Қажылықтың түрлері
Үш түрлі қажылық бар: 1- Ифрад қажылық: Бұл қажылықты орындаған адамға “муфрид қажы” деп айтылады. Ол ихрамға кірерде тек қажылық жасауға ниет еткен адам. Меккеде тұратындар тек муфрид қажы болады.
2- Қыран қажылық: Бұл қажылықты жасаған адамға Қарин қажы деп айтылады. Қажылыққа және умраға ниет еткен адам. Алдымен умра үшін тауаф және сайи етіп кейін ихрамын шешпей және шаштарын қырмай қажылық үшін қайтадан тауаф және сайи жасайды.
3- Тәматту қажылық: Бұл қажылықты жасаған адамға мутәматти қажы деп айтылады. Қажылық айларында (яғни Шәууал, Зүл қада және Зүл хижжаның алғашқы он күнінде) умра жасау үшін ихрамға кіріп және умра үшін тауаф және сайи жасап және шашын қырып ихрамнан шығады. Еліне қайтпай сол жылы тәруия күнінде немесе одан бұрын ихрамға кіріп, муфрид қажы секілді қажылық жасайды. Бірақ зиярат тауафынан кейін де сайи жасайды. Қарин және мутәматти қажылардың шүкір құрбанын союлары уәжіп болып табылады. Тәматту немесе Қыран қажылық жасаған адамдардың ішінен құрбандық союға мал таппай немесе мал ала алмау себебімен құрбандық шалуға мүмкіндігі болмағандар қажылық кезінде үш күн, қажылықтан кейін жеті күн етіп, барлығы он күн ораза тұтады. Оразаның алғашқы үш күнін ихрамға кіргеннен кейін қажылық айларының ішінде және құрбан айттың бірінші күнінен бұрын тұтуы керек. Меккеде тұтылған болуы да міндетті. Құрбандық шалу мүмкіндігі табылып қалар деген үмітпен бұл үш күндік оразаны соңғы уақытына дейін кешіктіру, яғни арапа күнімен бітетіндей етіп 7, 8 және 9 Зұлхижжа күндерінде тұтуы абзал. Тәматту қажылығында бұл оразаны қажылық үшін ихрамға кірмей тұрып умра ихрамынан кейін де тұтуға болады.
|