Діннің жартысы сабыр, жартысы шүкір
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: Ашулану, жүйкелену, күйзеліс заманындамыз. Сондықтан үйімізде де, жұмысымызда да адамдардан келген қиыншылықтарға сабыр етейік. «Сабыр ету – рахаттанудың кілті» хадис шәрифін ойлап сабыр ету керек. Құран кәрімнің көптеген жерлерінде «Аллаһ сабыр еткендерді жақсы көреді» делінген. Сабыр – діннің жартысы. Екінші жартысы – шүкір ету. Яғни қажетіндей сабыр етіп, шүкір еткен адам дінін қорғаған болады. Мүминнің сау болғаны да, ауырғаны да жақсы. Аурып қалса сабыр етеді, сауап алады. Шипа тапса, денсаулығы түзелсе шүкір етеді, тағы сауап алады. Расулуллаһ алейһиссалам: «Мүминнің әр халіне таңдануға болады. Өйткені мүминнің басына қуанышты жағдай түссе, ол шүкір етеді. Дерт пен бәле-жала келсе, сабыр етеді. Екі жағдайда да сауап алады» деген. Намазын оқыған, харамдардан сақтанған адам – Аллаһу та'аланың сүйікті құлы. Ешқашан, ешбір түрде жағдайымызға шағымданбайық. Әрдайым хамд және шүкір етуші болайық. Өзгенің соңын ойлағанша әуелі өзіміздің соңымызды ойлайық. Ешбіріміздің соңы белгілі емес. Тіпті әулиелердің өзі соңғы демдерінен қорққан. Өйткені адамның нәпсі түзелсе, адам әулие болса да, адамда тағы мінез деген нәрсе бар. Бұл мінез өлгенге дейін бізбен бірге. Бір хадис шәрифте «Кіші жиһадтан шықтық, үлкен жиһадқа бара жатырмыз» делінген. Бұл жерде үлкен жиһад – нәпіспен күресу деген сөз. Алайда Асхаби кирамның нәпістері мутмаинна (толық тәрбиеленген) болған еді, иман келтірген еді. Олай болса, бұл сөз «Біз енді мінезімізді өзгертуге бара жатырмыз» деген сөз. Ойланып көріңіз, адамның генінде, мәселен, сараңдық мінезі жазылған болса, мұны қалай түзетуге болады? Бұл мінез әр сәтте жарылуға дайын тұрған бомба сияқты. Демек, ешбір мүмин денесінің генетикалық құрылымындағы осы мінезінің бір сәтте атылып шығу қаупі себебінен соңғы деміне сенімді бола алмайды. Мұның шарасы не? Бұл мінез құтырғандық сияқты жұқпалы. Жақсылармен бірген болған адам жақсы мінезді, жамандармен бірге болған адам жаман мінезді болады. Құтылуды қалаған адам әуелі өз мінезінің жаман екенін қабылдау керек. «Менің мінезім жақсы» дегеннен кейін қайда барса да, еш пайдасын көре алмайды. Жаман мінезді екенін қабыл етіп, кейін өзіне ықыласты, салих достар табуы керек. Осы достарының бойындағы жақсы қасиеттер, мінездер ақырындап оған да өтеді, осылайша уақыт өте мінезі түзеледі. |