21 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     23 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / Иман / Періштелер және Ібіліс

Періштелер және Ібіліс

Сұрақ: Ібіліс лағнеттелуден бұрын періштелердің ұстазы ма еді?

Жауап: Иә, періштелердің ұстазы және басшысы еді. Ислам ғалымдары былай деген:

Аллаһу та'аланың әмірімен бүкіл періштелер Адам алейһиссаламға қарай сәжде етті. Періштелердің ұстазы болған Ібіліс бұл әмірді тыңдамады, сәжде етпеді. Имам Салеби хазреттерінің Ибн Аббас хазреттерінен риуаят еткені бойынша, Ібіліс періштелермен бірге еді. Оттан жаратылған жындар тайпасынан еді. Ал періштелер нұрдан жаратылды. Ібілістің әуелгі есімі Әзәзіл болатын. Ол жәннат қарауылдарының бірі еді. Бүкіл әлемде аспан періштелерінің басшысы еді. Дүние аспанының және жерінің сұлтаны еді. Періштелерден білімде үстемірек еді. Аспан мен жер арасын басқаратын еді, осы себептен өзін жоғары санады. Бұл жағдайы оны Аллаһқа қарсы шығуға жетеледі. Аллаһу та'ала оны мейірімінен алыстатты. (Жамиул Ахкам)

Ибн Аббас хазреттері былай деген:

«Ібіліс жәннат қарауылдарынан еді, бүкіл әлемде аспанның істерін басқарған еді.» (Бәйһақи)

Саид бин Мусәиб айтқан:

«Ібіліс – періштелердің басшысы, ұстазы еді.» (Ибн Жәрир, И.Суюти)

Ахмед Рифаи хазреттері шәкірттерімен сұхбаттасып отырғанында адамдардың өздерін ұнатуына қатысты сұралған бір сұраққа берген жауабында былай деді:

«Білімінің артық, амалының көп болуымен тәкәппарлыққа түскен адам марифет иесі емес. Өйткені шайтан да өте білімді еді. Қате пікірімен оттың топырақтан үстемірек екенін мәлімдеді. Алайда ол періштелерге ұстаз еді. Соңында өз нәпсінің үстем екенін айтып тәкәппарланды. Осылайша Аллаһу та'аланың азабына ұшырады және лағнетке (қарғысқа) лайықты болды. Мәңгілікке мейірім шекарасынан қуылды.» (Әулиелер Энциклопедиясы)

«Періштелердің басшысы Ібіліс еді.» (Рехбер Энциклопедиясы)

 

Сұрақ: Құранда Ібіліске емес, періштелерге сәжде жасау бұйрығы берілгендігі айтылуда. Шайтанға ондай бұйрық берілмеген болса, онда неліктен шайтан жазаланып, лағнеттелді?

Жауап: Астағфируллаһ, Аллаһу та'аланың қате, қажетсіз бір нәрсе істеуі, хабар берместен жазықсыз бір махлұқын жазаландыруы, яғни зұлымдық жасауы әрине мүмкін емес! Ол періштелермен бірге тұратын еді, олардың ұстазы еді. Аллаһу та'ала арасында Ібіліс те бар болған періштелердің тобына әмір берді. Ол топта Ібіліс болмағанда еді, берілген әмірден жауапкер болмас еді. Аяттарда «Бірақ Ібіліс сәжде етпеді» делінген болса, демек, Ібіліс те сәжде жасау әміріне қатысты еді. Бір аяти кариманың мағынасы мынадай:

«Періштелерге "Адамға сәжде етіңдер" деген едік. Ібілістен басқа бәрі сәжде етті. Ол жындардан еді. Раббының әмірінің сыртына шықты. Қазір сендер мені тастап, Ібіліспен және оның жақтастарымен дос болып жүрсіңдер ме? Алайда олар сендердің дұшпандарың. (Шайтанның жолынан кеткендермен достасып, жәннатты беріп, тозақты алу) залымдар үшін қандай жаман айырбастау.» (Кәһф 50)

Шайтанның сәжде етуге әмір алғандығын білдіретін екі хадис шәриф мағынасы мынадай:

«Адам баласы сәжде аятын оқып, сәжде еткенде шайтан жылап алыстайды. Кейін айтады: Маған обал болсын, адам баласы сәжде ету әмірін алды да, сәжде етті, сол үшін жәннатқа қауышты. Мен де сәжде жасау әмірін алдым, бірақ қарсы шыққаным үшін тозаққа лайықты болдым.» (Мүслим)

«Тәкәппарлықтан сақтаныңдар. Тәкәппарлық шайтанды сәжде етпеуге ынталандырды.» (И.Асакир)

 

Сұрақ: Ібіліс хазреті Адамға сәжде етпегені үшін неліктен лағнеттелді? Шайтанның хазреті Адамға сәжде етпеуінің Аллаһқа қарсы шығуға не қатысы бар? Әрі Аллаһқа қарсы шыққан болса да, қарсы шығу лағнеттелуге, күпірге себеп болады ма? Неліктен Аллаһ өзіне емес, хазреті Адамға сәжде жасауды бұйырған?

Жауап: Сәжденің Адам алейһиссаламға емес, Аллаһ үшін жасалуы талап етілді. Яғни хазреті Адам бағытында Аллаһқа сәжде ету бұйырылды. Біз де қағба бағытында Аллаһ үшін сәжде жасаймыз. Қағбаға сәжде жасамаймыз. Періштелермен бірге Ібіліске Адам алейһиссалам бағытында Аллаһқа сәжде жасауы әмір етілді. Ал Ібіліс бұл әмірді қате деп санап, сәжде етпеді. Яғни Ібіліс сәжде ету әмірін орындамағандықтан емес, Аллаһтың әмірін қате деп санағандықтан лагнеттелді.

Намаз оқымайтын, ораза ұстамайтын адамның жағдайы Аллаһқа қарсы шығу болғанымен, оған кәпір делінбейді. Бірақ намазды, оразаны қажетсіз деп санаса, кәпір болады.

Міне, шайтан да Аллаһтың әмірін дұрыс деп санамай «Мен оттан, ол болса топырақтан жаратылды. Оттан жаратылған бір болмыстың топырақтан жаратылған бір болмысты құбыла қылуы қателік» деп сәжде жасамады және мәңгілікке лағнеттелді.

 

Періште мен шайтан

Сұрақ: Әр адамның қасында бір періште және бір шайтан бар ма? Сондай-ақ Ислам Ахлақы кітабында «Шайтаным мұсылман болды» хадисі өтеді. Бұл не деген сөз?

Жауап: Әр адамның қасында бір шайтан болғанындай, әркімнің қасында бір періште де бар. Шайтан адамның жүрегіне жаман ойлар, уәсуәсалар салады. Ал періште адамға жақсы ойлар береді. Үш хадис шәриф мағынасы:

«Періштеден келген илхам Ислам дініне сай болады. Шайтаннан келген уәсуәса Ислам дінінен айрылуға себеп болады.» (Тирмизи)

«Аллаһу та'ала менің жанымдағы шайтанның уәсуәсасынан мені қорғады.» (Бәриқа)

«Аллаһу та'ала маған нәсіп етті. Шайтаным мұсылман болды.» (Бәриқа)

Бұл жердегі мұсылман болды дегені «Бағынды, маған зиян тигізе алмады» деген сөз. Онсыз да мұсылман – бағынған, ешбір шартсыз мойынсұнған адам деген сөз.

 

Шайтан неге кәпір?

Сұрақ: Шайтан Аллаһты таниды. Жәннат пен тозақты көрді. Күнә істеушілердің тозақта жаза көретінін біледі. Осы себептен адамдарға уәсуәса (жаман ой) береді. Күнәға және күпірге итермелейді. Күпірге түскендердің тозақта жазаланатынын білгендіктен, тоқтамай уәсуәса береді. Шайтан мұсылманның сенуі керек болған барлық нәрсеге сенеді. Тек Аллаһтың бір бұйрығын орындамады. Ал мұсылман Аллаһтың көптеген әмірін орындамайды. Шайтан бір күнә үшін неліктен мәңгі тозақтық болды?

Жауап: Шайтан күнәсі үшін емес, күпірі үшін мәңгі тозақтық болды. Аллаһтың әмірін орындамағаны үшін емес, ұнатпағаны үшін, яғни Аллаһтың оттан жаратылған бір құлының топырақтан жаратылған бір құлға сәжде ету әмірін қате екенін айтқаны үшін күпірге түскен және күпіріне өкінбеген. Қазір бір мұсылман мүлдем ішкілік ішпесе де, «Мас қылмайтындай аз мөлшерде ішкілік ішу күнә болмайды» десе, күпірге түскен, кәпір болған болады. Өйткені діннің әмірін ұнатпаған болады. Шайтан да Аллаһу та'аланың әмірін ұнатпағандықтан кәпір болған. Сондықтан дініміздің қандай да бір әмірін ұнатпаудан қатты сақтану қажет.