19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Өлімді еске алудың құндылығы

Өлімді еске алудың құндылығы

Сұрақ: Өлімді еске алудың құндылығы қандай? Өлім деген не, өлімнен қорқу керек пе?

Жауап: Әрбір мұсылман жәннат пен тозаққа сенеді. Тозақтан құтылуды, жәннатқа кіруді қалайтын ақылды адамның өлімге дайын болуы қажет. Өйткені пайғамбарымыз «Ақылды адам – өзін есепке тартып, өлімге дайындалған адам» дейді. Бір нәрсеге дайындалу оны жиі жиі еске алу арқылы іске асады. Ал еске алу еске түсіретін нәрселерге қарау арқылы, оларды орындау арқылы мүмкін болмақ. Жалпы алғанда, барлық адамдар өлімнен ғапіл. Бір аяти каримада: «Есепке тарту уақыты жақындағанына қарамастан адамдар ғапілдік ішінде бұдан бет бұруда» делінген. (Әнбия 1)

Дүниенің пайдасыз зауықтарына алданған адам өлімнен хабарсыз өмір сүреді. Оған өлім туралы айтылған кезде жақтырмайды. Пайғамбарымыз «Кім өлімді жақтырмаса, Аллаһ та оны жақтырмайды» деген. Аллаһу та'ала да: «Қашып жүрген өлімдеріңе міндетті түрде ұсталасыңдар» деген. (Жұма 8)

Күнәлардан сақтанып, ғибадаттарын орындаған адам, өлімді қаламаса да, жақтырмаған болып саналмайды. Өйткені ол кемшіліктерін толықтырумен айналысуда. Бір адамға сүйіктісі дереу кел десе, ол адам жуынса, қырынса, жаңа киім киюмен, сүйіктісіне сыйлықтар алумен әуре болса, кешіккені үшін сүйіктісіне қауышуды жақтырмаған болып саналмайды. Яғни өлімді ұнатпауы кешірімді. Өйткені өлімге дайындық жасауда.

Әбу Сүлейман Дарани хазреттері бір салиха әйелден «Өлімді жақсы көресің бе?» деп сұрады. Ол «Жоқ, жақсы көрмеймін» деп жауаптады. Себебін сұрағанда: «Біреуге қатысты қателік жасап қойсам, оның бетіне қарауға ұяламын. Оны көргім келмейді. Осыншама күнә арасында, күнәлардан құтылмастан Аллаһу та'аланың алдына шығуды қалайша жақсы көре аламын?» деді.

Ал әулиелер өлімді үздіксіз ойлап жүреді. Өйткені олар өлімге әрдайым дайын. Сондай-ақ, олар өлімнің сүйіктімен қауышу уақыты екендігін біледі. Өлім – досты досқа қауыштыратын көпір. Бұл көпірден өтпеген адам сүйіктісіне қауыша алмайды. Әулиелер осы себептен өлімді жақсы көреді.

Хазреті Мәулана да Әзірейіл алейһиссаламға «Тез кел, жанымды тезірек ал, мені Раббыма дереу қауыштыр» деген. Сүйген сүйіктісімен кездесетін күнін ойынан шығарады ма, сол күннің бір сәтте келетінін қатты армандамайды ма? Тіпті өлімнің кешіккенінен жаны тыныштық таппайды. Бір сәтке болса да ертерек оған қауышуға ұмтылады.

Хазреті Хузейфа өлім төсегінде жатқанында: «Дос кенеттен басып келді, өкіну пайда бермейді. Йа, Раббым, өмір сүру маған қайырлы болса, өмір сүруді нәсіп еті, өлім маған қайырлы болса, өлім жолын маған жеңілдет» деп дұға еткен. Мұсылмандар да осылай дұға етуі керек.

Әр уақытта, жақсы және жаман жағдайларда да өлімді еске алудың қасиеті көп. Өйткені дүниенің пайдасыз зауықтарына қатты беріліп кеткен адамның өзі өлімді көп еске алу арқылы дүниенің лас істерінен ұзақтай бастайды. Уақыт өте дүниенің қиындықтары оған ауыр келеді, зауықтарын ұнатпайды. Осылайша дүниенің пайдасыз істерінен суытатын барлық нәрсе – құтылу себебі.

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Өлімді еске алу күнәлардан қорғайды.» (Ибн Әбиддуния)

«Өлімді еске алу садақа беру сияқты сауапты.» (Дәйләми)

«Өлімді көп ойлайтын адамның жүрегі жанданады, өлімі де оңай болады.» (Дәйләми)

«Өлімді көп ойлау адамды дүниеден тартады, күнәлардан ұзақтатады.» (Ибн Лал)

«Ең ақылдыларың – өлімді көп ойлаған, ахирет үшін азық жинауда асыққандарың. Өлімді көп ойлаған адам дүние мен ахирет бақытына қауышады.» (Табарани)

«Ләззаттарды жоқ қылатын, ауыз дәмін бұзатын, үміттерді үзетін өлімді көп ойлаңдар! Өлімді қиындықта ойлаған адам рахат табады. Молшылықта ойлаған адам қажетсіз істен, ысыраптан қашады, қанағатшыл болады.» (И.Хиббан)

«Аллаһтан ұялатын адам өлімді ойламай тұрып жатпайды, харам азық жемейді, зинадан қашады, көзі мен құлағын харамдардан сақтайды, өлгеннен кейін шіритінін ойлайды.» (Табарани)

«Өлімді еске алу күнәлардан қорғайды және дүниеден (Аллаһу та'аланың разылығына бөгет болған барлық нәрседен) сақтайды.» (Ибн Әбиддуния)

«Темірдің тоттанғаны сияқты, жүректер де күнәмен тоттанады. Жүректің жылтыры – өлімді көп ойлау және Құран кәрім оқу.» (Бәйһақи)

«Өлімді көп ойлап, күнәлардан сақтанған адамның қабірі жәннат бақшасы болады. Өлімді ұмытып, күнәларға берілген адамның қабірі тозақтың шұңқыры болады.» (Суфян Сәури)

Адамдар бір кісіні қатты мақтады. Сол жерде болған Расулуллаһ алейһиссалам «Ол адам өлімді еске алады ма?» деп сұрады. Адамдар «Өлім жайлы айтқанын естімеппіз» деп жауаптады. Сонда «Өлімді ойламайтын адам қадірлі бола алмайды» деді. (И.Әбиддуния)