19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   


Баязид Бистами

Баязид Бистами хазреттері Силсилә-и алийаның бесіншісі. Әулиелердің сұлтаны деген атпен де әйгілі. Есімі Тайфур. Ол увәйси еді. Өзінен қырық жыл бұрын қайтыс болған имам Жафәр Садық хазреттерінің руханиятынан пайдаланды. 113 ғалымнан ілім үйренді. Үлкен ғалым, өте ізгілікті және әдепті еді.

Әлі анасының құрсағында кезінде кереметтері байқала бастады. Анасы оған жүкті кезінде күмәнді бір нәрсені аузына салатын болса, оны шығарғанға дейін ішінен түртпелейтін еді.

Бала кезінде бір күні мешіт ауласында ойнап жүрген еді. Шақиқ Бәлхи хазреттері «Мына бала өскенде заманының ең үлкен әулиесі болады» деді. Хадис ғалымдарынан бір кісі оны көргенде қатты ұнатып қалды. «Жақсы бала, намаз оқуды білесің бе?» деп сұрады. Баязид Бистами хазреттері «Иә, Аллаһтың қалауымен орындай аламын» деген кезінде, әлгі кісі «Қалай?» деп сұрады. Сонда «Йа, Раббым! Әміріңді орындау үшін тәкбір алып, Құран кәрімді жеке-жеке оқып, тағзыммен рукуға иіліп, қарапайымдылықпен сәжде етіп, қоштасып сәлем беремін» дегенде әлгі кісі қайран болып, «Ей, зерек бала! Сенде осы қасиет және терең түсінік бар бола тұра, неліктен адамдарға басыңды сипауға рұқсат бересің?» деп сұрады. Оған «Олар мені емес, Аллаһу та'аланың мені сәндеген сол сұлулықты сипайды. Маған қатысты болмаған нәрсеге қол тигізуіне тосқауыл болуым дұрыс па?» деді.

 

Анаға қызмет

Кіші жастарында оқи бастады. Мұқияттылықпен дәрістерін үзбей жүрді. Бір күні оқыған бір аяти каримасының (Лоқман сүресі: 14) әсерімен үйге қайтты. Анасы неліктен ерте қайтқанын сұрағанда былай жауаптады: «Үйренген бір аяти каримамда Аллаһу та'ала өзіне және сізге бағынуымды әмір етуде. Не сізге толық қызмет етейін, не мені жіберіңіз, тек Аллаһу та'алаға ғибадат етумен айналысайын» деді. Анасы «Сен мені қоя бер, Аллаһу та'алаға ғибадат жаса» деді. Бұдан кейін өзін Аллаһу та'алаға тапсырды, әмірлерінің ешбіріне немқұрайлы қарамады, бірақ анасына қызмет етуді де тастап қоймады. Анасының кіші қалауының өзін үлкен бұйрық ретінде қабылдап, қай жағдайда болсын, толық орындауға тырысатын еді. Өйткені Аллаһу та'аланың әмірі осындай еді.

Қыстың суық бір түні еді. Анасы жатарда су сұрады. Ол дереу атып тұрды. Бірақ су жоқ еді. Құдыққа барып, ыдысты толтырды. Үйге келгенінде анасының қайтадан ұйықтап қалғанын көрді. Оятуға қимады. Қолындағы ыдысымен күтіп тұрды. Ұзақ уақыттан кейін анасы оянып, «Су, су!» деген үнмен оянды. Баласының осы жағдайын көрген анасы «Балам, не үшін ыдысты қолыңда ұстап тұрсың?» деп сұрады. Сонда ол: «Сіз оянған кезіңізде суды дереу бере алу үшін осылай ыдысты қолымда ұстап күтіп тұрмын» деді. Анасы: «Йа, Раббым! Мен ұлымнан разымын, Сен де разы бол!» деп дұға етті. Бәлкім, анасының осы дұғасының себебімен Аллаһу та'ала оған әулиеліктің жоғары мәртебелеріне қауышуды нәсіп етті.

 

Ғибадаттың ләззаты

Жастық шағында орындаған ғибадаттарынан ләззат ала алмайтын еді. Бұл жағдайды анасына айтып беретін және тәрбиесінде, жетілдіруінде қандай да бір кемшіліктің бар-жоғын сұрайтын еді. «Ішімде мені Раббымнан ұзақтатып тұрған бір сезім бар. Бірақ себебін білмей тұрмын» деді. Анасы ұзақ ойланғаннан кейін «Балам, бір нәрсе есіме түсті. Сен әлі кішкентай едің. Көршілерге барған едім. Сен құшағымда жатқанда жылай бастадың. Еш жұбата алмадым. Жылауыңды тоқтату үшін ошақта пісіріліп жатқан сорпаға көршінің рұқсатынсыз саусағымды батырып, аузыңа салдым» деді. Бұған орай анасынан сол көршіге барып, халалдасуын (разылығын алуын) сұрады. Анасы халалдасқаннан кейін ғибадаттарынан ләззат ала бастады.

Бір түні сәрі уақытында «Аллаһ» деді. Кейін есінен айрылды. Есін жиғаннан кейін неліктен есінен айрылғанын жанындағылар сұрады. «Менің есімімді аузыңа алатындай сен кім боласың?» дегендей дауыс келе ме де қатты қорқтым да, осы себептен талып қалдым» деп жауаптады.

Біреу «Бұл дәрежелерге қалай қауыштыңыз?» деп сұрады. Оған «Барлық жерде Аллаһу та'аланың көріп тұрғанын және біліп тұрғанын ойлап, әдепке қатты мән беру арқылы» деген жауап қайтарды.

Бір түні отырған кезінде аяқтарын созған еді. «Сұлтанмен отырған адам әдепке мән беру керек» деген бір дауыс естіп, дереу аяқтарын жинап алды.

 

Ол айтатын еді:

Аллаһу та'аланы еске ал, тіліңді басқа істермен шұғылданудан қорға. Нәпсіңді есепке тарт. Ілімге жабыс және әдепті сақта. Мейірімді және жұмсақ бол. Аллаһу та'аланы ұмыттыратын барлық нәрседен ұзақ тұр. Бір адамның Аллаһу та'алаға деген сүйіспеншілігінің шынайы болған-болмағанының белгісі – бойында теңіздей жомарттық, күндей мейірбандық және топырақтай қарапайымдылық сияқты үш қасиеттің бар болуы.