Әли Рамитани
Әли Рамитани хазреттері Силсилә-и алийаның он екіншісі. Бұхара маңындағы Рамитан ауылында туылған. Баршаға жол көрсеткен, жүрегінен нұр шашыраған Махмуд Әнжир Фағнауи хазреттерінен көп пайдаланды. Әулиелік дәрежелеріне қауышты. Материялдық ғылымдарда да жетілді. Ғибадат пен дәрістерден кейін халал азық табу үшін тоқымашылықпен айналысатын еді. Осы себептен оған тоқымашылардың шәйһі мағынасындағы «Пир-и Нәссаж» дейтін еді. Бір шәкірті оған тамақ алып келген еді. Сонда ол шәкіртіне: «Алып келген бұл тамағың қиналып тұрған кезімізде көмек болып тиді. Сен де бізден не тілегің бар болса, сұра! Өйткені қажеттілік сұрау есігі дәл қазір ашық» деді. Жігіт «Ілімде және әулиелік дәрежеде сізге ұқсаудан басқа қалауым жоқ!» деп жауаптады. Сонда «Өте қиын және жүгі ауыр іс сұрадың. Сен мұның жүгін көтере алмайсың» деді. Жігіт «Дүниеде жалғыз қалауым – дәл сіз сияқты болу. Бірақ сонда да әрбір әміріңізге разымын» деді. Сөйтіп ол жас жігітке тәуәжжуһ етті. Әлгі жігіт біршама уақыттан кейін захир және батын ілімдерінде Аллаһу та'аланың рұқсатымен ұстазының дәрежелеріне көтерілді. Бірақ махаббатқа мас болып, есін жоғалтты. Осылайша қырық күн өткеннен кейін қайтыс болды. Оған бір сәтте өз дәрежелерін беріп, өзі сияқты қылғаны үшін екі азиз (құрмет) мағынасында есімі «Азизан» болып қалды. Әли Рамитани хазреттері өмірінің соңына қарай Бұхарадан Харезмге келді. Сур есігіне тоқтады да, сол жердің патшасына екі шәкіртін жіберді. «Сұлтанға барыңдар. "Бір кедей тоқымашы қалаңызға келіпті. Рұқсат берсеңіз, осында қалады, рұқсат бермесеңіз, кері қайтады" деп айтыңдар. Егер рұқсат берсе, сұлтанның қолынан мөрленген құжат алыңдар» деді. Шәкірттері барып, сұлтанға жағдайды айтып берді. Сұлтан мұндай талапты бірінші рет естігендіктен, оғаш қабылдады, дегенмен, мөрленген құжатын берді. Бұл құжатты шәкірттері алып келді. Азизан хазреттері қаланың шетіндегі бір жерге орналасты. Күнде жұмысшылар жиналатын базарға барып, жұмысшылардан бірнеше адам алатын еді. Оларға күндік жұмысақысын сұрағаннан кейін «Қазір дәрет алып, екінді намазына дейін сұхбатымызға қатысыңдар. Екіндіден кейін жалақыларыңды алып, үйлеріңе қайтыңдар» дейтін еді. Жұмысшылар жұмыс істеместен отырып, ғибадаттарын да орындап, мүлдем естімеген нәрселерді үйренетін, кешке қарай жалақыларын алуды ғанибет деп білетін еді. Сұхбатына бір рет қатысқан адам сұхбаттың ләззатына тоймай, айрылғысы келмей қалатын. Бұл жағдай бүкіл қалаға жайылды. Бәрі шәкірті болуға жан-тәнімен ұмтылатын еді. Күнде үйі толып, дұғасын алу үшін бәрі бір-бірімен жарысты. Ақыр соңында кейбір адамдар жағдайды сұлтанға былай айтып берді: «Қалада бір молда шықты, бәрі топырлап соған баруда. Оның айтқанын бұлжытпай орындайды. Әр қалауын бұйрықтай қабылдап, орындауға жарысуда. Осылай жалғасатын болса, қаладағылар оны өздеріне сұлтан қылып тағайындайды да, сіз тағыңыздан айрыласыз.» Осыған орай сұлтан оның қаладан кетуіне хаттама жаздырып, қызметшілері арқылы жіберді. Сонда ол келген адамдарға «Бізде қалада орналасуымызға рұқсат беретін қол қойылған және мөрленген рұқсаттамамыз бар. Егер сұлтан өз қолын, мөрін жоққа шығарса, біз де шығып кетуге разымыз» деп жауап берді. Бұл жауапты қызметшілер сұлтанға хабарлады. Сұлтан берген рұқсатын кері алу төмендігіне бармады. Керісінше өзі келіп, сұхбаттарына қатысты. Оның сұхбаттарындағы ләззатты және егжей-тегжейлілікті түсінген сұлтан оның ең алғы қатарлы шәкірттерінен болды. |