Мұсылмандар тозаққа кіреді ме?
Сұрақ: Мүминун сүресінің «Таразыда сауабы жеңіл болғандар – өздерін обал қылғандар, тозақта мәңгі қалады» мағынасындағы 103-ші аяты тозаққа түскен мұсылмандардың да тозақта мәңгі қалатынын көрсетіп тұрған жоқ па? Жауап: Жоқ, тозақта мәңгі қалатындар – кәпірлер. Күнәсі көп болған мұсылмандар кешірімге және шапағатқа қауышпаса, жазасының мөлшерінде тозақта қалады. Бұл қате мағыналы аударма оқудың, Құран кәрімге өз пікірі бойынша мағына берудің нәтижесі. Әркім тозаққа кіреді, біреулер еш азап шекпестен шығады, біреулер аз, біреулер көп, біреулер мәңгі қалады. Бір аяти кариманың мағынасы: «Араларыңда тозаққа кірмейтін ешкім жоқ. Бұл Раббының нақты үкімі. Аллаһтан сақтанғандарды ол жақтан құтқарып, залымдарды (кәпірлерді) тізерлетіп отырғызып, ол жақта қалдырамыз.» (Мәриям 71, 72) «Иман келтіріп, имандарын ширкке араластырмағандар тозақта мәңгі қалудан сақ. Оларға ондай қорқыныш жоқ.» (Әнам 82) Тозаққа кіріп, ол жерден шыққан адам мәңгі жәннаттық болады. Бір аяти кариманың мағынасы мынадай: «Әр адам өлімді татиды. Қиямет күні сауаптарың сендерге міндетті түрде өтеледі. Тозақ отынан ұзақтатылып, жәннатқа кіргізілген адам құтылды деген сөз.» (Али Имран 185) Аяти карималарды түсіндірген пайғамбарымыз алейһиссалам былай дейді: «Аллаһу та'ала иман иелеріне тозақта күнәларының мөлшерінде азап береді. Кейін имандарының себебімен мәңгілікке жәннатқа жіберіледі.» (Әбу Нуайм) «Жүректерінде титімдей иманы бар болған адам тозақта мәңгі қалмайды, тозақтан шығарылады.» (Бұхари, Мүслим) «Тозақ халқының бір бөлігі өлмейді де, азаптан құтылмайды да, өмір таппайды да. Ал бір бөлігі өліп, көмірге айналады. Сол кезде шапағат етілуге рұқсат шығады. Олар жәннат жағалауына дейін әкелінеді, жәннат халқына «Бұларды өмір өзендерінде жуындырыңдар» делінеді. Жуылғаннан кейін жаңадан өсіп шыққан жас шөп сияқты өмір табады.» (Мүслим, Ибн Мажа, Дарими) «Тәуһид иелерінен кейбірлері күнәларының себебімен тозаққа кіргенде пұтқа табынғандардың оларға «Аллаһқа сенгендерің сендерге пайдасын тигізбеді» деп айтуына орай Аллаһу та'ала ашуланады. Иман иелерін тозақтан шығарып, өмір өзендерінде жуындырады. Таза күйде жәннатқа кіреді.» (Әбу Нуайм) «Жақсы-жаман барлық адам тозаққа кіреді. Тек мүминге тозақ салқын және саламаттық болады, Ибраһимге оттың салқын болғанындай. Аллаһ тақуа болғандарды құтқарады, ал залымдарды ол жақта етбетімен қалдырады.» (Ибн Мажа) «Шапағат етуді жалғастырамын және шапағатым қабыл болады. Йа, Рабби, лә илаһа иллаллаһ Мухаммадун Расулуллаһ деген әр адамға шапағатымды қабыл ет деймін. Осылайша титімдей иманы бар болған адам тозақта қалмайды.» (Дәйләми) «Сансыз адам тозаққа кіреді. Ал маған шапағатқа рұқсат беріледі. Сәждеге жатып шапағат сұраймын. Сол кезде «Басыңды көтер, шапағатың қабыл етілді» делінеді.» (Табарани) «Уаллаһи тозаққа кірген мүмин ол жерде 80 жыл қалмағанша шыға алмайды.» (Дәйләми) Имам Раббани хазреттері де «Иман иелері күнәларының кесірінен тозаққа кіргенде беттері қара болмайды және шынжырмен ұрылмайды. Жазаларын шеккеннен кейін тозақтан шығарылады» деді. (2/67)
Тозақ жақпайды ма? Сұрақ: «Сенімі дұрыс болған мүмин тозаққа кірсе де, азап көрмейді» делінеді. Бұл дұрыс па? Жауап: Иә, дұрыс. Имам Раббани хазреттері сенімі дұрыс болған, яғни Әһли сүннет сенімінде және күпірге түспеген мүминдердің, күнәсі көп болса да, тозаққа мүлдем кірмейтінін білдіруде. (1/266) «Мүлдем кірмейді» дегені – «Кірсе де, азап көрмейді» деген сөз. Үш хадис шәриф: «Жақсы-жаман әркім (тозақ үстіне құрылған сыраттан) өтеді. Ибраһим алейһиссаламға оттың салқын болғанындай, тек мүминге салқын және саламаттық болады. Тозақ «Мүминнің нұры отымды сөндіріп жатыр» деп айқайлайды. Бұдан кейін Аллаһу та'ала тақуа (харамнан аулақ) болғандарды құтқарады, ал залымдарды ол жақта етбетімен қалдырады.» (Ибн Мажа) «Қияметте тозақ мүминге «Тез өт, ей, мүмин! Нұрың отымды сөндіреді» деп айқайлайды.» (Табарани) «Мүминдерге тозақтың ыстықтығы монша ыстықтығындай болады.» (Әбу Нуайм) |