19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Кешірімді қабыл ету

Кешірімді қабыл ету

Сұрақ: Шын көңілімен кешірім сұрағанына күмәнданған болсам, кешірім қабылдауға мәжбүрмін бе?

Жауап: Шын көңілімен айтқан болса, шын көңілімен айтпады деп ойлау су-и зан болады. Ал су-и зан (жаман ойда болу) – харам. Жасаған бір ісі үшін кешірім сұрап, енді жасамайтынын айтқан адамның, шын көңілімен айтпаса да, кешірімін қабылдау керек.

Кешірім сұрау үш түрлі болады:

1) Жасаған ісіне себеп көрсету, мысалы «Ұмытқаным үшін келе алмадым» немесе «Ауырып қалдым, келе алмадым» деп айту сияқты. Осындай кешірімді дұрыс болған-болмағанын іздестірместен қабыл ету керек. Үш хадис шәрифтің мағынасы мынадай:

«Дін бауырының кешірімін қабыл етпеген адам Кәусар хауызынан іше алмайды.» (Хаким)

«Мұсылман бауырының кешірімін қабылдамау күнә.» (Әбу Дауд)

«Кешірімді қабыл етпеген адам кешірім сұраушының күнәсін өзіне жүктеген болады.» (Ибн Мажа)

Бұл хадис шәрифтер дін бауырының жамандық жасағанын және кешірімінің өтірік екенін білмейтін адамға қатысты. Ондай адамның кешірімін қабылдамау су-и зан болады.

 

2) «Істедім, бірақ енді істемеймін. Қап, бекер істедім!» деп айту. Бұл қателігін мойындап кешірім сұрауға жатады. Мұсылманның кешірімін қабылдамау мәкрух. Кешірімді қабылдау және кемшіліктеріне ренжімеу Аллаһу та'аланың сипаттарынан. Бір хадис шәриф мағынасы:

«Аллаһу та'ала кешірім сұраған адамның кешірімін қабылдайды.» (Әбу Я'ла)

Мұндай кешірімді қабыл етпеген адамды Аллаһу та'ала азаптайды және ашуланады. Мүмин кешіру үшін кешірім сұрауын күтеді, ал мұнафиқ (екі жүзді) айыптардың жариялануын қалайды.

 

3) «Мен істемедім» деп жоққа шығару. Бұл да өкінудің белгісі. Өтірік айтқанын біліп кешірімін қабылдау – сол адамды кешіру болып саналады. Өтірік айтып кешірім сұраған осындай адамды кешіру уәжіп емес, мүстаһаб. Кешіру өте құнды қасиет. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Аллаһ разылығы үшін кешірген адамның Аллаһу та'ала дәрежесін көтереді.» (Мүслим)

«Кешірімді болған, кешірімге қауышады!» (И.Ахмед)

«Дөрекі сөйлегенге сыпайы болған, зұлымдық жасағанды кешірген, бермегенге сый-сияпат көрсеткен, өзінен ұзақтағанға жақындаған адам жоғары дәрежелерге қауышады.» (Бәззар)

Аллаһу та'ала жаны ашымаған адамға мейірім танытпайды, кешірмегенді кешірмейді, кешірім қабылдамаған адамның кешірімін қабылдамайды. Олай болса, кешірімдерді қабылдап, кемшіліктерді жасыруымыз керек!

 

Кешірімді қабылдамау

Сұрақ: Қайын енем маған ренжіді. Күйеуіме «Әйелің алдыма келіп, кешірім сұраса, үйіңе барамын» деген екен. Мен алдына барып, кешірім сұрадым, бірақ сонда да келмеді. Кешірім қабылдамаудың діндегі орны қандай?

Жауап: Сіз өз міндетіңізді орындадыңыз, басқалардың ісіне араласпағаныңыз жөн. Кім не істесе де, өзіне істейді.

Жасаған бір ісіне кешірім сұрап, енді олай істемейтінін айтқан адамның, шын көңілімен айтпаса да, кешірімін қабылдау керек. Үш хадис шәрифтің мағынасы:

«Кешірім сұрағанды қабылдамаған адам Кәусар хауызының басына бара алмайды.» (Табарани)

«Кешірім сұрауында шыншыл болмаса да, дін бауырларыңның кешірімін қабылдаңдар. Бұлай істемеген адам Кәусар хауызының басында қасыма келе алмайды.» (Хаким)

«Досының үзірін қабылдамау күнә.» (Ибн Мажа)