19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Иман және Ислам" кітабы / 30) Махмуд Гуннар Эриксон (швециялық)

30) Махмуд Гуннар Эриксон (швециялық)

Сөзімді Аллаһу та’алаға шүкіршілік етумен бастаймын. Аллаһу та’аладан басқа тәңір жоқ екеніне және Мұхаммед алейһиссалам Оның құлы және расулы екеніне куәлік етемін.

Осыдан бес жыл бұрын мұсылмандармен кездестім. Достарымның бірі бір күні Құран кәрімге қызығушылық танытқанын және оқи бастағанын айтты. Сол кезге дейін Құран кәрім жайлы ештеңе білмейтінмін. Досымның Құран кәрімді оқуды бастағанын естіп, одан қалыспау үшін мен де Құранды зерттеуге шешім қабылдадым. Құран кәрімнің швед тіліндегі аудармасын табу үшін қаламыздың кітапханасына бардым. Ол жақтан осындай аударма таптым және оқи бастадым. Кітапханадан алынған кітап тек он бес күнге ғана берілетін еді. Бірақ, Құран кәрімнің маған қатты әсер еткені соншалық, он бес күн маған жетпеді. Кітапты тапсырған соң бірнеше күннен кейін барып, кітапты қайтадан алатынмын. Осылай 15 күнде бір қайтарып, бірнеше күннен кейін тағы алып жүріп, Құран кәрім аудармасын бірнеше рет оқыдым. Құран кәрімді оқыған сайын оған таңданып, Ислам дінінің шынайы дін екеніне сене бастадым. 1950 жылы қараша айында мұсылман болуға шешім қабылдадым. Бірақ, Исламның шынайы мағынасын түсініп, оның тереңдігін ұғыну үшін біраз күткім және бұл дінді тағы біраз зерттегім келді. Сол үшін Стокгольмдағы кітапханаға барып, Ислам діні жайлы жазылған еңбектерді қарастыра бастадым. Бұл еңбектердің ішінен Мұхаммед Әлидің Құран кәрім аудармасын таптым. Мұхаммед Әлидің Кадияни және Ахмеди деген теріс жолдағы ұйымның мүшесі екенін кейіннен естісем де, оның жасаған аудармасынан біраз нәрсе үйрендім. Енді мұсылман болуға ешқандай күмәнім қалмаған еді. Мұсылмандармен кездесуім міне осы уақытта басталды. 1952 жылдан бастап олармен бірге ғибадат жасап жүрдім. Стокгольмда мұсылмандар тарапынан құрылған қоғамды таптым. Олармен таныстым. Олардан да көп нәрсе үйрендім. Хижри 1372 жылы Рамазан айтында Англияға барып, айттың бірінші күні «Уокинг» мешітінде ресми түрде мұсылмандықты қабылдадым.

Мұсылмандықта мені өзіне ең қатты тартқан нәрсе – мұсылмандықтың өте қисынды дін болуы. Исламда ақылға сыймайтын ешнәрсе жоқ. Ислам Аллаһу та’аланың бір екеніне сенуді бұйырады. Аллаһу та’ала кешірімді және өте мейірімді. Адамдардың рахат және тыныш өмір сүрулері үшін әр сәтте қамқорлық және ихсан етеді.

Ислам дінінде ең қатты ұнатқан нәрселерімнің бірі – оның тек арабтардың діні емес, бүкіл адамзаттың діні болуы. Аллаһу та’ала бүкіл әлемнің раббысы. Ал яһудилер өздерінің қасиетті кітаптарында тек «Израильдің Аллаһы» туралы айтады. Яғни, Аллаһу та’аланы тек өздеріне тән деп есептейді.

Исламда ұнатқан тағы бір жайт – бұл діннің қазірге дейін келген барлық пайғамбарларды (алейһимуссалауату уәттәслимат) қабылдауы, бәрін құрметтеп, басқа діндегі адамдарға жақсы мәміле жасауы. Мұсылман адамның кез-келген таза жерде, егістікте, тіпті шіркеуде де намаз оқуына болады.  Ал христиан адам мешіттің маңайына да жақындамайды.

Исламның ең дұрыс және ең соңғы дін, Мұхаммед алейһиссаламның ең соңғы  пайғамбар екендігі Құран кәрімде керемет түсіндірілген:

Маида сүресінің 3-аятында: «Бүгін діндеріңді жетілдірдім. Сендерге деген ниғметтерімді толықтырдым және сендер үшін дін ретінде Исламды таңдадым» делінген.

Әли-Имран сүресінің 19-аятында: «Және нақты біліңдер, Аллаһу та’аланың дәргейінде дін – Ислам» делінген.