21 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     23 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Иман және Ислам" кітабы / 37) Профессор доктор Абдулкарим Германус (венгриялық)

37) Профессор доктор Абдулкарим Германус (венгриялық)

(Профессор доктор Германус Будапешт университетінде «Шығыстану» саласының профессоры ретінде бүкіл әлемге танылған. Ол бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Үндістанда болған, біраз уақыт Тагорен басқарған «Шанти Накетен» университетінде сабақ берген. Одан кейін Делиге барып, «Жамиа-и Миллия» униеверситетінде мұсылман болған. Ол әсіресе түрік тілі және әдебиеті саласында үлкен дәрежеге қол жеткізген.)

Әлі жас бозбала болатынмын. Бір күні қолыма суреттері ескі бір журнал түсті. Онда алыс мемлекеттерге тән суреттер бар еді. Парақтап отырып, көзім бір суретке түсті. Бұл суретте бір қабатты кішкене үйлер, гүлге толы бақшалар бар еді. Үйдің алдында әдемі киімдер киген бір топ адамдар бір адамның сөзін тыңдап отырған еді. Адамдар, үйлер, киімдер, бақшалар Еуропадағыдан мүлдем басқаша болатын. Суреттің астында Арабстанның кіші бір қаласында бір  хикаяшыны тыңдап отырған арабтар екендігі жазылған болатын. Мен ол кезде 16 жаста едім. Бұл суретке қарап, өзімді солардың қасында сезіндім. Бұл сурет менің өміріме бағыт берді. Дереу түрік тілін үйренуге кірістім. Түрікше үйреніп жүріп, түрік тілінде түрікше сөздердің аз екенін, түрік поэзиясының парсы тілі арқылы, ал прозасының араб тілі арқылы құрылғанын байқадым. Олай болса, өлеңді жақсы түсіну үшін осы екі тілді де үйрену керек еді. Алғашқы демалыста Венгрияға ең жақын болған Боснияға жолға шықтым. Онда барып, қонақ үйге орналаса салып «Мұндағы мұсылмандар қайда тұрады?» деп сұрадым. Олардың айтқан жеріне бардым. Түрікшені әлі жақсы білмейтінмін. Мұсылмандар бір шайханада топтасып отыр екен. Олар белдеріне қынды қанжарлар тағып алған байсалды кейіпті, ірі тұлғалы адамдар болатын. Бастарындағы сәлде мен кең шалбарлары өздеріне керемет жарасып тұрған еді. Мен біраз қысылып, қорқып, шайханаға кіріп, бір бұрышына отырдым. Олар бір-бірімен сыбырласып, көздерімен мені көрсетіп жатқанын байқадым. Мен туралы айтып жатқаны анық еді. Ойыма Венгрияда естіген  мұсылмандардың христиандарды қалай өлтіргені туралы айтылған хикаялар келді. Мен «Қазір олар келіп, қанжарларымен өлтіреді» деп қорқып, келгеніме өкініп отырдым. Қалай қашып құтыламын деп жоспарлап отырдым, бірақ қорыққанымнан орнымнан қимылдай алмадым. Бір кезде маған даяршы кофе әкеліп берді. Ол бұл кофені әлгі маған қарап тұрған мұсылмандар жібергенін айтты. Қорқып оларға қараған кезімде олардың бірі маған қарап күлімсіреп, сәлемдесті. Мен де қорқа-қорқа амандастым. Қорқып отырған адамдарым орындарынан тұрып, менің  қасыма келді.

Жүрегім қорқыныштан әлі қатты соғып тұрған еді. «Қазір олар келіп маған тиіседі» деп тұрған кезімде, олар менің қасыма келіп отырды. Тағы да амандасып, бірі темекі ұсынды. Алыстан жаман болып көрінген бұл адамдардың жүзінің жарқын екенін көріп, таң қалдым. Қорқынышым біраз басылды. Аз ғана түрікшеммен олармен сөйлесуге бел будым. Аузымнан түрікше сөздер шыға сала олардың көздері жайнап кетті. Олармен дос болып алдық. Қорыққан адамдарым мені үйлеріне қонаққа шақырды. Мұсылмандармен алғаш танысуым осылай жүзеге асқан болатын. Кейін Ислам мемлекеттеріне бардым. Біраз уақыт Стамбул университетінде оқыдым. Анадолы мен Сирияның әсем жерлерін араладым. Осы арада түрікшеден басқа араб және парсы тілдерін үйренгендіктен, Будапешт университеті мені «Ислам шығармаларын зерттеу» институтының профессоры етіп тағайындады. Ол жерден ғасырлардан бері жиналып қалған көптеген еңбектер таптым. Оларды зерттей бастадым. Көп нәрселер үйрендім. Ислам діні туралы да мәліметтер жинадым. Оларды зерттеген сайын менің жүрегіме орнығып, оқыған кітаптарым, әсіресе Құран кәрім мен хадис шәрифтер маған қатты әсер ете бастады. Соңында, қайтадан шығысқа барып, Ислам дінін жақыннан зерттеуге шешім қабылдадым. Бұл жолы Үндістанға бардым. Рухым бос кеңістік сияқты болатын. Делиге барған түні түсімде Мұхаммед алейһиссаламды көрдім. Үстінде қарапайым, бірақ өте бағалы бір киім бар еді. Бұл киімнен маған хош иіс келіп тұрды. Оның сыпайы, көркем, нұр шашқан келбетінің алдында үнсіз тұрып қалған екенмін. Маған әсем дауыспен «Неге мұңайып жатырсың? Алдыңдағы жолды енді білесің. Тура жолды таңдай алатындай дәрежеге жеттің. Енді сол жолға кір!» деп бұйырды. Бүкіл денем қалтырап тұрды. Оған араб тілінде «Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Сен Аллаһтың пайғамбарысың! Мен бұған сендім. Егер мұсылман болсам, жаным тынышталады ма? Сен өте ұлы болмыссың! Сен барлық дұшпандарыңды жеңдің, әрдайым тура жолды көрсеттің! Бірақ, мен бейшара ол жолды ұстана аламын ба?» дедім. Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) маған қарап: «Біз дүниені сендерге бір тұрақ, тауларды тіреніш етіп жаратпадық па? Сендерді жұп ретінде дүниеге әкелдік және сендерге демалу үшін ұйқыны бердік» деген Құран кәрімнің Нәбә сүресінің 7,8,9,10-аяттарын оқыды.  Мұны оқыған кезде дауысы сондай керемет болып шықты, мен су-тер болып жаттым. «Аллаһым, мен енді ұйықтай алмаймын. Айналамдағы беті қалың жабулармен жабылған түсініксіз нәрселерді шеше алмаймын. Йа, расулуллаһ, йа Мұхаммед маған көмек бер!» деп айқайлай бастадым. Бір жағынан Ол ұлы пайғамбарды мазалаудан қорқып тұрған едім. Тамағымнан түсініксіз бір дауыстар шығып, қиналып жатқан едім. Осылайша оянып кеттім, жүрегім дүрсілдеп, құлағым шыңылдап тұр еді.

Жұма күні Делиде Шах Жихан мешітінде мынадай жағдай болды. Сары шашты,  аққұба өңді шетелдік бір жас адам басқа мұсылмандармен бірге мешітке бара жатыр еді. Бұл мен едім. Үстімде үнділердің киімі бар еді. Кеудеме Стамбулда берілген алтын медалімді таққан едім. Мешіттегі мұсылмандар маған таңданыспен қарап қалды. Біраздан соң азан даусы есітілді. Мешіттегі төрт мыңдай адам әскер сияқты бір қатарға тізілді. Намаз басталды. Мен де олармен бірге намазға тұрдым. Бұл бір ұмытылмас шақ еді. Намаз бітіп, хұтба оқылғаннан кейін Абдулхай мені мінберге шығарды. Мұсылмандардың көзқарасы маған қуат берген еді. Мінберге шығып, айналама қарадым. Адамдар өте көп еді. Барлығы мені тыңдап отыр еді. Араб тілінде сөзімді бастадым. «Ей, осы жерде отырған қадірлі адамдар! Мен бұл жерге алыс мемлекеттен ол жерде үйрене алмайтын нәрселерімді үйрену үшін келдім. Бұл жерде мақсатыма жеттім, рухым жайланды» дедім. Сосын оларға тарихта Исламның алатын орнын, Аллаһу та’аланың ұлы пайғамбары Мұхаммед алейһиссалам арқылы үлкен мұғжизалар көрсеткенін, қазір Ислам мемлекеттері бұрынғы күшінен айрылса, оның себебі мұсылмандардың өз діндеріне немқұрайлылықпен қарағандығының арқасында екенін түсіндірдім. Кейбір мұсылмандардың көбінесе адамның жеке өзі еш нәрсе істей алмайтынын, сол үшін күш салудың қажеті жоқ екенін, өйткені, барлық нәрсенің Аллаһу та’аладан келетінін, адамның оны өзгерте алмайтынын айтатындығы, алайда Құран кәрімде Аллаһу та’аланың «Адамдар өзін түзетпегенше, еш нәрсенің өзгермейтіні, өздері күш салмаса еш нәрсені игере алмайтындықтары, еңбектенгендерге көмектесетіні» туралы айтқанын да баяндадым.  Құран кәрімде адамдардың әрдайым еңбектенуі, әлсіз қалмауы туралы жазылған аяттарды  біртіндеп көрсеттім.

Мінберден түскеннен кейін күннің күркірі сияқты «Аллаһу әкбар» деген дауыс мешітті жаңғыртты. Қатты толқыған едім. Мешіттен шықтық. Артымнан бүкіл жамағат еріп шығып, менің қасыма келді. Біразы мойнымнан құшақтап, біразы қолымнан сүйіп жатты. Біразы дұға етуімді сұрады. «Аллаһым, мен сияқты әлсіз бір құлдың олардың алдында жоғары адам болып көрінуіне рұқсат етпе!» деп тіледім. Қатты ұялғаным соншалық, өзімді осы пәк мұсылмандардың затын ұрлап, оларға қиянат жасаған адамдай сезіндім. Мен сол күні халық ұнатқан ұлы бір саясаткердің қолына үлкен күш берілетінін ұқтым. Егер ол саясаткер халықтың оған берген осы күшін жаман жаққа қолданса, мемлекет құлайды.

Сол күні мұсылман достарыма өзімнің әлсіз бір құл екенімді айтып, үйге қайттым. Бірақ, олардың достығы, сүйіспеншілігі, маған көрсеткен құрметтері ұзақ уақытқа созылды. Маған өте үлкен сүйіспеншілік танытқандары соншалық, бұл менің бүкіл өміріме жетерліктей еді.