19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Менің соңым не болмақ?

Менің соңым не болмақ?

Әли Бәкка хазреттері көп жылайтын еді. Тіпті, көп жылағаны соншалық, бетінде аққан жерлерінде із қалдырып, жара пайда болған еді. Осы себептен оған «Бәкка», яғни «Көп жылайтын» деген лақап берілген. Алайда оның көп жылауының себебін ешкім білмейтін еді. Бір күні жақындары жылауының себебін жалынып сұрады, ақыр соңында былай айтып берді:

Жылдар бұрын өз-өзін аш және сусыз қалдыру арқылы ғажайып халдерге қауышқан бір досым бар еді. Бір күні екеуіміз бірге Бағдаттан өте алыс болған бір қалаға бір сәтте ұшып бардық. Ол жерде маған: «Әли, пәлен күні менің үйімде бол, қайтыс болатын кезімде менің қасымда бол» деді. «Немқұрайлы қараушы болма, бұл менің өсиетім» деп сөзін толықтырды. Кейін жұмысымызды бітіріп, қайтадан ұшып Бағдатқа қайттық.

Айлар өткеннен кейін осы сөзі есіме түсті, айтқан күні үйіне бардым, өлім үстінде төсекте жатыр еді. Өмірінің соңғы сәттерін сүріп, жан тапсыруда еді. Бірақ беті шығыс жаққа бұрылған еді. Басын ұстап, құбылаға қарай бұрдым. Қайтадан шығысқа бұрылды. Тағы құбылаға қараттым. Тағы да шығысқа қарады. Осы арада көздерін ашты да маған айтты: «Әли, әуре болма, менің Исламнан нәсібім қалмады, мен осы тарапқа қарап өлемін!» Кейін христиан дінбасылары айтатын күпір болған, иманды кетіретін сөздер айта бастады. Ислам дінінен шықты. Ақыр соңында имансыз өлді. Мұны естігендер мәйітін үйден сыртқа шығарып тастады. Жағдайдан хабардар болғандар мәйіттің айналасына жиналды, араларында ашуланғандар, балағаттағандар, «Біздің соңымыз не болады екен?» деп жылағандар бар еді.

Мен ауылдан шығып кеттім, кетіп бара жатып «Менің соңым не болады?» деп бір жағынан жылап, бір жағынан тәубе етіп бара жаттым. Сағаттар бойы жүрдім. Алыс жерде бір христиан ауылы бар еді, сол жерге келіп қалыппын. Қарасам, ортада бір мәйіт жатыр, айналасында халық жиналған. Бәрі балағаттап жатыр. Мені көргенде «Әли ұстаз, Әли ұстаз, мұнда кел!» деп шақырды. Мен жақындадым. Ызамен жерде жатқан мәйітті көрсетіп: «Мына адам біздің дінімізді жоққа шығарды, сендердің діндеріңді қабылдап өлді, сендер айтатын сөзді (калима-и шаһадатты) айтып, мен мұсылман болып дүниеден кетіп барамын деп өлді. Біз мәйітті не істесек екен, өртесек пе екен деп ойланып тұрған едік» деді. Мен «Қандай жақсы, хақ дінді қабылдап өлген екен, ашуланатын несі бар» деген болсам да, олар ашуланып: «Бұл адам біздің дінбасымыз еді, бізге опазысдық жасады, соңында дінімізді жоққа шығарды, қате жолда жүргенімізді айтты, "Сендер де мұсылман болыңдар, хақ дін – Ислам" дегендей сөздер айтып, бізге насихат айтып мазақ қылды» деді.

Оларға: «Мен білетін көрші ауылда біраз уақыт бұрын сендердің діндеріңді қабылдап өлген біреу бар. Оның да мәйіті ортада қалды. Осы екі мәйітті ауыстырамыз ба?» деген ұсыныс жасадым.

Олар «Тез ауыстырайық» деді. Сөйтіп екі мәйітті ауыстырдық. Олар оны шіркеудің қасындағы өз мазарларына көмді. Біз әлгі мәйітті алып, жуындырып, кебіндеп, жаназа намазын оқыдық, өз мазарымызға жерледік.

Міне осы оқиғадан кейін жылдар бойы жылап келемін. Бір сәтте бір қаладан басқа қалаға ұшып бара алатындай халдерге қауышқан бір мұсылманның өзі соңғы демде алданып жатса, біздің соңымыз не болмақ деп үнемі қорқып келемін. Көп жылауымның себебі осы. Соңғы демде шайтанның айласы көп, бұл айладан құтылу өте қиын.

Ахмед бин Ханбал хазреттері қайтыс боларында қолымен сілтеп, «Жоқ, болмайды!» деді. Ұлы: «Әкешім, не болды, не істеп жатырсыз?» деп сұрағанында: «Шайтан рухыңды менің қолымда тапсыр деп жатыр, мен "Жоқ, болмайды, болмайды!" деп жатырмын» деді. «Әр адамға соңғы бір дем қалғанға дейін қауіп бар. Шайтанның алдауынан сақтық жоқ, бірақ ұстазы дұрыс жолда болған адамның құтылу үміті көп» деді.