19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Иман және Ислам" кітабы / 40) Мүмин Абдурраззақ Селлиах (шриланкалық)

40) Мүмин Абдурраззақ Селлиах (шриланкалық)

Бір кездері мен Исламның ең үлкен дұшпаны едім. Өйткені, бүкіл отбасым, таныстарым маған Исламның жасанды, ойдан шығарылған, адамды тура тозаққа апаратын дін екенін айтатын және менің мұсылмандармен сөйлесуіме тыйым салатын. Мен мұсылмандарды көргенімде дереу олардан қашып, арттарынан лағнеттейтін едім. Ол кездері егер бір күні бұл дінді жақыннан зерттеп, оған қайран қалатынымды және мұсылмандықты қабылдайтынымды түсімде көрсем, мұны жақсылыққа жормайтын едім.

Неліктен мұсылман болдым? Бұған беретін жауабым өте қысқа. Исламда мені өзіне тартқан ең үлкен себеп – бұл діннің өте қарапайым, таза, қисынды, түсінікті болуы еді. Ислам дінін зерттеуді бастаған кезімде-ақ маған қатты әсер етіп, оны бірден қабылдайтынымды түсіндім.

Мен христиан тәрбиесін көріп өстім. Маған берілген Інжілден асқан құнды кітап жоқ деп ойлайтын едім. Бірақ, Құран кәрімді оқуды бастағаннан кейін Оның Інжілден қаншама есе жоғары екеніне, маған Інжіл үйрете алмаған бірқатар нәрселерді үйреткеніне таң қалдым. Христиан дінінде адамның ақылына сыймайтын көптеген қате сенімдер бар еді. Құран кәрім олардың барлығын теріске шығарады, адамдарға түсінікті және барлық тұрғыдан дұрыс көрінетін негіздерді үйретеді. Ақырындап Інжілдің маңызы мен үшін азая бастады. Енді Құран кәрімге берілдім. Одан оқыған нәрселерімнің бәрін түсінетінмін, ұнататынмын, таң қалатынмын. Демек, хақ дін – Ислам діні еді. Осыны ұғынғаннан кейін Ислам дінін қабылдауға шешім қабылдадым және иман келтіріп, бақыт пен сүйіспеншілік дініне қауыштым.

Исламда маған ең қатты ұнаған және мені өзіне тартқан нәрсе – мұсылмандардың бір-бірін бауыр деп санауы. Ұлтына, нәсіліне, кәсібіне, туылған жеріне қарамай, әлемдегі барлық мұсылмандар бір-бірлерін бауыр деп біледі, жақсы көреді, бір-бірлеріне жақсылық жасауды, көмектесуді қасиетті міндет деп санайды. Інжілдегі «Көршіңді өзің сияқты жақсы көресің» деген қағида тек мұсылмандарда ғана бар. Басқа діндердің ешбірінде жоқ. Исламдағы бауырмалдық тек сөзбен шектелмейді. Әлемдегі бүкіл мұсылмандар әрқашан, әр жерде бір-бірін таныса да, танымаса да, бір-біріне көмектесуге асығады.

Исламның маған ұнайтын екінші артықшылығы – бұл дінде ешқандай оғаш сенімнің, түсініксіз негіздердің жоқтығы. Мұсылмандықтың үкімдері қисынды, практикалық, ақылға қонымды және заманауи. Ислам діні тек бір жаратушыны ғана мойындайды. Рух-ул-қудс (қасиетті рух) сөзі Құран кәрімде бар, бірақ бұл Аллаһу та’аланың қасиеттілігі немесе Жәбрейіл есімді періште мағынасына келеді. Басқа бір тәңір деген сөз емес. Исламның үкімдері, яғни әмірлері мен тыйымдары өте қарапайым, қисынды және барлық тұрғыдан ең заманауи өмір салтына сай. Бүкіл әлем қабылдай алатын хақ дін – Ислам діні.

АНЫҚТАМА: Рух-ул-қудс (қасиетті рух) сөзі Құран кәрімде бірнеше сүреде бар. Қолданылған орындарына қарай түрлі мағыналарға келетіндігі тәфсир кітаптарында жазылған. Қысқаша, Жәбрейіл есімді періште Аллаһу та’аланың өмір беруші, қорғаушы сипаттары, Иса алейһиссаламның рухы, Інжіл кітабы деген мағыналарға келеді. Сөздің мағынасы «Таза рух» дегенді білдіреді.