21 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     23 - Қараша, 2024 жыл.   


Мұхаммед Масум Фаруқи

Мұхаммед Масум Фаруқи хазреттері әулиелердің ең танымалдарынан. Имам Раббани хазреттерінің үшінші баласы. Силсилә-и алийаның жиырма төртіншісі. Үндістанның Сарханд қаласында туылды.

Әлі үш жасар кезінде калима-и тәуһидті айтатын еді. Құран кәрімді қысқа уақытта жаттап алды. 11 жасында зікір мен мурақаба жолын әкесі Имам Раббани хазреттерінен алды. Әкесі оның қабілетін байқап: «Хал – ілімдерден кейін келетіндіктен, алдымен ілім оқу керек» деп айтып, ұлына ақли және нақли ілімдерді оқыта бастады. Оған «Ілім үйренуді тезірек бітір, әлі екеуіміздің үлкен жұмыстарымыз бар» деді. 14 жасында әкесіне «Өзімде бір нұр байқаймын, бүкіл әлем күн секілді одан жарық алуда» дегенінде, әкесі: «Сен заманыңның құтыбы боласың» деген сүйіншіні айтты. Кейінірек өзі «Аллаһу таалаға хамд болсын! Әкемнің сүйіншісіне қауыштым» деген.

16 жасында бүкіл ілімдерді меңгеріп, тасаууфқа бет бұрды. Әкесінің фәйздеріне қауышты. Өзі «Сол сырлар теңіздерінің сүңгуірі болдым» деген. Өте жоғары дәрежелерге қауышып жетілгені соншалық, оның берекеті мен фәйздері бүкіл әлемге жайылды. Ислам тарихында хидаяты оныңкіндей кеңінен тараған ғалым мен мүршид байқалмаған. 900 мың адам оған шәкірт болды, шәкірттерінен 140 мыңы әулиелік мәртебелерге қауышып, 7 мыңы мүршиди кәмил болды. Шәкірттері оның құзырында кейде бір айда, кейде бір аптада әулие болатын. Кейбірлерін бір тәуәжжүһпен дәрежелердің барлығына бірден жеткізетін еді.

Әкесі өмірінің соңғы күндерінде оған «Менің бұл дүниеде қалуым тек қаййумдық міндеті себебімен еді. Бұл міндет бұдан былай саған берілді. Бұл дүниеден көшуім жақындады» деген.

Шәкірттерінен Мұхаммед Ханиф Қабили ұстазының химметімен өте жоғары марифеттерге қауышты. Ұстазынан ижазат (диплом) алып, отаны Қабылға оралды. Халыққа ілім үйрете бастады. Оны көре алмайтындар шықты. Бір топ адам келіп оған: «Бір керемет көрмегенше саған сенбейміз. Біз дастархан дайындап жатырмыз, сенің ұстазыңды шақырамыз. Бүгін кешкі асқа Сархандтан Қабылға бір сәтте келуін күтеміз. Егер келсе, бәріміз сенің шәкіртің боламыз» дейді. Ал негізінде Сархандтан Қабылға бір айда да келу мүмкін емес еді. Қожа Мұхаммед Ханиф ұстазына деген байланысының беріктігінен мұны қабыл етіп, «Ұстазым кешкі асты құптан намазынан кейін жейді. Сол уақытқа дайындала беріңіздер, келеді деп үміттенемін» деді.

Ол жердегілер күле бастады да, мазақ қылғансып дастархандарын дайындай бастады. Уақыт болғанда әлгі адамдар «Құптан уақыты келді, тамақ жей берейік» деді. Мұхаммед Ханиф «Тамақты әкеле беріңдер, ұстазым әдетте осы уақытта тамақ жейді» деді. Ол жердегілер тамақты алып келе жатқанда Мұхаммед Масум хазреттері алты баласымен бірге үйдің есігінен кіріп келді. Өздеріне дайындалған жерге отырды. Әлгі адамдар бұған куә болғаннан кейін істегендеріне өкініп, кешірім сұрауға мәжбүр болды. Мұхаммед Масум хазреттері «Тек Мұхаммед Ханифтың құрметі үшін ғана келдім, әйтпесе мақсатым сендерге сендіру емес. Әулиеден керемет сұрауға болмайды» деді. Бәрі бірге тамақтана бастады. Ол жердегілер Мұхаммед Масум хазреттерінің сұхбатының берекесімен көңілдеріндегі қаралықтан құтылды. Оның шәкірттерінің қатарына қосылып, бақытқа кенелді.