19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Халал - Харам / Біреудің затын рұқсатсыз қолдану

Біреудің затын рұқсатсыз қолдану

Сұрақ: Өте жақын досымның затын оның хабарынсыз қолдануыма немесе азықтарын жеуіме болады ма?

Жауап: Біреудің затын рұқсатсыз қолдану харам болып табылады. Мысалы досының қаламын оның хабарынсыз алып, сол қаламмен хат жазу харам болады.

Досының қалтасындағы немесе үстеліндегі кәмпит сияқты нәрселерді жеу де осылай рұқсат емес. Тек өте жақын және жүз пайыз рұқсат беретіндігі мәлім болған досының затын қолдану немесе жеу рұқсат. Бірақ қазір ондай дос табу өте қиын. Сондықтан су-и занға (жаман ойлауға) себеп болатын нәрселерден сақтану қажет.

Фәтх-и Мусули хазрет бір досының үйіне барды. Досы үйінде жоқ еді. Қызметшісі ғана бар еді. Одан сандықтың кілтін сұрады. Қызметшісі оны танығандықтан кілтті берді. Фәтх-и Мусули хазрет сандықты ашып, қажетінше ақша алып, кетіп қалды. Досы мұны естігенде қатты қуанды. Дереу қызметшісін (құлын) азат етті.

Осындай жоғары дәрежеге жеткен бұрынғы әулиелер ақшаға қажеттілігі туындағанда досына жағдайды айтатын. Досы да «Қанша ақша қажет?» деп сұрамай, әмиянын шығарып беретін еді. Досы қажет болғанын әмияннан өзі алатын еді. Тіпті кейбірлері бір досы ақша сұраса, «Неге оның мұқтаждығын ертерек байқамадым, неге оны сұрауға мәжбүр қылдым» деп мұңайып жылайтын еді. Жиі жиі достар бір-бірінен мұқтаждығының бар-жоғын сұрасып тұратын еді. Онсыз да достан «Қалайсың?» деп сұрау «Қандай қажеттілігің бар болса айт, мүмкін болса шарасын табайық» деген сөз. Сөз болсын деп «Қалайсың?» деп сұрасу шынайы достыққа жатпайды.

 

Біреудің хатын оқу

Сұрақ: Маған кейбір достарымның ғаламторда кіммен хат жазысқаны, не жазғаны қызық. Қандай да бір жолмен немесе құпиясөзін бұзып біреудің электрондық поштасындағы хаттарын оқу, компьютердегі басқа да жазуларын және жеке суреттерін көру күнә ма, құл (кісі) хақысын жеуге жата ма?

Жауап: Өзі рұқсат берген болса, онда күнә болмайды. Рұқсатсыз қарау үлкен күнә болады, құл хақысына да кіреді. Жалпылама рұқсат берілетін болса да, компьютерінде жеке мәліметтері бар болғандықтан, қажеттілік мөлшерде көріп, «Тағы не бар екен?» деп ақтарып отырмау керек. Төрт хадис шәрифтің мағынасы мынадай:

«Досының жазуына рұқсатсыз қараған адам тозақ отына қараған болады». (Табарани)

«Досының хатына рұқсатсыз қараған адам отқа қараған болады». (Әбу Дауд)

«Рұқсатсыз бір үйдің ішіне қараған адам харам істеген болады». (Әбу Дауд, Тирмизи)

«Біреудің үйіне рұқсатсыз қараған адамның көзі ойылса да орынды болады». (Мүслим)

Біреудің жеке мәліметтеріне рұқсатсыз қарау кісі хақысына жатуымен қатар, она басқа біреуге көрсету де сөз тасуға, ғайбатқа кіреді. Бұлар да харам болып табылады. Бір адамға электрондық хат жібергенде ол хатта өз жазбаларынан басқа біреудің де жазбалары, бұған дейін берген жауаптары да бар болса, жасырын бөлімге басқалардың пошта адресін жазып, оларға да жасырын түрде жіберу – ол жазуларды басқаларға көрсету болады.

Осындай бір нәрсе жасалған болса, тәубе ету керек және ол адамнан кешірім сұрап, халалдасу (разылығын алу) керек.

 

Сұрақ: Жұмыс орнында программист болып, яғни жұмыстағы қызметкерлердің компьютерлерін қадағалаушы қызметін атқарамын. Біреудің жазбасына, компьютеріне рұқсатсыз қарау күнә болса, менің қарауым да күнә бола ма?

Жауап: Жұмысқа байланысты қажеттілік болмаса, қарау күнә болады. Қажеттілік бар болса, қажетінше қарауға болады.

 

Жеке істерде қолдану

Сұрақ: Жұмыс орнында ғана қолдануға арналған бір құралды бастықтан рұқсат алмай, өз істерімізде қолдануымыз күнә бола ма?

Жауап: Ешбір құралды рұқсатсыз қолдануға болмайды. Тек жұмыс орнына зияны тимейтін болса және әдет болған нәрсе болса, мысалы телефонды қуаттау, жұмыс орнының электр қуатын пайдаланып, электр ұстарамен қырыну, дәрет немесе ғұсыл үшін жұмыс орнының суын қолдану, компьютерде жеке хаттар жазу секілді нәрселерде көбіне рұқсат беріледі. Осы тұрғыдан рұқсатсыз қолдануға болады.