19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Ахирет үшін қанағат болмайды

Ахирет үшін қанағат болмайды

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Дүние үшін қанағат болады, ал ахирет үшін қанағат болмайды. Дүние үшін тәуекел болады, ал ахирет үшін тәуекел болмайды. Барлық адамдар ахиретте өкінеді. Дүниеде өкіну ниғмет, бірақ қияметте өкіну – пәлекет.

Адамдарға қызмет ету, адамдарға пайдалы болу үшін дінімізді дұрыс түсіндіруіміз керек. Ислам діні адамдардың әрі дүниеде рахат өмір сүруін қамтамасыз етеді, әрі ахиретте тозақтан қорғайды. Шынайы бақыт дегеніміз осы. Дүниеде адам рахат өмір сүргісі келеді, бұл дінімізді ұстану арқылы іске асады. Адам ахиретте жәннатқа кіруді қалайды, бұл иман келтіріп, ғибадат жасау арқылы жүзеге асады. Олай болса, адамдарға жасалатын ең үлкен жақсылық – дінімізді дұрыс түсіндіру.

Адамның материалдық азығының таза болуы керек болғанындай, рухани азығының да таза болуы, яғни дінін дұрыстап үйренуі қажет.

Ертең ахиретте ешкім «Менің бұдан хабарым жоқ еді» дей алмайды. Бұл дін ғасырлар бойы үйретіліп, кітаптарға жазылған, ешбір нұқсандығы қалмаған. Сондықтан ақылмен әрекет етіп, есепке тартылмай тұрып өз-өзімізді есепке тартайық. Әулиелер тек істегендерін ғана емес, тіпті ойлағандарын да есепке тарткан.

Әулие кісілердің бірі бір күні мазардан өтіп бара жатқанда жасыл сәлде, жасыл шапан киген бір мүбәрәк кісінің қабір басында күтіп тұрғанын көреді. Дереу қасына барып, сәлем береді де, сұрайды:

- Дүние адамысыз ба, ахирет адамысыз ба?

- Ахирет адамымын.

- Не істеп тұрсыз?

- Аллаһу та'ала «Сол құлыма бар, сұрағына жауап бер» дегені үшін осындамын. Қазір маған бір сұрақ қой, тек бір ғана сұрақ қоя аласың.

- Сіз жәннатта шығарсыз. Онда сұрағым, бұл ниғметке қалай қауыштыңыз?

- Аллаһу та'ала маған үш нәрсе арқылы жәннатты нәсіп етті:

1) Мен Раббымның сүйіктілерін жақсы көрдім, сүймегендерін жақсы көрмедім. Кім дінімді, яғни мұсылмандықты жақсы көрген болса, мен оны қатты жақсы көрдім. Кім дініме жаман көзбен қараған болса, одан аулақ болдым, оны жек көрдім.

2) Раббымның әмірлерi мен тыйымдарына қолымнан келгенше бағынуға тырыстым, не бұйырған болса, бәрін орындауға бар күшімді салдым.

3) Шашым, сақалым Оның жолында ағарды. Раббым кемшіліктерімді осы сақалымның, шашымның ағы себебімен кешірді.

Мүбәрәк кісі осыларды айтып, көзден ғайып болды.