19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Салауат – бұл қабыл болған дұға

Салауат – бұл қабыл болған дұға

Кейбір уақыттардағы дұғалар құндырақ келеді. Он бір айдың сұлтаны болған осы қасиетті айда, әсіресе соңғы он күнінде жасалса, қабыл болу ықтималы одан да артады.

Дұға етудің жеке өзі ғибадат болып саналады, сауап болады. Раббымызбен бірге болуға жол ашады. Хадис құдсида айтылған: «Құлым мені қандай деп білсе, оған солай қараймын. Маған дұға еткен кезде онымен біргемін.» Қабыл болмаса да бұл ниғмет бізге жеткілікті еді, бірақ қабыл болмауы мүмкін емес. Бір хадис шәрифте: «Аллаһу та'ала кәрім (жомарт), жайылған қолды бос қайтаруды қаламайды» делінген.

Тағы бір риуаят бар, жасалған дұғаларға қайтарым ретінде үш нәрсенің бірі беріледі: Дереу қабыл болады, сұрағанындай беріледі немесе кешіктіріледі, кейіннен беріледі. Сұраған нәрсесі ол үшін дәл сол сәтте жақсы болмауы мүмкін. Қант диабетімен ауыратын науқастың тәтті сұрауы сияқты. Немесе дүниеде мүлдем берілмейді, бірақ ахиретте оған сауап ретінде беріледі және оған «Сен дүниеде дұға еткен едің, қабыл болмаған еді, міне мына сауаптар соның қайтарымы» делінеді. Осыған орай сахабалар (алейһимурридуан): «Олай болса, біз көп дұға етеміз» деді. Сонда сүйікті пайғамбарымыз (алейһиссалам) айтты: «Ол да сендерге көбірек береді.»

Дұғалардың қабыл болуы үшін халал азық жеуіміз керек... Әулиелерімізден Әбу Исхақ хазреттері бір саяхаттан қайтып келе жатқанда алдынан екі адам тым абыржыған күйде қарсы алады да, айтады:

- Өте үлкен қиыншыққа тап болдық, өміріміз қауіпте. Біздің бастықтың екі аты бар еді, ақырларынан босап, қашып кетті, енді тауда жүр, оларды ұстап алмасақ, екеумізді де жазалайды. Аттарға жақындасақ қашып жатыр. Не істерімізді білмей жатырмыз.

Мұны тыңдаған әулие кісі атынан түсіп, екі рәкат намаз оқып, қолдарын жаяды да, дұға етеді. Жайылып тұрған қолдарын әлі түсірмей тұрғанында-ақ аттар өздері келіп, бағынады. Мұны көрген әулиенің шәкірті:

- Ұстазым, бұл қандай дұға еді? Мұны бізге де үйретіңізші, біз де қажетті жағдайларда осы дұғаны оқиық, - дейді, сонда мынадай жауап алады:

- Бұл дұғаның осылай дереу қабыл болуының себебі – отыз жыл бойы аузымнан харам азық өтпегені үшін.

Қайғылы жүрекпен жасалған дұғалар тезірек қабыл болады. Жалбарынып дұға ету керек, мұқтаж және әлсіз екенімізді ойлауымыз керек. Құл өзін қаншалықты кіші санап, қарапайым болса, Аллаһу та'аланың алдында соншалықты көтеріледі.

Дұғаның алдында тәубе етіп, Раббымызды мадақтап, салауатпен бастау керек. Соңында тағы да салауат айтқан жөн. Салауат – қабыл етілген дұға. Раббымыз періштелерімен бірге сүйікті пайғамбарымызға салауат айтады.

Бір дұғаның басы қабыл болып, соңы да қабыл етілсе, ортадағыларының да соның құрметіне қабыл болатынына үміт бар...