Ғаріп жолаушы сияқты болу керек
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: Бүкіл бақыттылықтың қайнарын, жетістіктердің негізін, баршамен жақсы қарым-қатынаста болудың, қысқасы екі дүние бақытының жолын мына хадис шәриф білдіруде: «Бұл дүниеде ғаріп немесе жолаушы сияқты бол және өзіңді өлген, қабірдегі адам деп сана!» Бұл дүниеде өзімізді туған жерімізде емес, тілін, жерін, мекен-жайын білмейтін, ешкімді танымайтын бір жерде күнкөріс үшін еңбектеніп жүрген ғаріп деп қабылдауымыз қажет. Ғаріп дегеніміз – танысы, жәрдемшісі болмаған шарасыз адам деген сөз. Пайғамбарымыз алейһиссалам адамдармен карым-катынаста осындай ғаріп болу керек екенін білдіруде. Ғаріп кезімізде адамдармен қалай жақын қарым-қатынас құра алмасақ, әр уақытта да баршамен көңіл байланысын үзуіміз керек. Адам шөл ортасында қалса, айналада тірі жан, су, ағаш та жоқ болса, яғни ештеңесі болмаса не істейді? Әрине «Аллаһ» дейді. Аллаһу та'ала адамдар арасында жүргенде де осылай рухани жақтан бөтен елде қалып койғандай мұңды, ғаріп болғандарды жақсы көреді. Ғаріп болу, өзін өлген деп санау дегенді қалай түсіну керек? Ол айналамыздағы жақындарымызға емес, тек Аллаһқа жүгіну деген сөз. Ең жақсы дос – Аллаһу та'ала. Жора-жолдастың пайдасы тым шектеулі, бұл да тек Аллаһтың рұқсатымен жүзеге асады. Олармен көріскенде барлық нәрсенің Аллаһтан келетінін ұмытпау керек. Аллаһу та'аланы ұмытып, қандай да бір жақсылықты тікелей сол адамнан деп білу өте қауіпті. Дайындалып жіберілген бүкіл ниғметтер сөзсіз Аллаһтан келеді. Бірақ оны алып келу, дайындау жұмыстарын кейбір құлдарына нәсіп етіп, жасатқызады. Осылайша Аллаһу та'ала оған сауап жазады. Адамды хидаятқа (тура жолға) қауыштыратын, оған дұрыс бір діни кітап беретін де Аллаһ. Бірақ оны да басқа ниғметтер секілді, тікелей өзі бермейді, бір себеп, бір пендесі арқылы береді, өйткені сол себеппен әлгі құлға сауап беріп, оны да құтқаруды қалайды. Мұсылман өзінің жолаушы екенін білуі керек, жолаушы сияқты әрекет етуі қажет. Жолаушы билетін алған, жолсандығы қолында, аз уақыттан кейін жүретін көлікке мінуге дайын күтіп отырған адам деген сөз. Жолға шығатынынан хабарсыз болған біреуге «Жинал, жолға шығасың» дегенде оның жағдайын ойлап көрейік. Дайындық жасаған адамның рахат отыруы қайда, дайындалмаған адамның абыржуы қайда? Дайын болмаған адам сасқалақтайды, әрі-бері жүгіріп, «Ойбай, мына зат керек еді, пәлен зат жоқ қой! Енді мен не істеймін?» дейді, бірақ қолынан ештеңе келмейді. Сондықтан ахирет жолаушысының әр сәтте өлімге дайын болып күтіп жүруі керек. «Кеттік» дегенде «Мен дайынмын» деген адам қандай бақытты! |