен өледі. Ажалсыз өлім болмайды.
Өлілер үшін дұға етілген кезде және олар үшін садақа берілгенде оларға сауабы тиеді.
Әулиелер пайғамбарлық дәрежесіне көтеріле алмайды.
|