Жақсылар жатса, жамандар басқа шығар
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: Жақсы адамдар міндеттерін орындамайтын болса, жамандар әрдайым басқарушы болады. Демек, жамандықтан құтылу үшін жақсы адамдардың жақсылап еңбектенуі қажет. Ниетімізге және амалдарымызға қарауымыз керек. «Мұны не үшін істедің?» сұрағы ахиретте сұралады. Бұл сұраққа дайындалу керек. Мұның жауабы екі түрлі – не Аллаһ үшін, не нәпіс үшін! Ислам ғалымдарының кітаптарын оқығанда өзіміз оқып жатқандай емес, сол ғалымдар айтып беріп жатқандай тыңдасақ, көбірек пайдаланамыз. Өмір – қиял, қиялмен әуре болмау керек. Мұсылмандардың ілім үйренуі қажет. Адам не үшін жаратылғанын ұмытса, жануардан бетер болады. Әулиеге деген сүйіспеншілік жүрекке кірсе, дүниеге деген сүйіспеншілік ол жүректен шығып кетеді. Иман ниғметінің шүкірін орындау үшін хубби филлаһпен абыройлану қажет. Бір-бірімізді ренжітуден қорқуымыз керек. Жүрегі (көңілі) ауру болмаған адамда бір белгі бар, ол белгі – хубби филлаһ, буғди филлаһ. (Яғни Аллаһу та'аланың жақсы көргендерін жақсы көру және Аллаһу та’аланың жақсы көрмегендерін жақсы көрмеу.) Жүректен жүрекке жол бар. Басты мәселе – сол жолға қол жеткізу. Сол жолға қол жеткізген адам Аллаһ достарымен бірге болады. Түнде де, күндіз де бірге болады. Қуанышты уақыттарда да, қиыншылықта да, дүниеде де, қабірде де, ахиретте де бірге болады. Жақсы көрген кезде бірге болу осындай болады! Мына бес нәрсе адамның бақытынан: 1) Жұбайының түсінігі бар және бағынғыш болуы, 2) Балаларының тілалғыш болуы және құрметтеуі, 3) Достарының таза және ақкөңіл болуы, 4) Көршілерінің жақсы болуы, 5) Күнкөрісінің өз мемлекетінде болуы. (Бұл жерде өз мемлекеті дегеніміз – туылған жері деген мағынада емес. Жұмысы жақсы болған, салих достары көп болған, дінін еркін ұстана алған жер деген сөз.) Мына алты қасиетке ие болған әйел шынымен де жақсы (салиха) әйел сипатына қол жеткізеді: 1) Бес уақыт намазға қатты мән беруі, 2) Күйеуін жақсы көріп, оған бағынуы, 3) Барлық ісінде Аллаһтың разылығына қарауы, 4) Адамдарды жамандаудан және сөз тасудан сақтануы, 5) Дүниелік заттарға қарсы тақуа және қанағатшыл болуы, 6) Қиыншылықтарға сабыр мен тұрақтылық көрсетуі. Осындай жақсы әйел – діннің тірегі, жанұяның негізі, ғибадаттарды орындауда қолдаушы және жәрдемші. Мұның терісі болған әйел жақсы әйел бола алмайды, өзі күлсе де, күйеуін қор қылады. Әулиелердің рухтарынан пайдалана алу үшін кейбір шарттар бар: 1) Тану, білу: Түрін немесе есімін білу емес, мүршид-и кәміл екенін білу және қабыл ету. 2) Сену: Барлық сөзінің және ісінің Ислам дініне сай екеніне сену. 3) Жақсы көру: Бұл бағыну арқылы, ұнатып оның жолымен жүру арқылы іске асады. |