Ақшаның келетін және кететін жері
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: Халал ақша халалға, харам ақша харамға жұмсалады. Бұлар бір-біріне жұмсалмайды. Бір шәкірт ұстазына келеді де: «Ұстаз, біраз ақшам бар еді, қайырымдылық, жақсылық жасамақшымын, кімге берейін?» деп сұрайды. Ұстазы: «Көшенің басына бар, бірінші шыққан кедейге бер» дейді. Шәкірті «Құп болады» деп көшенің басына барып тұрады. Өте кедей, екі көзі көр, соқыр бір адам келгенде «Керек адамымды таптым» деп ақшаларын оған береді. Ертеңіне қайтадан сол жерден өтіп бара жатқанында соқырдың досына бір нәрсе айтып жатқанын байқап қалады да, не айтып жатыр екен деп қызығып қасына барады. Соқырдың «Кеше осы уақытта осы жерде тұрғанымда біреу келіп, маған бір уыс ақша берді. Алып дереу шарапханаға бардым, кешке дейін іштім» дегенін естіп қалады. Мұны естіп, «Менің ақшам шарапханаға кетіпті» деп мұңаяды. Тікелей ұстазына барады: -Ұстаз, мен абыржыдым. Айтқаныңыздай істедім, көшенің басына бардым, екі көзі көр, кедей бір адамға ақшаларымды бердім. Ертеңіне өтіп бара жатып, ақшаларын шарапханада тауысқанын естіп қалдым. -Мұның бір хикметі бар. Мә, мына менің ақшамды да ал, дәл сол жерге барып, бір кедейге бер! Шәкірті тағы «Құп болады» деп, көшенің басына барады. Біраз күтеді, өте кедей бір адамды көргенде «Аллаһ разылығы үшін алыңыз» дейді де, ақшаны оған береді, бірақ ішінен «Артынан аңдып көрейін, қай шарапханаға барады екен» деп ойлайды. Кедей алдында, шәкірт те жасырынып артынан жүреді. Кедей бір үйге жақындағанда қойнынан өліп қалған бір шіл (құс) шығарып, қоқысқа тастайды да, үйге кіреді. Шәкірт те артынан кіріп айтады: -Кешіріңіз, бір нәрсе сұрайын деп едім. -Әй, сен әлгі бағана маған ақша берген адам емессің бе? -Иә, менмін. Қоқысқа не үшін өлген құсты тастадыңыз, кейін неге үйге келдіңіз, ақшаларды қайда жұмсадыңыз? -Ақша өзімде. Құсқа келер болсақ, біз 3-4 күн бойы ашпыз. Әйелім екеуміз сабыр етудеміз, бірақ балалардың жылағанына шыдай алмадық. Мен де қайыр сұрауды жек көремін. Осы себептен өлген шілді тауып, зәру жағдай деп, ең болмағанда балаларым жесін деген оймен үйге алып келдім. Пісіріп балаларға бермекші едім, бір сен ақшаны бергенде Аллаһу та'ала халал ақша жіберді деп құсты қоқысқа тастап жібердім. Әрі жанұямды қуантайын деп, әрі үйге қандай заттар қажет деп сұрап, әуелі қажетті заттарды сатып алу үшін осында келдім. Бұл сөздерді естігеннен кейін шәкірт ұстазына барады. Ұстазы «Ақша қайда кетті?» деп сұрағанда болған оқиғаны айтып береді. Осыған орай ұстазы айтады: «Имам Ағзам хазреттерінің бір сөзі бар. Ақшаның жұмсалған жерінен келген жері мәлім болады. Менің халал ақшамның қайда кеткенін өзің көрдің. Сенің табысың жаман еді, жаман жерге жұмсалды. Ал енді айып кімде?» |