21 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     23 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Иман және Ислам" кітабы / 21) Мавиш Б. Жолли ханым (ағылшын)

21) Мавиш Б. Жолли ханым (ағылшын)

Мен Англияда христиан болып туылдым. Шоқындырылдым және қазіргі қолымыздағы Інжілде жазылғандардыоқып өстім. Кішкентай кезімде шіркеуге барғанымда әр түрлі жарықтар, мінбеде жанып тұрған шырақтар, музыка, хош иістер және әсем киінген дінбасылар маған үлкен әсерін тигізетін. Мен мағынасын мүлдем түсінбейтін дұғалар оқылғанда бұлардың ұйқасы мені үрейге түсіретін. Мен бала кезімде берілген христиан болдым деп ойлаймын. Бірақ, уақыт өткен сайын және білімім артқан сайын басымда біраз сұрақтар пайда бола бастады. Сол кезге дейін толық сеніп келген христиан дінінен кейбір кемшіліктерді таба бастадым. Күн өткен сайын ішімдегі күмәннің арта бастағанын аңғардым. Ақырындап христиан дінінен алыстай бастадым. Одан кейін ешбір дінге сенбедім. Шіркеудің бала кезімде мені таң қалдырған көрінісі қиял сияқты көз алдымнан ұшып кеткен еді. Мектепті бітірген кезімде нағыз атеист болған едім. Алайда, біраз уақыт өткеннен кейін ешнәрсеге сенбеу адамның рухында бір әлсіздік, бос кеңістік тудыратынын аңғардым. Адам міндетті түрде бір сүйенішке мұқтаж. Сондықтан да басқа діндерді зерттеуге кірістім.

Алдымен Буддизмді зерттеуге кірістім. Олардың «Сегіз жол» деп атаған негіздерін жақсылап зерттедім. Бұл «Сегіз жол»-да терең философия және керемет насихаттар бар еді. Бірақ, адамға тура жолды да көрсетпейді, тура жолды табу үшін қажетті мәліметтерді де бермейді.

Одан кейін Мәжусилікті (отқа табынушылықты) зерттей бастадым. Мен өзім үш тәңірден қашып жүрсем, бұл дінде де алдыма көптеген тәңір шыққанын көрдім. Кейін бұл діннің адам сенбейтін аңыздар мен қате сенімдерге толғаны соншалық, ондай дінді қабылдау мүмкін емес еді.

Одан соң яһудилікті зерттей бастадым. Яһудилік мен үшін жаңа дін болып саналмайтын. Өйткені, Қасиетті кітаптың «Ескі өсиет» деп аталатын бөлімі толықтай яһудилердің Тауратынан алынған еді. Бірақ, яһуди дін де мені қанағаттандыра алмады. Иә, яһудилер жалғыз Аллаһқа сенетін және мен мұны дұрыс деп білетінмін. Бірақ, одан кейін барлық нәрсені теріске шығарып, жол көрсетудің орнына түрлі ғибадат түрлері мен діни рәсімдерге толы сипат алатын.

Достарымның бірі маған испиритизммен айналысуыма кеңес берді. «Рухтармен сөйлесу діннің орнына жүреді» деді. Бұл мені мүлдем қанағаттандырмады. Өйткені, испиритизмнің адамның өз-өзін гипноздаудан тұратынын, адам рухын ешқашан азықтандырмайтынын тез түсінген едім.

Екінші дүниежүзілік соғыс біткен еді. Мен бір кеңседе жұмыс істей бастадым. Бірақ, рухым әлі де бір дінді іздеп жүрді. Бір күні газеттен бір хабар оқыдым. Газетте Иса алейһиссаламның тәңірлігі туралы бір конференция берілетіндігі және оған түрлі дін өкілдері қатысатындығы жазылған еді. Бұл конференцияға қатты қызықтым, өйткені онда Иса алейһиссаламның Аллаһтың баласы болған-болмағаны жайлы пікірталас болатын еді. Конференцияға қатысып, сол жерде бір мұсылманмен таныстым. Бұл мұсылман қойған сұрақтарыма өте әдемі және қисынды жауаптар бергені соншалық, сол сәтке дейін еш ойыма келмеген Ислам дінімен айналысуға шешім қабылдадым. Мұсылмандардың қасиетті кітабы Құран кәрімді оқи бастадым. Бұл кітапта баяндалған үкімдердің 20-ғасырдағы көптеген танымал мемлекет адамдарының сөздерінен жоғары екенін таңданыспен байқадым. Бұл сөздерді ешбір адам айта алмас еді. Енді мен кезінде бізге үйретілген «Ислам діні жалған, Құран – ойдан шығарылған кітап» деген сөздерге сенбейтін болдым. Құран кәрімнің ойдан шығарылған кітап болуы мүмкін емес. Мұндай керемет сөздерді адамдардан жоғары болмыс қана айта алатын.

Мен әлі екі ойлы едім. Ислам дінін қабылдаған ағылшын әйелдерімен кездестім. Олардан көмек сұрадым. Олар маған кітаптар ұсынды. Бұл кітаптардың арасында Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мен Иса алейһиссалам салыстырылған «Mohammed and Christ» атты кітап және Ислам діні түсіндірілген «The Religion of Islam» деген кітаптар бар еді. «Христиан дінінің негіздері – The Sources of Christianity» деген басқа бір кітапта христиан дініндегі ғибадаттардың алғашқы қауымдық адамдардың ғибадат тәсілдерінен алынғандығы және шындығында қазіргі христиан дінінің пұтқа табыну діні екендігі ашық түрде түсіндірілген еді.

Құран кәрімді алғаш оқыған кезімде қиналғанымды мойындаймын. Өйткені, онда көптеген сөздер қайталанған. Білу керек болғаны, Құран кәрім адамға ақырындап әсер ететін кітап. Құран кәрімді жақсылап түсіну және Оған байлану үшін оны көп рет оқу керек. Мен де оқыған сайын бұл қасиетті кітапқа байлана бастадым. Байланғаным соншалық, әр түні оны оқымасам, ұйықтай алмайтын едім. Маған ең қатты әсер еткен жайт – Құран кәрімнің адамдарға керемет жол көрсетуші болуы. Құран кәрімде адам түсінбейтін бірде-бір нәрсе жоқ. Мұсылмандар пайғамбарларын өздері сияқты адам деп қабылдайды. Олардың айтуы бойынша, пайғамбарлардың басқа адамдардан айырмашылығы – олардың өте ақылды, көркем мінезді, күнәсіз және кемшіліксіз болуы еді. Әйтпесе, олардың тәңірлікке ешқандай қатысы жоқ. Ислам діні Мұхаммед алейһиссаламнан кейін ешқандай пайғамбар келмейтінін білдірген. Мен бұған қарсылық білдіріп: «Неге басқа пайғамбар келмейді?» деп сұрадым. Сонда мұсылман әйелдердің бірі мұны маған былай түсіндірді: «Мұсылмандардың қасиетті кітабы болған Құран кәрім адамға қажетті барлық жақсы қасиеттерді, діни негіздерді, Аллаһу та’аланың разылығына қауыштыратын жолды, дүние мен ахиретте бақыт пен саламаттыққа қауышу үшін қажетті барлық негіздерді адамдарға үйретуде. Адамдардың енді басқа бір жол көрсетушіге, басқа пайғамбарға қажеттілігі қалмады.»

Бұл сөздердің өте дұрыс екендігі мынадан белгілі, арадан 14 ғасыр өтсе де, Құран кәрімнің негіздері еш өзгерместен қазіргі өмір салтына және ғылым деңгейіне толығымен сай келеді. Бірақ, мен әлі де сенімді емес едім. Өйткені арадан 14 ғасыр өтті. Біз қазір 1954 жылындамыз. 571 жылы туылған Мұхаммед алейһиссалам көрсеткен Ислам дінінде қазіргі шарттарға сай келмейтін бірде-бір жайт жоқ па екен? Аса мұқияттылықпен Ислам дінінен кемшіліктер іздей бастадым. Менің рухым Исламға толықтай сеніп, бұл діннің хақ дін екеніне көзім жетсе де, одан әлі де кемшілік іздеуім, міндетті түрде бала кезімізде поптардың Исламды кемшілігі көп, қате дін деп көрсету себебінен туындаған еді.

Әуелі полигами (бірнеше әйелге үйлену) мәселесін таптым. Маңызды кемшілікті тапқан едім. Қалайша бір еркек төрт әйелге үйлене алады? Жоғарыда айтып кеткен мұсылман досым одан сұрағанымда маған мұны былай түсіндірді: Ислам діні енді тарай бастағанда Арабстанда еркектер қалағанынша әйел алып, олармен бірге өмір сүретін, олар үшін жауапкершілік сезінбейтін. Ислам діні әйелдің қоғамдағы абыройын жақсарту үшін еркектің үйлене алатын әйелдер санын едәуір азайтқан және бұл әйелдерге қамқор болуды, араларында әділдік орнатуды, олармен ажырасқанда ақша төлеуді әмір етті. Кейін жалғыз қалған әйелдер осының арқасында бір жанұяға қосылып, сол жанұяның мүшесі ретінде қосыла алады, күң ретінде қабылданудан құтылады. Сондай-ақ, бір еркектің төрт әйелге үйленуі бұйрық емес. Шарттарын орындай алатындарға берілген рұқсат еді. Бұл шарттарды орындай алмайтындар үшін бірден артық әйелге үйлену харам болды. Сондықтан, еркектердің көпшілігінде тек бір ғана әйелі бар. Төрт әйелге дейін үйленуге тек рұқсат қана берілген. Ал, Америкадағы мормондар әрбір еркекті бірнеше әйел алуға мәжбүрлейтін еді. Мұсылман досым: «Англияда ағылшын еркектер тек бір әйелмен ғана өмір сүреді ме?» деп сұрады. Ұялғанымнан бетім қызарып, қазіргі батыстық еркектердің үйленуден бұрын да, үйленгеннен кейін де көптеген әйелдермен жатып жүргенін мойындадым. Кейін мұсылман досымның айтқан сөздері күйеуінен жұмыс апаттарында, соғыста айрылған, жалғыз қалған бейшара жас әйелдің бір еркектің қамқорлығына кіру қажеттілігін еске түсірді. Екінші дүниежүзілік соғыс біткен кезде ағылшын радиосының «Dear Sir» атты бағдарламасында бір бейшара ағылшын әйелдің былай деп жылап жалбарынғаны есіме түсті: «Жас әйелмін. Күйеумнен соғыста айрылдым. Қазір жалғыз қалдым. Қорғануға мұқтажбын. Бір жақсы адамның екінші әйелі болуға және бірінші әйелін басымда алып жүруге разымын. Осы жалғыздықтан құтылсам болғаны.»

Мұның көрсетіп тұрғаны, Исламда көп әйел алу (полигами) қажеттілікті өтеу үшін қажет. Бұл бұйрық емес, тек рұқсат қана. Бұл жағдай көбіне жұмыссыздықтан, кедейліктен көп жерде қалмағандай. Олай болса, мұны Ислам дінінің кемшілігі деп санауыма мүмкіндік қалмаған еді.

Христиан болған, яғни Ислам дініне дұшпан болған ағылшын қыз былай дейді: Одан соң тағы бір кемшілік таптым деп ойладым. Мұсылман әйелден «Күніне бес рет ғибадат жасау қазіргі өмір салтымызға қалайша сай келеді? Мұнша ғибадат көп емес пе?» деп сұрадым. Ол күлімсіреп: «Сендердің пианино ойнағандарыңды көріп жүрмін. Музыкаға қызығасыңдар ма?» деп сұрады. Мен: «Қызыққанда қандай!» деп жауап бердім. «Күнде жаттығасыңдар ма?» деп сұрады. Мен: «Әрине, жұмыстан келе сала күніне ең аз дегенде екі сағат пианинода ойнаймын» деп жауаптадым. Сонда мұсылман әйел: «Бесеуін қосқанда жарты сағатқа немесе 45 минутқа созылатын ғибадат сендерге неліктен көп болып көрінеді? Сендер пианино шалып жаттықпаған кездері пианино шалу қабілеттерің қалай азайса, Аллаһу та’аланы ойлау, Оған сәжде жасап, мейірімділігіне шүкір ету азайған кезде де, Оған баратын жол алыстайды. Ал, күн сайын жасалған ғибадат Аллаһу та’аланың тура жолымен қадам-қадам алға қарай ілгерілеу деген сөз» деп жауап берді. Оның сөздері не деген орынды! Әрбір мұсылманның Аллаһу та’аланы көп еске алуы, жүрегіне Аллаһу та’алаға деген сүйіспеншілікті орнатуы қажет. Жүрек – бәйтуллаһ (Аллаһтың үйі). Үйге иесі кіргізілмесе, үйге де, иесіне де дұшпандық жасалған болады. Бес уақыт намаз адамды бұл пәлекеттен құтқарады. Дүниелік істерге, дүниенің өткінші зауықтарына беріліп, Аллаһу та’аланы ұмытқан адамға намаз Раббын есіне салады.

Бұдан кейін мұсылмандықты қабылдауыма ешқандай кедергі қалмады. Мен Ислам дінін бүкіл рухыммен, барлық ішкі дүниеммен қабылдадым. Көргеніңіздей, оны алғаш көре сала, ойланбастан емес, керісінше, оны жақсылап зерттеп, тіпті ішіндегі кемшіліктерді іздеп, олардың жауаптарын тауып, оның барлық тұрғыдан толық дін екеніне көз жеткізгеннен кейін мұсылман болдым. Қазір мұсылман болғанымды мақтан тұтамын.