19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   


19) Вильям Пикард (ағылшын)

Бір хадис шәрифте: «Әрбір сәби мұсылмандыққа бейім болып туылады. Оларды кейіннен ата-аналары яһуди, христиан немесе мәжуси етеді» делінген.  Олай болса, мен де мұсылман болып туылғанмын. Бірақ, мұны түсінуім үшін арадан көп жылдар өтті. Мен әлі бала кезімде өткен тарихты зерттеуге қатты қызығатынмын. Униврситетті бітіргеннен кейін жазушылықпен айналыса бастадым. Ол кезде әлі танымал жазушы емес едім. Кім болатыным да белгісіз болатын. Маған христиан ретінде Аллаһ және Аллаһқа ғибадат жасау туралы біраз нәрселер үйретілді. Мен тек олардың үйреткеніне ғана емес, тарихтан өзім оқыған сыпайылық пен батырлықтың үлгісі болған барлық тұлғаларға ғибадатқа ұқсағандай бір байланыс сезетін едім. Ақыр соңында маған ол кезде Англияның отары болған Угандада бір қызмет тапсырылды. Африкаға барғанымда ондағы өмірдің мүлдем басқаша екенін көрдім. Ондағы адамдардың өмір сүру салты, әлемде болып жатқан құбылыстарға деген сезімдері, бір-бірімен қарым-қатынастары Англияда ойлағаныма, жобалағаныма мүлдем сәйкес келмеді. Ондағы адамдар алғашқы қауымдық өмір салтын және бастарына түскен әр түрлі қиындықтарды тәуекелмен қарсы алады, тіпті ең үмітсіз жағдайларда да қуаныштарын жоғалтпайды, қаншалықты кедей болса да, бір-біріне көмек беруден ешқашан тартынбайды. Олар бір-бірімен біз сияқты адамдар түсінбейтін бір сүйіспеншілікпен, мейіріммен байланысқан еді. Шығыс әлемі мені мектепте қатты қызықтыратын еді. Кембриджде «Мың бір түн» ертегілерін қызықтана оқыған едім. Енді Африкада нағыз шығыстықтардың қасында бұл кітапты қайтадан қолыма алдым. Угандада өткізген осы қиын және ауыр өмірім мені шығыстықтарға ақырындап жақындатты. Енді «Мың бір түн» ертегілерін оқып жатқанда оларды Угандалықтармен салыстырып, олармен бірге өмір сүргендей болдым.

Мен бұл жердегі өмірге дағдыланған кезімде бірінші дүниежүзілік соғыс басталды. Әскерге алыну үшін тиісті мекемеге өтініш білдірдім, бірақ денсаулығыма байланысты мені әскерге алмады. Денсаулығым біраз жақсарғаннан кейін қайтадан өтініш білдірдім. Бұл жолы мені қабылдап, Францияға, неміс майданына жіберді. 1917 жылғы үрейлі Сомме соғыстарына қатыстым. Осы соғыстарда жараланып, немістерге тұтқынға түстім. Немістер мені Германияға алып барып, сол жақта ауруханаға жатқызды. Ауруханада өте қорқынышты нәрселер көрдім. Адамдар осы соғыстың кесірінен қиналып жатқан еді. Ауруханаға бірнеше орыс тұтқындарын алып келді. Олар дизентериядан өте нашар жағдайға түскен еді. Германияда тамақ жеу мәселесі қиын еді. Тұтқұндарға, ауруларға жеткілікті мөлшерде тамақ бере алмайтын. Мен аштықтан қатты қиналдым. Оң қолым мен оң аяғымдағы жара жазылмай қойды. Аяқ-қолым істемей сал болдым. Немістерге өтініш жасап, осы жағдайыммен ешқашан жауынгер ретінде жарамайтыным үшін Швейцариядағы тұтқындарды ауыстыру комиссиясы арқылы өз еліме жіберуін сұрадым. Немістер өтінішімді қабылдап, мені Швейцарияға жіберді. Швейцарияда мені қайтадан ауруханаға жатқызды. Аяқ-қолым жарамсыз болып қалған еді. Менің жағдайым енді не болады? Қалай өмір сүремін?» деп ойлаған сайын өмірден үмітімді үзе бастадым. Дәл осы кезде ойыма Угандада сатып алған бір кітаптан оқыған Құран кәрімнен алынған біраз жұбататын аяттар түсті. Сол кезде мен бұларды қызығушылықпен, сүйіспеншілікпен қайта-қайта оқып, жаттап алған едім. Бұларды көңілімнен өткізіп, күнде көп-көптен қайталай бастадым. Сол кезде ішімде бір рахаттық сезімі пайда болып, үміт есіктері ашыла бастайтын еді. Шынында да солай болды. Швейцариялық дәрігерлер маған тағы бір рет операция жасады. Аяғым жазыла бастады. Бұл жерде мен Құран кәрімге қарыздармын. Аяғымды басар-баспас алғашқы ісім дереу кітапханаға барып, Саваридің Құран кәрім аудармасын сатып алу болды. [Бұл кітап менің әлі күнге дейін ең құнды досым.] Бұл жолы Құран кәрімді басынан аяғына дейін оқуды бастадым. Оқыған сайын жүрегім рахаттанып, рухым көтерілгендей болды. Аяғым толық жазылды, бірақ оң қолым әрекетсіз болып қалды. Осыған орай, Құран кәрім әмір еткендей, тәуекел етіп, сол қолмен жазуды үйрендім. Осы тәуекелдің арқасында бұл іс өте оңай болды. Сол қолмен жазып үйренгеннен кейін алғашқы ісім сол қолмен Құран кәрімнің аяттарын жаза бастау болды. Кезінде бір Ислам кітабын оқып, ондағы бір оқиға маған қатты әсер еткен еді. Бұл оқиғада бір мазаратта қабірлердің қасында қалған бір жас жігіт айналасындағыларды білместен және қайда екендігін ойламастан Құран кәрім оқығаны жайлы айтылған. Міне, мен де өзімді оның орнына қойып, өзімді Аллаһу та’аланың рақымдылығына тапсырып, Құран кәрімді оқыған едім. Яғни, мен бұдан былай мұсылман болған едім.

1918 жылы Лондонға қайттым. 1921 жылы Лондон университетінде араб тілі сабақтарын ала бастадым. Бір күні маған араб тілі оқытушысы ирактық Бай Белшах Құран кәрім туралы айтып берді. «Сену немесе сенбеу еркіндігі өздеріңде. Бірақ, оның өте қызық және зерттеуге лайықты кітап екенін көресіңдер» деді. Мен оған: «Құран кәрімді білемін, оны оқыдым, тіпті өте көп рет оқыдым, оған сенемін» дегенімде, ол таң қалды. Бірнеше күннен кейін мені Ноттинг Хилл Гейттегі Лондон мешітіне алып барды. Бір жылдай сол жердегі ғибадаттарға қатыстым. 1922 жылы ресми түрде мұсылман болдым.

Қазір 1950 жылдамыз. Осы күнге дейін Исламның бұйрықтарын берік ұстанып, бұдан үлкен ләззат алдым. Аллаһу та’аланың құдіретінің, рақымдылығының, қамқорлығының шегі жоқ. Өмір жолында біз алып жүре алатын және арғы дүниеге де алып бара алатын бірден-бір қазынамыз – Аллаһу та’аланы мадақтау [Оған алғысымызды білдіру] және Сол ұлы құдірет иесіне сүйіспеншілікпен байлану, Оған ғибадат ету.