Екіндінің сүннетін тәрк ету
Сұрақ: Екінді (аср) намазының сүннетін оқымайтын бір молдадан неге оқымайтынын сұраған кезде «Пайғамбарымыз екінді намазының сүннетін тұрақты оқымайтын, көбінесе тәрк ететін еді. Біз де Оның сүннетін орындаудамыз. Өйткені Оның істегенін жасау, істемегенін жасамау бізге сүннет» деді. Ондай нәрсе бар ма? Жауап: Ондай нәрсе жоқ. Олай ойлау үлкен қателік. Расулуллаһ алейһиссаламның істегенін жасау сүннет, істемегенін жасамау сүннет емес. Ислам ғалымдары «Сауап алып келетін амалды жасау сүннет, сауаптан мақрұм қалдыратын амалды жасау сүннет болмайды» деген. Екі мысал келтірейік: 1) Расулуллаһ ұшаққа мінбегендіктен ұшаққа отырмау сүннет деп айту қате. 2) Расулуллаһ компьютер қолданбағандықтан біздің де компьютер қолданбауымыз сүннет болмайды. Расулуллаһ алейһиссаламның барлық істегенін жасау, істемегендерін жасамау қажет емес. Яғни Расулуллаһқа барлық тұрғыда еру жаиз емес. Өйткені Мәуаһиб-и Ләдуннийа кітабында білдірілгені бойынша, тек пайғамбарымызға ғана тән парыздар мен харамдар бар. Мысалы, құрбандық шалу, сәске намазы, таң намазының сүннеті мен түнгі намазын оқуы, мисуак қолдануы, бір іс жасағанда истишара етуі, жаман істі көрген жерінде және уақытында өзгертуі, бастаған ісін бітіруі тек пайғамбарымызға ғана тән парыздардан еді. Расулуллаһқа тән харамдар да бар. Кітап иесі болған әйелге үйленуі, зекет, садақа алуы харам еді. Бай болса да, зекет беруі парыз емес еді. Енді қазір бір ақымақ шығып, пайғамбарымыз зекет бермейтін еді, мен де оған еріп, сүннет болсын деп зекет бермеймін деп айтуы орынды болады ма? Бұл тақырыпта өте көп мысалдар бар.
Мәуаһиб кітабындағы бірнеше мысалды келтірейік: 1) Расулуллаһ алейһиссалам төрттен артық әйелге үйленген. Оған ұю үшін төрттен артық әйелге үйлену сүннетті орындау болмайды, керісінше харам болады.
2) Расулуллаһ алейһиссаламның жазу жазуы харам еді. Бір аяти кариманың мағынасы мынадай: «Аллаһқа және Оның умми елшісі болған Расулына бағыныңдар да, дұрыс жолды табыңдар.» (Араф 158) Умми – жазу-оқудан ұзақ деген сөз. Расулуллаһқа бағыну үшін жазу жазбау сүннетті орындау болып санала ма?
3) Мирас қалдыруы харам еді. Бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай: «Біз пайғамбарлар мирас қалдырмаймыз. Бізге ешкім мұрагер болмайды.» (Бұхари, Мүслим, Әбу Дауд, Тирмизи, Нәсаи) (Мирас қалдырмау сүннетті орындау болып саналмайды.)
4) Пияз, сарымсақ сияқты иісі жаман нәрселерді жеуі харам еді. Бір хадис шәрифтің мағынасы: «Жаныма періште келетіндіктен, мен пияз, сарымсақ жемеймін.» (Хаким) (Расулуллаһқа ұқсау үшін пияз, сарымсақ жемеу сүннетті орындау болмайды.)
5) Өлең оқуы (ән емес, өлең шумақтарын оқуы) харам. Бір хадис шәриф мағынасы: «Өлең оқу маған харам.» (Әбу Дауд) (Өлең оқымау сүннетті орындау болмайды. Олай болғанда еді, көптеген ғұламалар және әулиелер өлең жазбас еді.)
6) Қарыздар болып қайтыс болған мүминнің қарызын өтеу оған парыз еді. Бір хадис шәриф мағынасы: «Өлген мүминнің қарызы бар болса, оны өтеу менің мойныма парыз.» (Мүслим) (Расулуллаһқа ұқсау үшін барлық өлгендердің қарыздарын өтеуіміз қажет емес.)
7) Расулуллаһтың зекет алуы харам. Бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай: «Біздің зекет алуымыз халал емес.» (Тирмизи, Әбу Дауд) Имам Мүнауи хазреттері былай деген: «Пайғамбарларға зекет парыз емес, өйткені зекет мал-мүліктің кірін тазалау үшін қажет. Пайғамбарлар кірленуден пәк, Олар – жер бетінде Аллаһтың ең сенімді қылып жаратқан адамдары.» (Жамиус-сағир шәрһі) Расулуллаһқа ұқсау үшін бай адамның зекет бермеуі сүннетті ұстану болып саналмайды, харам болады. Осы сияқты мысалдар көп. Расулуллаһ ғайри муәккәд сүннеттерді кейде тәрк еткені үшін біздің де тәрк етуіміз Оның сүннетін орындау емес, Оның әміріне қайшы келу болады. Өйткені Ол намаз оқыңдар деді, намазды тәрк етіңдер демеген.
Сұрақ: Екіндінің сүннетін кейде тәрк етудің зияны бар ма? Сүннеттер оқылмаған парыздарға қосылады ма? Жауап: "Рәддул мухтар" кітабында «Барлық сүннеттер – нәпіл, бірақ барлық нәпілдер сүннет емес» делінеді. Екінді мен құптанның алдындағы ғайри муәккәд сүннеттері басқа муәккәд сүннеттер сияқты нәпіл ғибадаттарға жатады. Парыз намаздардың ішінде сүннеттерде бір нұқсандық бар болса, бұл нұқсандықтар нәпіл намаздармен толықтанады. Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Қияметте әуелі намаздан сұралады. Намаз дұрыс оқылған болса, адам құтылады. Намазы қате болса, жағдайы нашар. Парыз намазында бір нәрсе нұқсан болса, ол нәпілдермен толықтанады.» (Хаким) «Бір адам намазын толықтырмаған болса, ол намаздың үстіне толық болғанға дейін нәпіл намаздары қосылады.» (Дарими) «Намаз, зекет және басқа парыздардағы бір кемшілік нәпілдермен толықтанады.» (Бәйһақи) Адамның дәрежесі қаншалықты жоғары болса да, кемшіліксіз амал жасай алмайды. Нәпілдер орындалған парыздардағы кемшіліктерді толықтырады. Нәпіл оқу парыздардағы кемшіліктерді толықтыратын болғаны үшін әмір етілген. Азаптан құтылу парыздарды кемшіліксіз орындауда. Әсіресе намаз өте маңызды. Өйткені Аллаһу та'ала «Намаз есебінен шыға алсаң, құтылу сеніңкі. Басқа есептерді оңай қыламын» деген. (Умдәт-ул-Ислам) Олай болса, парыз намазынан қазасы болмаған адам парыз намаздардағы кемшіліктерін түзетуі үшін нәпіл намаздарын оқуы керек! Екінді намазының сүннеті ғайри муәккәд болуымен қатар, құнды нәпіл намаздарынан саналады. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Екіндінің парызынан бұрын 4 рәкат намазды оқып жүрген адамға жәннатта бір зәулім сарай бар.» (Әбу Яла) «Екіндінің сүннетін оқып жүрген адамның күнәлары кешіріледі.» (Әбушшәйһ) «Екіндінің сүннетін оқыған адамның денесі тозаққа харам.» (Табарани) «Мунафиқ екінді намазын ақшамға аз уақыт қалғанға дейін кешіктіреді.» (Хаким) «Екіндінің парызының алдында төрт рәкат оқыған адамға Аллаһ мейірім көрсетсін!» (Тирмизи) Сүйікті пайғамбарымыздың дұғасы әлбетте қабыл болады. Олай болса, бұл дұғаға жету үшін екінді намазының сүннетін тұрақты оқып жүруге тырысу керек. Өйткені Аллаһтың дәргейінде ең ұнамды амал – тұрақты болғаны. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Аллаһ дәргейінде ең құнды амал – аз болса да, тұрақты болғаны.» (Бұхари) «Ей, адамдар, шамаларың жеткенше амал жасаңдар! Сендер жасаған амалдан жалықпағанша Аллаһу та'ала сендерге сауап беруге жалықпайды. Аллаһқа ең көп ұнамды болған амалдардың бірі – аз, бірақ үздіксіз жасалған амал.» (Мүслим) Арасы үзіліп жасалған амалдар Аллаһтың дәргейінде ұнамды болмайды. Тіпті Аллаһу та'аланың жазғыруына душар болады. Хадис шәрифте былай делінген: «Кімде-кім бір ғибадатты Аллаһ үшін тұрақты жасап жүргенде жалығып, бұл амалды тәрк етсе, Аллаһу та'ала оны қатты жек көріп қалады.» (Ибн Сүнни) Аллаһу та'аланың ашуы қатты. Бір зәрулік болмағанша ғибадатты кейде жасап, кейде тәрк етіп жүрмеу керек. Хақ та'ала міндетті түрде амалдың көп болуын қаламаған, «Салих амал істеңдер» деген. Аз болса да, тұрақты болған салих амалдарды жақсы көреді. Олай болса, Раббымыз жақсы көретін амалдарды орындауға тырысуымыз керек. (Әнуар-ул Құдсийа) |