Құрбандық малға қалай ортақ болады
Cұрақ: Құрбандықты ортақтаса союдың шарттары қандай және не нәрселерге мән беру керек? Жауап: Біршамасы мыналар: 1- Ортақ адамдардың бәрі мұсылман болуы, құрбандық және ғибадатқа ниет етуі және әр бірінің үлесі жетіден бір бөліктен аз болмауы шарт болып табылады. Тек ет үшін қосылған адам бар болса және бұл ойы мәлім болса, ешқайсысының құрбандығы сахих болмайды. Ортақ адамдардың бір бөлігі өлген болса, немесе алжыған болса зияны болмайды.
2- “Мутлақ нәзір” үшін ортақтаса союға болмайды. Яғни ортақ адамның біреуі белгілі бір малды, мәселен “мына мүйізі бар қошқарды соямын” деп атаған болса, яғни нәзр еткен болса ол адам оның орнына басқа мал соя алмайды, атаған құрбандығы ретінде басқа малға ортақ бола алмайды. Ортақ адамдардың біреуінің өткен жылы соймаған құрбандығына ниет етуі жаиз болмайды. (Мутлақ нәзір: Бір шартқа байланысты болмай аталған нәрсе.)
3- Бір сиырды немесе түйені жеті адамға дейін мұсылман және балиғат жасына толған адамдар ортақтаса, сатып алып союына болады. Бұларға нәзір немесе ақиқа құрбандығын да қосуға болады.
4- Бай адамның сатып алған сиырына кейіннен ортақ болып қосылу жаиз болса да мәкрух болады. Мәкрух болмауы үшін сатып аларда 7 адамға дейін ортақ боламыз деп ниет ету керек. Бір қаулы бойынша кедей құрбандық шалу үшін бір сиыр сатып алса кейіннен басқа адамдарды ортақ етіп қоса алмайды. Оның алғаны нәзір үкіміне кіреді.
5- Бір сиырды ең көп 7 адам соя алады. Бір сиырға 3, 5, 7 секілді тақ санды кісілер ортақ болу керек деген шарт жоқ. 2, 4, 6 секілді жұп мөлшерде де болады. Бірақ барлық істердің тақ санды болуына мән беру жақсы болады, өйткені бұл зауаид сүннеті болып табылады. Хадис шәрифте былай делінеді: «Аллаһу та’ала бір (яғни тақ), тақ мөлшерді негізге алғандарды жақсы көреді. Ей әһли Құран тақ сандарды негізге алыңдар!» (Тирмизи)
6- Етті таразға тартып тең мөлшерде бөлісіп алу керек. Майы, ішек-қарын, өкпе бауыр секілді жеуге болатын барлық мүшелерін бөлу керек. Таразға тарпастан бөлісіп халалдасу жаиз емес, фаиз болады. Жеті адамның төртеуіне етімен бірге бір-бір тұяқтан, бесіншісіне етімен бірге терісі, алтыншысына етімен бірге басы берілсе, таразға тарпастан бөлісу жаиз болады. Жетіншіге ешнәрсе беру керек емес.
7- Жеті адам, құрбандық сиырды бір кісіге беріп, «Союға сойдыруға, етін қалағаныңша қолдануға сені жалпыға бірдей уәкіл еттік» десе, уәкіл кісі етті бөлместен барлығын кез-келген бір адамға бере алады немесе таразға тартпастан ортақ адамдарға көз жобамен бөліп бере алады.
8- Ас үйлері бір болған ерлі-зайыптылар немесе әкемен бала да сойған құрбандарын таразға тартып бөліседі. Бөліскеннен кейін бірі екіншісіне қаласа етінің барлығын сыйға (хәдия) беруіне болады. Бөліспей тұрып сыйға бере алмайды. Немесе жоғарыда білдіріліген жолдармен таразға тартпастан да бөлісуге болады.
9- Біреуі нәзір, бірі ақиқа, бірі уәжіп, бірі нәпіл, бірі өлі үшін, бірі пайғамбарымыз үшін құрбандық ретінде бір сиырды союға болады. Ақиқа, уәжіп, нәзір барлығы ортақ бола алады. Жеті адамға дейін ортақ болу жаиз. Тек өзі үшін алып, кейіннен басқа адамдарды ортақ қылып қосу мәкрух болады.
10- Бір сиырды ең көп 7 адам соя алады. Жетіден көп адам бір немесе бірден көп сиырға ортақ бола алмайды. Мәселен 8 адам 7 сиырға ортақ болып сатып алулары жаиз емес. Өйткені әрбір малда әрқайсысының үлесі бар. Әрбір адамның үлесі жетіден бір бөліктен кем болмауы тиіс. Сол секілді 10 адамның 15 сиыр сатып алып құрбандық шалуы жаиз болмайды. Өйткені 15 сиырдағы 10 адамның үлесі оннан бір бөліктен түседі. Ал оннан бір бөлік, жетіден бір бөліктен аз болып табылады. Сол секілді 3 адам ортақтаса 9 қойды сатып алып құрбандық шалуы жаиз болмайды. Өйткені үш адам 9 қойдың үштен бір бөлігіне ортақ болады. Ал бір қойды тек қана бір адам соя алады. Бірден көп адам бір қойды ортақтаса сатып алып құрбандық ретінде союы жаиз болмайды.
Кейіннен ортақ болып қосылу Сұрақ: 4 адам болып ортақтаса бір сиыр алдық, кейіннен бұған тағы үш адам қосуға бола ма? Жауап: 4 адам болып сатып аларда 7 адамға дейін ортақ боламыз деген оймен алған болсаңыз онда болады, олай ниет етпеген болсаңыз мәкрух болады. Мәкрух болмауы үшін оны басқа біреуге сату керек немесе іштеріңнен біреуің сатып алуға болады. Ол адам аларда 7 адам ортақ боламыз деген ниетпен алса, 7 адам ортақ бола алады.
Сұрақ: Құрбандық союы уәжіп болған үш бай адаммен, уәжіп болмаған бір кедей адам қосылып бір сиырды ортақтаса союға бола ма? Жауап: Иә болады.
Сұрақ: Құрбан айтта танымайтын кісілердің алған сиырына ортақ болып қосылуға бола ма? Жауап: Кім екендігі белгісіз адамдармен ортақ болмау керек, іштерінде Аллаһ разылығы үшін емес, ет үшін сойғызып жатқандар бар болса, ешқайсысының құрбандығы сахих болмайды. Ниеті белгісіз болса, онда жауапты болмаймыз. Сондықтан танитын, салих адамдармен ортақ болу керек.
Сұрақ: Шафии мазһабында құрбандық шалу уәжіп болмағаны үшін, ортақ адамдардың ішінде біреуі Шафии болуы қалай болады? Жауап: Ортақ адамдардың мазһаб өзгешелігінің құрбандыққа әсері жоқ. Оның сойғаны сүннет болады. Ақиқа сойған адам да, өлі үшін сойған адам да құрбандыққа ортақ бола алады. Мұсылман емес адам және тек ет үшін сойдыратын адам ортақ бола алмайды.
Сұрақ: Үш адам ортақ болса, бірақ үшеуі үш түрлі мөлшерде ақша берсе, құрбандықтары сахих бола ма? Мәселен 70 000 теңгеге бір сиыр алып, біреуі 20 000 теңге, екіншісі 10 000 теңге, үшіншісі 40 000 теңге қосса, және етін қосқан ақшасына қарай бөлсе жаиз бола ма? Жауап: Ең аз берген үшінші кісінің қосқан ақшасы жетіден бір бөлігінен аз болмағаны үшін жаиз болады. Етін бөліскенде үшінші кісі жетіден бір бөлігін, екінші кісі жетіден төрт бөлігін, бірінші кісі жетіден екі бөлігін алады. Барлығы жеті бөлікке бөлінеді. Ортақтардың біреуі 10 000 теңгеден аз ақша қосқанда, яғни жетіден бір бөлігінен аз ақша бергенде онда сахих болмайтын еді.
Сұрақ: Құрбандық сиырға жеті адам ортақ болса, ортақтардың біреуінің ақшасы жоқ болып, басқа біреу мен сенің орныңа төлеймін десе, яғни әркім өзі үшін төлеп бір адам өзініңкін және ақшасы жоқ адамдікін де төлесе, ақша төлемеген адам құрбандық сауабын ала ма, яғни құрбандығы сахих бола ма? Жауап: Иә сахих болады. Бір адам құрбандық сиырды жеті адамға сыйға берсе, ол жетеуі де ешқандай ақша шығармастан сойса, бәрінің құрбандығы сахих болады. Құрбандық үшін ақша шығарған болу шарт емес. Біреудің сыйға берген малын да құрбандық шалуға болады. Уәжіп сауабын алады және құрбандық борышынан да құтылады. Сұрақ: Екі ағайындылар бір тана сатып алған екен. Бұлар балалары үшін қазірге дейін ақиқа соймаған екен. Ақиқаның мүстаһаб екенін енді біліпті. Алған бұл құрбандық танаға балаларының ақиқасын да қосуға бола ма? Нәзірі бар адам да, осы секілді нәзірін қосып союына бола ма? Жауап: Ақиқа, уәжіп, нәзір барлығын қосуға болады. Бірақ малды алар кезде жеті адамға ортақ болу ниетімен алу керек. Тек өзі үшін алып кейіннен басқа адамдарды ортақ етіп қосу мәкрух болады. Сұрақ: Қасапшыға сойғаны үшін ақша береміз. Бұл ақшаны ортақтардың ішінен бір кісі бере салса, яғни барлығының беретін үлесін бір өзі берсе, немесе бұл кісі соймастан бұрын немесе кейін қалғандардан жинап алса немесе алмаса құрбандыққа зияны бола ма, сахих бола ма? Жауап: Барлығы да жаиз болады. Бір кісі төлеп қалғандардан алады немесе қаласа алмаса да болады. Сұрақ: Айтта өзім, анам, әкем, жұбайым және үш үлкен ұлыма, яғни жеті кісі үшін бір сиырды құрбандық шалмақшымыз. Бәрінің құрбандық ақшасын мен беремін. Бір құрбандықтың құны болған ақшаны оларға беріп, кейін олар өздері үшін құрбандық союым үшін маған сыйға беруі керек пе? Жауап: Сіз оларға немесе олар сізге ақша беруі керек емес. Тек әр бірі “мен үшін бір құрбандық союға немесе сойдыруға сені жалпыға уәкіл еттім” деп айтулары жеткілікті. Уәкіл – адамның өзі секілді болады, яғни өз ақшасымен де соя алады.
Сұрақ: Жеті адамдық ортақтардан біреуі бала, атеист немесе пасық болса мұндай құрбандық жаиз бола ма? Жауап: Кәпір немесе бала болса, құрбандық сахих болмайды. Пасықпен ортақ болу жаиз болғанмен, пасық ғибадатқа емес, етке ниет етуі мүмкін, бұл жағдайда да құрбандық сахих болмайды. Пасыққа сеніп болмайды. Ықтиятты болу үшін пасықтармен ортақ болмаған жөн. Сұрақ: Үш адам бір қошқарды нәзір етуіне бола ма? Жауап: Жоқ болмайды. Құрбандық ретінде де, нәзір ретінде де бір қошқарды тек бір ғана адам соя алады.
|