Қияметтегі өкіну
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: Калима-и тәуһидті айтқызу үшін миллиондаған мұсылман шәһид болды, осы калима-и тәуһидті айтпағаны үшін миллиондаған кәпір тозаққа кетті. Өйткені калима-и тәуһид ақиқат пен қате жолды айырады. Ғасырлар бойы мұсылмандар мен кәпірлердің арасындағы қақтығыстардың себебі тек осы ғана. Айтқандар шәһид болды, айтпағандар тозаққа кетті. Адам ендігәрі дүниеге келмейді, бұл соңғы мүмкіндік. Бұдан кейін мұндай мерзім берілмейді. Қияметте бәрі өкінеді. Дүниеде өкіну – ниғмет, бірақ ол жақтағы өкіну – пәлекет. Қабірден біреу шығып дүниеге келсе, қалай өмір сүрер еді? Әрине бір сәтті де бос өткізбейді, үнемі ахиреті үшін еңбек ететін еді, күнә істемейтін еді, ешкімді ренжітпейтін еді. Ал біз ол жаққа бармаймыз ба? Барғанда басымызға не келетінін, неге ұшырайтынымызды дініміз білдіруде. Аллаһқа иман келтірмегендер, сүйікті пайғамбарымыздың жеткізгендеріне сенбегендер, ұнатпағандар, Ислам дінін қабылдамағандар тозақта айқайлап азап шегеді. «Йа, Раббым, бізді қайтадан дүниеге жібер, мүлдем күнә істемейміз, тек ғибадат жасаймыз» дейді. Оларға «Сендер, онсыз да, сол жақтан келмедіңдер ме?» деген жауап беріледі. Бір әулие кісі бір мұсылманның қабірінің алдына тұрып, шәкірттерінен сұрайды: -Бұл қабірдегі кісі қайтадан дүниеге келсе, сендердің ойларыңша, немен айналысар еді, не істер еді? Шәкірттерінің бірі «Әрине үздіксіз намаз оқиды» дейді. Басқа бірі «Үнемі ораза ұстайды» дейді. Тағы бірі «Ислам дінін жаяды» дейді. Әр шәкірт бүкіл пайдалы амалдарды атап шығады. Сонда әлгі әулие кісі: «Дұрыс айтасыңдар, тек бұл мазарда жатқан кісінің дүниеге қайтып келуі күмәнді. Ал сендердің ол жаққа кетулерің нақты. Яғни сендер де ол сияқты өлесіңдер. Олай болса, неліктен қазір атап шыққан ғибадаттарыңды орындамайсыңдар? Нені күтіп жүрсіңдер? Ол жоғалтқан мүмкіндікті сендер ғанимет деп білулерің керек, ертеңге қалдырмастан осы пайдалы амалдармен шұғылдануларың керек!» – дейді. Сүйікті пайғамбарымыз да «Бұл дүниеде ғаріп сияқты өмір сүр, жолаушы сияқты бол және өзіңді өлдім деп қабылда!» деп бұйырған. Өйткені бір күні міндетті түрде өлеміз. Міндетті түрде орындалатын нәрсені қазірден орындалды деп білу керек. Өлгеннен кейін өкіну, бармағын тістеу, күрсіну пайда бермейді. Қазірден бұған дайындалудың пайдасы бар. Сондықтан, қазірден өзімізді сол қабірде жатқандардан қабыл етуіміз және өлмей тұрып оянуымыз керек. Пайғамбарымыз тағы: «Мына кісіге таң қаламын: ол дүниенің соңында, өлім де оның соңында» деген. Олай болса, «Насихат ретінде өлім жетеді» хадис шәрифін де ойлап, өлгендерден ғибрат алуға тырысу керек. |